Юлия – сайыс жеңімпазы

«Достар» мәдениет сарайында  облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өзге ұлт өкілдері арасында облыстық «Абай оқулары» байқауы болып өтті.

Абай шығармаларын насихаттау арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыруға бағытталған додаға 13 үміткер қатысты. Үстеріне қазақтың ұлттық киімдерін киген  шараға қатысушылар байқаудың бірінші кезеңінде ұлы ақынның  білім тақырыбында жазылған өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтса, екінші кезеңде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзіндіні мәнерлеп оқудан шеберлік сынасты. Сонымен бірге, Абайдың әндерін орындаудан  да сынға түсті. Осы орайда, Леонид Сквирский, Виктория Новицкаялар жақсы өнер көрсетті. Өкінішке орай, байқау барысында көңілге қаяу түскен тұстар да болды. Кейбір қатысушылар өлеңнің сөздерін ұмытып, шумақтарын тастап кетіп жатты. Бұл олардың дайындықтарының төмен екенін көрсеткендей.
Қазылар алқасы  кемшіліктерге қырағылық танытып, әділ төреліктерін жүргізді. Сарапшылар үміткерлердің өнерін бағалау кезінде көркем мәтінді оқу шеберлігіне, тіл тазалығына, әнді орындау қабілетіне, сондай-ақ, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеті мен ұлттық киім үлгісіне назар аударды. Байқау қорытындысында қазылар алқасының  төрағасы, мемлекеттік тілді оқыту орталығының басшысы Қаратай Төлекеев үміткерлердің қателіктеріне біраз сын айтып, алдағы уақытта кемшіліктердің орны толар деген сенім білдірді.
Сайыс қорытындысы бойынша  бірінші орынды Еңбекшілдер ауданынан келген Юлия Кузьменко жеңіп алса, екінші және үшінші орындарға Егор Тихонов, Кристина Клейн ие болды. Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары облыстық тілдерді дамыту басқармасының арнайы дипломдарымен және Алғыс хаттарымен марапатталып,   бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ал,  сайыс жеңімпазы Юлия Кузьменко республикалық «Абай оқулары» байқауында облысымыздың намысын қорғайтын болады.

 

Ырысгүл АШУОВА

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар