Апатты ауыздықтаған ерлерге құрмет

Ақкөл қаласында Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жоюшыларға  ескерткіш стелла ашылды.

  Қаланың ең әсем жері – мәдениет және демалыс саябағына орнатылған  ескерткіштің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Владимир Елесеев, облыстық Чернобыль ардагерлері кеңесінің төрағасы Марат Жетеров пен осы апаттың зардаптарын жоюға қатысушылар және аудан тұрғындары қатысып, сөз сөйледі.
Жиында атап өтілгендей, биыл Чернобыль апатына 30 жыл толып отыр. Оның зардаптарын жоюға 240 мың адам қатысса, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш 800 мың адамға жеткен. Олардың арасында ақмолалықтар да бар. Бұрынғы Көкшетау облысы бойынша барлығы 2500-ге жуық адам қатысса, соның 82-сі ақкөлдіктер. Олардың қатары күн өткен сайын сиреп келеді. Қазіргі кезде Ақмола облысында барлығы 500 адам, Ақкөл ауданы бо-йынша 19 адам қалған.
– Осы жандардың жанқиярлық ерлігі мен қажырлы еңбектерінің арқасында ғана апат жойылды. Олардың көбі осы апаттың салдарынан өмірден ерте кетті. Бұл стелла Чернобыль апатын жоюшыларға құрмет пен тағзым, – деді Владимир Елесеев.
Шара барысында ескерткіш стелланың маңына гүл шоқтары қойылып, осы күні арамызда жоқ Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жоюшылардың құрметіне бір минуттік үнсіздік жарияланды.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Онда Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жою туралы бейнефильм көрсетілді.  Сонымен қатар, осы апатты жоюға қатысқандар марапатталды. Шара жергілікті көркем-өнерпаздардың орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты.

 Аслан ОСПАНОВ

Ақкөл ауданы.

Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар