«Агрофирма – поиск» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі болып саналады. Биыл серіктестік 20 мың 437 гектар алқапқа тұқым сіңіруді жоспарлап отыр.
Барлық егіс алқабының 69,5 пайызына дәнді дақылдар себіледі. Шаруашылық биылғы жылы бұршақты дақылдар алқабын 1064 гектарға кеңейтпек. Серіктестіктің директоры Александр Гусевтің айтуынша, 3 мың гектарға жуық алқапқа зығыр тәрізді өзге де дақылдар сіңіру жоспарланған.
Серіктестік егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен де айналысатындықтан 470 гектар алқапқа мал азығы дақылдарын, 441 гектар жерге көпжылдық шөп егіледі. Көктемгі дала жұмыстарына шаруашылықтың машина-трактор паркі толық дайын. Дизель отынының наурыз бен сәуірге бөлінген көлемі тасымалданып алынды.
Жұмыс жоспарына сәйкес серіктестік бойынша 20 мың гектар жерге ылғал жабу жоспарланса, бүгінгі таңда 12 мың гектар алқаптың ылғалы жабылды. Ауыл шаруашылығы дақылдары өндірісінде жоғары сапалы тұқымның маңыздылығын жете түсінген диқандар қажетті тұқым қорын жасап, тексерістен өткізді.
Тұқымды егіс алдында кептіріп, дәрілеу үшін ашық алаңға шығарылады. Серіктестік сапалы әрі мол астық алу үшін барлық агротехникалық шараларды сақтаумен қатар минералдық тыңайтқыш енгізеді. Биылғы жылы 320 тонна аммофос сатып алынып, тасымалдануда.
Рамазан БАЯҚҰЛЫ.
Аршалы ауданы.