Махаббат – мәңгі ертегі

Таяуда облыс орталығының мәдени өмірінде айта қаларлықтай оқиға болды. Биыл құрылғанына алпыс жыл толып отырған Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің «Драма театры әртісі» мамандығы бойынша төртінші курста білім алып жатқан шәкірттері Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясын қазақ тілінде сахналады.

 

Қойылымның режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов. Көзі қарақты көрерменнің назарына ұсынылған қойылым ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және аталмыш оқу орнының 60 жылдығына арналып отыр.   
Ақсүйек өнердің ықыласты көрермендері премьераны жоғары бағалады. Сахнада тәжірибесі толысқан, шеберлігі жетілген театр актерларынан сынықсүйем кемдігі жоқ жас толқын тамаша өнер көрсетті. Қойылымның басты рөлдерін сомдаған Нариман Егінбек пен Арайлым Қырғабақованың үлкен сахнадағы алғашқы аяқ алыстары сүйсіне атап өтерлік. Сондай-ақ, Монтекки рөлін сомдаған Еркебұлан Байжұма, Леди Монтекки рөліндегі Қарлығаш Әбдірахмановалар да өздерінің бойларындағы жаңа ғана бүршік жарып келе жатқан таланты мен талабын жақсы көрсете алды.
Жас актерлардың образға дендеп ену, кейіпкерлердің өн бойындағы шиыршық атқан, арпалысқан сезімдерді, қимыл-қозғалысы, жүздеріндегі рең арқылы көрсетуі көңілге қонымды.
Қойылым бірден алабұртқан сезіммен басталады. Тақырыбы да мәңгілік. Бір-бірін өліп-өшіп сүйген, ғашық болған жас жүректер. Бақытқа барар жолдағы бөгесін. Бірақ, ол бөгет тосқауыл бола алмайтындай. Сүйген жүрек қауышардай, мәңгілікке табысардай. Бірақ, мынау жарық дүниеде жаралы жүрек аз ба? Ақ адал сезімнің жетегінде үлбіреген қызғалдақ гүлдей енді ғана бүр жарып келе жатқан махаббаттың құрбан болған кезі бағзы заманнан бар екен. Қойылымның осы бір идеясы бүгінгі жастар үшін әдемі үлгі. Ғашығы үшін жанын қию ерлік. Бүгін қосылып, ертең ажырасып жатқан өкінішті жайлар қаптап кеткен қазіргі кезеңнің ер жеткен бозбаласы, бойжеткен қызы осындай әлемдік драматургияның жауһар дүниелерінен жанына ой түйсе, ғажап емес пе. Басынан бастап аяғына дейін көрерменді өзіне еліктіріп, байыз таптырмайтын оқиғалар бірінен соң бірі қыздар тіккен кестедей сабақталып, тау басынан құлдырай аққан бұлақ суындай екпінмен өрбиді. Кестелі көркем тіл өз алдына. Дәл осы арада мәңгілік махаббат жырын шертетін ғажайып шығарманы қазақтың көркем тілімен қотарған заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев екендігін айта кетуіміз керек. Биылғы жылы дүбірлі дүние ұлы драматург Уильям Шекспирдің өмірден өткеніне 400 жыл толуына орай әрқилы шаралар ұйымдастырылуда. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық- драма театрының қолдауымен аталмыш оқу орнының түлектері де дипломдық жұмыстарына арналған осы бір еңбектерін күллі әлемді табындырып, адамзаттың рухани жан дүниесіне қисапсыз үлес қосқан тұлғаға арнап отыр.
– Білім алушылардың бәрі бірінен- бірі өтеді. Бойларындағы жаратқан ие сыйлаған қабілет-қарымдары аз емес. қазіргі күннің өзінде осы жастардың кез-келгені үлкен сахнаға лайықты,–дейді топ жетекшісі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Айжан Оспанова.   
Білім алушылар да өз кезегінде ұлағатты ұстаздарының еңбегін ақтап, бойларындағы білімі мен таланттарын сарқа жұмсап, алғашқы тұсаукесерлерін тамаша табыспен өткізді.
Театр залында ине шаншар жер қалған жоқ. Қойылым соңында әдемі әсерден арыла алмаған көрермендер ордалы оқу орнының оң ісіне, ұстаздары мен басшылығына ризашылықтарын білдіріп жатты. Әншейін білім алушылардың дипломдық жұмысы демесеңіз, кәдуілгі қалыптасқан театр ұжымының іс-қарекетіне жете-ғабыл дүние болды бұл.

Алма НЫҒМЕТОВА.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар