Шығармашылық жолына 50 жыл

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімованың қатысуымен Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, белгілі қаламгер Төлеген Қажыбайдың шығармашылық өмірінің 50 жылдығына арналған кездесу кеші өткізілді.

 

Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға зиялы қауым өкілдері жиналып, қаламгердің қуанышын бөлісті. Кешті қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы, ақын Серік Жетпісқалиев жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова Төлеген Қажыбайдың шығармашылығымен етене таныстығын, оның қаламынан туған дүниелерді оқып өскенін, ел ағасын қатты құрметтейтінін, сапарға шықса қаламгер ағасының батасын алмай кетпейтінін тебірене әңгімеледі. Содан кейін ақынға сый-сияпат жасап, гүл шоқтарын тапсырды. Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл құттықтау сөзінде ақынның қаламының қуатын, қайыспас қайсар рухын айтып, Төлеген Қажыбайды маздап жататын  жанартауға теңеді. Аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдың арғы атасынан бастап, өзіне дейінгі шежіресін тарқатып берген әдебиетші-ғалым Аманжол Есмағұлов болды.  Ол замандасымен бір үзім нанды бөліп жеген сонау пансионатта бірге оқыған кездегі естеліктерімен бөлісті.
Облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа  өзінің құттықтау сөзінде ақынмен бір елдің тумасы екенін айта келе,  қаламгердің кең тынысты шығармашылығы жайлы ой толғады. Облыстық «Акмолинская правда» газетінің тілшісі Дәулетжан Ахметжанов, «Көкше-медиа» серіктестігінің директоры Жалғасбек Сүлейменовтер де осы тұрғыда жылы лебіздерін білдірді.
Байырғы кітапханашы Сейфат Серікбайқызы Төлеген Қажыбайдың 1992 жылдан бері баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларын табыс етіп, ақ тілегін жолдады. Ардагер ұстаз Таңсық Жұрынқызы «Төлеген Қажыбайдың ақындығына қоса оның тамаша әнші екенін де айтып өтті.
Қолөнерші, ақын Шәмшия Айтжанова ақынның «Соғысқа қарғыс» атты өлеңін жатқа оқыды. Шахмет Құсайынов атындағы облыстық музыкалық-драма театрының директоры Марал Жақыпова қаламгердің драматургиясына тоқталып, осы салада да өнімді еңбек етіп жүргенін жеткізді. Кеш соңында автор барша оқырмандарына жүрекжарды алғысын
білдірді.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар