Көрікті өңірдің тынысы

 Ақмола медиа орталығында өткізілген брифингте Сандықтау ауданының әкімі Асылбек Исмағамбетов журналистерге өңірдің 2016 жылдың алғашқы тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алда тұрған міндеттер жөнінде жан-жақты баяндап берді.

 

Аудан әкімі өз сөзін алдымен, Мемлекет басшысының Ұлт жоспарында айтылған міндеттерден бастады. Шешеннің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында аудан бо-йынша 394,4 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Өнеркәсіп саласында жалпы көлем индексі  113,4 пайызды құрайды. Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бағытында да айтарлық жұмыстар қолға алынуда. Осы орайда, азық-түлік тағамдарының бағасын тұрақты ұстап тұру маңызды. Осы мақсатта аудан орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты ұйымдастырылуда.
Сандықтаулықтар егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығын дамытуға зор көңіл бөлуде. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында ауыл шаруашылығы саласында 869,2 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Дегенмен, күрмеулі мәселелер де жоқ емес. Айталық, сүт өнімдерін өңдеу бәсең. Өңдеу кәсіпорны болмағандықтан аудан тұрғындары сүтті Көкшетауға тасымалдауда. Әкім бұл мәселенің шешілетінін атап өтті. Оның айтуына қарағанда осы күні тәулігіне 5-7 тонна сүт өңдейтін зауыт ашу туралы жоба қаралып жатыр.
Ауданда «Агробизнес-2020», «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары бойынша да нақты шаралар қолға алынған. Биылғы жылы аудан бойынша 140 қой мен 130 ірі қара мал алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 25 ауылдық тұтыну кооперативі құрылып, 158 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынған. Осының арқасында 70 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, аудан әкімі жер мәселесіне де тоқталды. Бүгінгі таңда ауданда пайдаланылмай жатқан тоғыз жер телімі анықталған. Оның 16,5 мың гектары егістік алқапта, 8 мың гектардан астамы жайылымдық жерлер.
–Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жылдан-жылға жақсарып келеді. Бюджетке түсімнің қосымша көздерін іздестіру бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді өз сөзінде аудан әкімі.
Брифингті қорытындылаған аудан әкімі Сандықтау өңірінде қолға алынған құрылыс,  экологиялық, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді саралай келе, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

 

Аслан ОСПАНОВ

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар