Жұмысшы мамандығын алып шығады

Бозайғыр ауылында орналасқан 5 агроколледжінде бүгінде 151 бала оқып, білім алуда. Мектептің тоғызыншы сыныбынан кейін келген олар колледжден орта білім мен ауыл шаруашылығына қажетті мамандық алып шығады. Колледж бітіргендердің 97 пайызы бірден өз мамандығына сай жұмысқа орналасады екен.

 

Портфель ұстағанға мәз болатын кеңес заманындағы түсінік бүгінде ескірді. Жасыратыны жоқ, қазір бес-алты жыл университетте оқып, жоғары білім алған мамандардың жалақы деңгейі колледж бітіріп, жұмысшы мамандығымен еңбек ететіндерден біршама төмен. Оған қоса, жоғары білімді мамандардың өз мамандығына сай қызметке орналасуы да қиын. Ал, орта деңгейлі жұмысшы мамандарға қай жерде де сұраныс жоғары. Оның үстіне колледждегі оқу түгел тегін. Одан бөлек, жатақханамен қамтамасыз етеді және шәкіртақысын да беріп тұрады. Колледждің тағы бір артықшылығы – мұнда теориялық сабақ тәжірибемен қатар жүргізіледі. Яғни, колледж түлегі оқу бітіргенде өз мамандығы бойынша теориялық білім алып қана қоймай, бірден жұмысқа кірісіп кете алады.
Осындай артықшылықтарына қарамастан, бүгінде колледжге барып оқығысы келетіндер саны онша көп болмай отыр. Әсіресе, қазақ жастарының арасында еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие және жалақысы да жоғары жұмысшы мамандығын алуға деген құлшыныс жеткілікті дәрежеде емес.
Бозайғырдағы агроколледжде ауыл шаруашылығына қажетті екі мамандық бойынша орта буын мамандар даярланады. Негізінен ер балалар оқитын фермерлік шаруашылық бөлімінде ауыл шаруашылығы техникасы бойынша тракторист-машинист және автокөліктерді жөндеуші слесарь мамандығы оқытылады. Ал, тамақтандыруды ұйымдастыру бөлімінде оқыған қыз балалар аспаздық пен кондитер мамандығын игереді.
Колледж директоры Мұрат Мұхамедиевтің айтуынша, агроколледждің материалдық-техникалық базасы талапқа сай. 2013 жылы бюджеттен 25 миллион теңге қаржы бөлініп, соған оқу-практикалық жұмысқа қажетті техника мен құралдар сатып алынған. Балалардың тәжірибеден өтуі үшін де жағдай жасалған. Оқу орнының 1300 гектар жері бар. Оның  700 гектары егін алқабы болса, қалғаны жайылым. Жайылым демекші, колледждің қосалқы шаруашылығында 44 бас ірі қара бағылуда. Негізінен бидай, аздап арпа өсіріледі. Егінді егіп, өсіретін, астықты жинайтын балалардың өздері. Осылайша   балалар колледжде теориялық біліммен қоса, практикамен айналысып, оқу бітіргенде өз мамандығы бойынша бірден еңбекке араласатын дәрежеге жетеді.
Колледж оқушылары жатақханамен жүз пайыз қамтамасыз етілген. Бүгінде 151 бала оқып жатқан оқу орнының 229 орындық үш жатақханасы бар. Оқушыларға ғана емес, колледжде қызмет етіп жүрген жас мамандарға да жатақхана берілген. Оған қоса, балалар шәкіртақы алып тұрады. 90 орындық асхана, 200 орындық акт залы, спорт зал мен кітапхана да оқушылардың пайдалануына берілген.
Колледж директорының оқу істері жөніндегі орынбасары Роза Шәріпова аралатып жүріп, оқу процесімен жан-жақты таныстырды. Теориялық сабақтар өтетін аудиториялармен бірге практикалық сабақ өтетін заман талбына сай жарақталған зертханаларда білім алып жатқан оқушылар үш жылдың ішінде білікті маман болып шығады. Негізінен Шортанды ауданының ауылдарынан келгендер оқиды екен. Іргелес аудандардан келіп оқып жатқандар да бар. Биылғы жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша Шығыс Қазақстан облысынан он бала келіп білім алуда. Аталмыш бағдарламаның мақсаты халық жиі қоныстанған аймақтардан Солтүстік облыстарға жас ұрпақты оқуға жіберу арқылы олардың осында тұрақтанып  қалуларына жағдай туғызу.
– Оқу бітірген түлектеріміздің барлығы дерлік мамандығына сай бірден жұмысқа орналаса алады, – дейді Роза Шәріпова. Дегенмен, бұл мәселе бойынша қиындық келтіріп отырған жай да жоқ емес екен. Ауыл шаруашылығы мамандарының көбі маусымдық жұмыстар болып табылады. Өйткені, көп шаруашылықтар жасыратыны жоқ, көктемде сеуіп тастап, күзде жинап алатын егіншілікпен айналысады. Тракторист-машинист мамандығын алған балалар жаздай жұмыс істеп, күзде егін жиналған соң қажетсіз болып қалады. Осыған орай, тұрақты жұмыс іздеген балалар қалаға барып, мамандығына сай емес жұмыстарға орналасып жатады. Бұл мәселені шешу үшін шаруашылықтар жыл он екі ай үзіліссіз жұмыс істейтін болуы керек. Яғни, егіншілікпен бірге мал шаруашылығын және өңдеуші саланы қоса дамытуы тиіс. Бұл әрине, үкіметтік деңгейде шешілетін мәселе.
Колледж директорының айтуынша, алдағы уақытта оқу орны жаңа мамандықтарды игеріп, жұмыс ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі екі мамандыққа қоса, дәнекерлеуші, тігінші сияқты еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар оқытылатын болады.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Шортанды  ауданы.

Суреттерде: болашақ аспаздар; оқушылар бос уақыттарын мазмұнды өткізеді; колледждің автокөлік жөндеу шеберханасында.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар