Жастар өнерлерін ортаға салды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Студенттік көктем – 2016:  Тәуелсіздік толқынында» атты талантты жастардың дәстүрлі облыстық фестивалі өтті.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған фестивальге 500-ден астам адам қатысты. Олардың арасында 5 жоғары оқу орны, 16 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері, сондай-ақ, облысымыздың орта мектептері бар. Басқарма басшысы Ринат Галлямовтың айтуынша, бұл фестиваль жылдан жылға өрісі мен ауқымын кеңейтіп, көрермен қызығушылығын арттыруда. Биылғы қатысушылардың көптігі де соның бір айғағы.  
Фестиваль екі кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезең – шығармашылық байқау болса, екіншісі – гала концерт. Қатысушы өз бағдарламасын қазылар алқасының алдында жоғары дәрежеде қорғай алса, гала концертке қатысуға мүмкіндік алады. Шығармашылық байқауға қатысушылар жеке орындаушылық шеберлігімен немесе шығармашылық ұжыммен бірлесіп өнер көрсетуі арқылы бақтарын сынады. Фестиваль эстрадалық ән, заманауи би, қазақ тілінде жайдарман ойнау, үш тілдегі «Брейн-ринг» ойнау, фотобайқау, үздік бейнебаян, дизайн және сәндік-қолданбалы өнер сияқты  аталымдар бойынша өтті. Оған қоса «Үздік жанкүйерлер командасы» деген аталым енгізілген.
Фестивальдің заманауи би аталымы бойынша бірінші орынды Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Сымбат» би ансамблі жеңіп алды. Ал, дизайн аталымы бойынша Щучинск қаласының жоғары колледжінің студенті Дмитрий Пустовалов жүлдегер атанды. Сәндік-қолданбалы өнер аталымында Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледждің студенті Еркеназ Досанованың бұйымдары озық деп танылса, үш тілде өткен «Брейн-ринг» аталымында Шоқан Уәлиханов  атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «КДМ» тобы бірінші орынды иеленді. Үздік бейнебаян аталымында «Көкше» академиясының студенті Ильгизар Ыстыбаев жүлдегер атанды. Эстрадалық ән байқауында өзінің ерекше дарынымен көзге түсіп, жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлаған Щучинск қаласының жоғары колледж студенті Айман Сәбиева болды. Көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әдемі әзілдерімен баурай алған Агробизнес колледжінің құрамасы қазақша жайдарман аталымы бойынша үздік деп танылды. Фотобайқау аталымында  Шоқан Уәлиханов  атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Дмитрий Маковский жүлдегер атанды. Фестивальде белсенділік танытып, «Үздік жанкүйерлер командасы» аталымы бойынша жеңіске жеткен Шоқан Уәлиханов  атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің
студенттері болды.
Жүлдегерлердің бәріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар