Жер шетелдіктерге сатылмайды

Өткен жылдың қараша айында Жер кодексіне енгізілген өзгертулер жердің нарық айналымына енгізілуін ынталандыруға, оның экономикалық қайтарымын арттыруға тиіс.

Осыған сәйкес ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді сауда арқылы жекеменшікке сатуға болады. Жалға берілген жер телімдерін сатып алу барысында сол жерді жалға ұстап отырғандар жеңілдіктерге ие болады. Жалға берілген ауыл шаруашылығы жерлері шектеусіз пайдалануға жатады. Біздің тілшіміздің жер қалай сатылады, оның құны, бір адамға тиесілі жер көлемі, тағы басқа осындай сауалдарына облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы А.А.Қадыралина жауап берген еді.

– Алмагүл Аманжолқызы, алдымен жерді сату қалай ұйымдастырылатыны жөнінде айта кетсеңіз?
– Учаске аукционға құнын көтеру әдісімен екі рет шығарылады. Егер осы уақыт ішінде сатып алушы табылмаса, бағасы 50 пайызға төмендейді. Егер бұл жағдайда да сатып алғысы келетіндер болмаса, учаске аукционнан алынып тасталады. Аукциондар мәмілелердің ашықтығы үшін енгізіледі. Оған тек Қазақстан Республикасының азаматтары және заңды тұлғалары ғана қатыса алады.
– Мемлекет бюджетті жерді сату есебінен толықтыра ма?    
– Шындығында олай емес. Мемлекеттің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатуынан түсетін қаражат бюджетке емес, Ұлттық қорға аударылады.
– 49 жылға жалға берілген жер учаскелерінің жағдайы қалай болмақ?
– Ешкім бұл учаскелерді тартып алмайды. Жерді 49 жылға дейін жалға беру нормасы Жер кодексін қабылдау кезінде, сол 2003 жылы енгізілген болатын. 2016 жылғы 1 шілдеден кейін оларға ешкім уәж айтпайды. Бұдан басқа, жалға алушыларда басым тәртіппен осы учаскелерді сатып алу мүмкіндігі пайда болады. Ол үшін әкімдікке өтініш жазу керек. Онда жерді тікелей сату шарты жасалады, яғни, аукционсыз және жалға алушы меншік иесіне айналады. Бұл ретте, жер учаскесінің құны 50 пайызға төмендейді.  Бұдан басқа, жалға алушы учаскені 10 жылға дейін бөліп төлеу арқылы ұзартып сатып ала алады. Төлем кестесін жер пайдаланушы өзі қояды, өйткені, ақша төлейтін өзі. Бұл норма тек Жер кодексіне сәйкес, мемлекет меншігінен жекеменшікке берлген жер телімдеріне қатысты.  
– Ал, заңда шетелдіктерге қатысты нендей жағдайлар қарастырылған? Оларға жер сатыла ма?
– Шетелдіктерге жер сатылмайды. 2003 жылдан бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шетел компанияларына 15 жылға жалға беріліп келді, алайда, 2015 жылдан бастап бұл мерзім 25 жылға ұзартылды. Бұл ауыл шаруашылығы бизнесінің көп капиталды талап ететіндігінен және құйылған қаржыны қайтару ұзақ уақытқа созылатынына байланысты болып отыр. Мамандардың есебі бойынша мұндай жобалардан қайтарым 13-15 жылда артық уақытты қамтиды.  Сондықтан, инвестор құйған ақшасын ақтап, қалған 10 жылда табыс табуы үшін жалға беру мерзімі ұзартылып отыр.  
– Ал,  егерде жер сатып алып,  шетелдіктердің қатысуымен бірлескен кәсіпорын ашқысы келсе ше?
– 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, бірлескен кәсіпорын қазақстандық үлесі 50 пайыздан жоғары болса ғана, бәссаудаға қатыса алады. Барлық фирма бұл жағынан жіті тексеріледі. Шетелдіктер жер сату бойынша бәссаудаға қатыса алмайды.
– Қазақстандықтар алдымен жерді сатып алып және кейіннен шетелдікке қайта сата ала ма?
– Егер Қазақстан азаматы жерді сатып алса, содан кейін шетелдікке сатқысы келсе, оған заң бойынша тыйым салынған. Егер де ол солай істейтін болса, ондай шарт жарамсыз болады. Заңға сәйкес нотариустердің мұндай мәмілелерді тіркеуге құқығы жоқ.
– Жер қанша тұрады?
– Жер учаскесінің кадастрлық құнын есептеу базалық мөлшерлеменің негізінде жүзеге асырылады және ол туралы ақпарат мына сайтта тұр. Базалық мөлшерлемелерге жер учаскесінің сапалық жай-күйіне, орналасқан жеріне, сумен жабдықталуына, қызмет көрсету орталықтарынан қашықтығына және тағы басқа байланысты түзету коэффициенттері қолданылады. Мысалы, Ақмола облысында егістік жердің әр гектары 11900-ден бастап, 49000-ға дейін болса, Алматы облысында 40000-нан бастап, 130000-ға дейін.  Жайылымдық жерлер анғұрлым арзан. Сондықтан, жер учаскесі елді мекеннен, инфрақұрылым объектісінен қаншалықты алыс болса, төмендету коэффициенті соншалықты төмен болады. Құны әрбір жер учаскесі бойынша жеке айқындалады. Жер учаскесінің түпкілікті бағасы аукционда анықталады.
–Жерді мақсатты пайдалану жағы қалай болады?
– Енгізілген түзетулердің маңызды өзгерісі бар. 2016 жылғы 1 шілдеден бастап жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертудің жеңілдетілген рәсімі енгізіледі. Егер бұрын қызмет түрін тіпті көкөніс өсіруден малдың жайылымына өзгерткен кезде де нысаналы мақсатты өзгертуге тура келсе, ал енді бұл қажет етілмейді. Бастысы ауыл шаруашылығы өндірісін сақтап қалу. Сондай-ақ, шаруалар жалға алу құқығын өзге қазақстандыққа да бере алады.
– Қазақстандағы қанша жер жалға берілген және қанша жерді сатуға болады?
– Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жалға берілген жалпы жер алаңы 100,8 миллион гектарды құрайды. Бұл ретте тек 1,3 миллион гектар жекеменшікте. Осы жерлердің ішінен жайылымдар алаңы – 68,4 миллион гектар. 2016 жылғы 1 шілдеден бастап әкімдіктер бос жерлердің 1,7 миллион гектарын аукционға шығаруды жоспарлап отыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Аслан ОСПАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар