ҚАЗТЕСТ тіл үйренуді жеңілдете түсуде

«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды»  дегендей, жас ұрпаққа саналы,  өнегелі тәрбие мен білім беру бүгінгі күннің басты талабы. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет» – деген болатын.

Үш тілде оқыту – заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Көп тіл білу біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады.  
Тіл – белгілі бір ұлттың ұлттық сана-сезімі, халықтың халықтық қасиеті, оның жалпы тарихы, әдет-ғұрпы, мәдениеті қатарлыларды тұтастай өз бойына қамтып жататын күрделі ұғым.      
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы  дәстүрлі Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлығы» жобасын іске асыруды жеделдетуге ерекше мән береді. Сонымен қатар, қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударады. Сондықтан, қазақ тілін тереңдетіп оқыту, көптілділікті меңгеруді жолға қою – бүгінгі күнгі негізгі бағыттардың
бірі.
Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығында осы бағытта жұмыстар жасалып жатыр. Ұжымда өз ісін жақсы меңгерген білікті мамандар жұмыс істейді.     Ұжымның шығармашылық тобы  ҚАЗТЕСТ негізінде мемлекеттік тілді оқыту әдістерін жетілдіру мақсатында жыл сайын  ауқымды істер атқаруда. Мекемелер мен ұйымдар басшыларының өтініші бойынша оқыту-әдістемелік орталығында оқытушылардан құрылған арнайы комиссия тобы әр апта сайын  ҚАЗТЕСТ негізінде тест  қабылдайды.
Ақмола  облыстық оқыту-әдістемелік орталығы мемлекеттік тілді сапалы жүргізу үшін барлық жағдай жасап, оқытушыларды жоғары деңгейде әдістемелік құрал-жабдықтармен, қосымша әдеби  кітаптармен, бейне, үнтаспа материалдармен қамтамасыз етуде.       
Жылдық жоспарға сәйкес, орталықта  әртүрлі әдіс-тәсілдер пайдаланып, мазмұнды ашық сабақтар өткізіледі.  Айман Тоқышева, Салтанат Мағажанова, Қарагөз Жамұханова, Гүлсім Ысқақова, Динара Орлова  сияқты  оқытушылар сапалы сабақ беру әдіс-тәсілдерін жақсы меңгеріп, өз ісінің маманы ретінде жемісті жұмыс істеуде. Оқыту-әдістемелік орталықтың ағылшын тілі оқытушысы Дина Нұрпейісова өткен жылдың  жаз айында Кипрде өткен  халықаралық мамандандыру курстарында білімін жетілдіріп, сертификат алып қайтты.      
«Тілі бірдің – тілегі бір», «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп текке айтылмаған. Тіл ел мен елді, ұлт пен ұлтты жақындастырады. Көпұлтты еліміздің басты байлығы – бірлігіміз бен татулығымыз десек, үш тұғырлы тіл саясатының астарында көп тілді біліп, меңгеруге деген ұмтылыс   жатқанын естен шығармауымыз
керек.

Зайра  ЖАЙЛАУБАЕВА,  
Ақмола облыстық
оқыту-әдістемелік
 орталығының оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар