Жасыл желек – жан тынысы

Облыс әкімі Сергей Кулагин мереке алдында Көкшетау қаласының бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарын аралап көріп, облыс орталығын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын ширақ жүргізу жөнінде қосымша міндеттерді белгіледі.

Өңір басшысы алдымен, Абылай хан даңғылындағы № 30 үйдің ауласында болып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жұмыстың жобалық-сметалық есебін «Инженер Дор Проект» серіктестігінің жобалық ұйымы жасаған. Құрылыс-монтаж жұмыстарының сметалық құны 11 миллион 808 мың 881 теңгені құрайды. Аула аумағын жөндеу жұмысында жолды қалпына келтіру, Абылай хан даңғылына дейінгі жаяу жүргіншілер жолына бедертас төсеу және жасыл аймақты қоршау қарастырылған. Облыс басшысы өз сөзінде әсіресе, ауланы тәртіпке келтіру қажеттігін атап өтті.
– Автокөліктер тұрған жерде өсімдік өспейді. Сондықтан, бұл жерге асфальт төсеп, көлік тұрағына айналдыру қажет. Кір жаятын арнайы орын болуы тиіс. Ағаштардың саясындағы тұрғындардың демалыс орнына тиіспеу керек. Ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарына тұрғындарды да тарту қажет, – деді бұл орайда, облыс әкімі. «Ақбас» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Вера Бейсембаеваның айтуынша, ауладағы бірқатар тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аула аумағын абаттандыру жұмысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалыпты.
Өңір басшысы «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» серік-тестігінде болып, ауыл шаруашылығы техникаларын аралап көрді. Бұл компания «Вираж-Холдинг» серіктестігінің құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы техникаларын құрастырып, сатумен айналысатын кәсіпорын нарықта 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өткен жылы серіктестік қырық төрт түрлі 2013 техника құрастырыпты. Кәсіпорын Ресей, Украин және Беларусь республикаларындағы машина жасау зауыттарының дилері болып саналады. Өнім «Вираж» автосалондарының жүйесі, мемлекеттік холдингтер және тендер арқылы сатылады. Бұл техникаға «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы», «КЕГОК» пен «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамдары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдері және оқу орындары тарапынан сұраныс көп. Облыс басшысы көрмеде тұрған техникалардың сапасы мен бағасына назар аударды. Сондай-ақ, өңір аумағындағы жолдарда 40 тонналық жүк көліктерінің жүруіне тиым салынғанын айтты.
Облыс әкімі «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында болып, салынып жатқан екі цехты аралап көрді. Цехтардың құрылысына 4 миллиард теңге инвестиция тартылған. Мұнда пластикалық құты жасайтын шетелдік қондырғылар қойылыпты. Кәсіпорын минералды су, газдалған және газдалмаған сусын және алкогольдік өнімдер өндіреді. Акционерлік қоғамның президенті Мұрат Ахметов биылғы жылдың бірінші тоқсанында 1036 миллион теңгенің алкогольдік өнімін, 1104 миллион теңгенің алкогольсыз өнімін өндіргендерін, биылғы жылы кәсіпорынға 729 миллион теңгенің инвестициясы тартылғанын айтып өтті. Өңір басшысы өндірілген өнімнің сапасы мен бағасына назар аударды. Мұнда 400-ден астам адам жұмыс істейді.
Облыс басшысы «Көктем» шағын ауданы бағытындағы тас жолдың Қопа көлін жиектейтін тұсына тоқтап, отырғызылған ағаш көшеттеріне назар аударды. Өткен жылы отырғызылған ағаш көшеттерінің 30-40 пайызы өспей қалғанын, осыған байланысты көктемде ағаш отырғызатын он күнді тиімді пайдаланып, кей жерлерде үлпек шашпайтын терек отырғызу қажеттігін айтты. Жұмыс сапары соңында облыс әкімі Науан Хазірет атындағы орталық мешітте болып, жамағаттың хал-жағдайын сұрастырып білді.
Суреттерде: облыс әкімі «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» серіктестігінде; қарағай көшеттері егілген Қопа көлінің жағалауы.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар