Түсінген біледі

Көкшетау қаласындағы есту және тіл кемістігі бар балаларға арналған №4 облыстық арнайы түзету мектеп-интернатының оқушылары Гиннестің рекордтар кітабына енгізілуі мүмкін.

Бұл жаңалықты мектеп басшысы Светлана Никулина оқу орнының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік концертте хабарлады. Светлана Николаевнаның айтуынша, концертте есту және сөйлеу кемістігі бар 120-дан астам жасөспірім алғаш рет өнер көрсетті. Әңгіме барысында мектеп басшылығының қазіргі уақытта Гиннес рекордтар кітабына осы оқиғаға орай, арнайы сұраныс жібергені белгілі болды. Бірақ, жауап әлі жоқ. Дегенмен, мектеп ұжымы мен оқушылардың үміттері зор.
Мектептің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын оқушылардың өмірден түңілмей, ешбір қиындыққа мойымай өмірді сүюге шақыратын биімен басталды. Жиылған қауым көзіне жас алып, өнерді тамсана тамашалады. Өнерпаздардың кемістігі болғанымен, сахнаға шыққан кезде кәдімгі балалардан еш айырмашылығы жоқ. Тіпті,  талантты да дарынды екені бірден анық. Бүлдіршіндер ым-ишарамен жеткізді. Әсіресе, жүректі тебіренткені  оларға ананың дауысын есту – арман болып қалатыны.  Балалардың есту және сөйлеу кемшіліктері болса да, концерт қошеметке толы болды. Әсіресе, жеткіншектердің үнсіз ән айтып, би билегендерін көргенде жүрегің езіліп кетеді екен. Ым-ишарамен ән айту өнерін көрермен аса жылы құрметпен қабылдады. Балалар би билеп, көрініс қойып, көрерменге өнердің өміршең екенін паш етті.
Барлық өнерпаздардың өнер талғамы өте биік. Соның ішінде жүрекке жылы қонып, патриоттық рух оятқан Абылай ханның балалық шағын суреттейтін «Жұмбақтас туралы аңыз» көрінісі. Бұл қойылымға балалар ерекше дайындалып, шын жүрегімен қатысқаны көрініп-ақ тұрды. Статистика мәліметтеріне үңілсек, дүние жүзінде әрбір тоғызыншы адамның есту кемістігі бар екен. Олар басқа әлемде өмір сүргенмен, тура біз сияқты арманы мен мақсаты бар, болашаққа зор үмітпен қарайтын жандар.  

Алма НЫҒМЕТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар