Облыс орталығында Ұлы Жеңістің 71 жылдығы және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні құрметіне орай, қалалық «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінің жүлдесі үшін дәстүрлі жеңілатлетикалық эстафета өткізілді.
Эстафетаның ашылу салтанатына қатысқан әрі Тәуелсіздік алаңында көпшілікпен бірге жүгіріп өткен Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев жиналғандарды осы спорт мерекесімен құттықтап, сайысқа түскелі отырған командалардың мүшелеріне жеңіс тіледі.
– Облыс орталығында жеңілатлетикалық эстафета осыдан 69 жыл бұрын бастау алған болатын. Содан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Осынау игі шара жеткіншектер мен жастардың жеңіл атлетикаға деген ынтасын одан сайын арттыра түсетініне сенімім мол, – деді қала әкімі өз сөзінде.
Бұл жолғы жеңілатлетикалық эстафетаға Көкшетау қаласындағы жоғары, арнайы орта оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерінен құралған 800-ге жуық адам қатысып, бақтарын сынады. Олардың арасында облыстық дін істері басқармасы мен Науан Хазірет атындағы орталық мешіттің өкілдері алғаш рет жарыс жолына шығып отыр.
Жарыс қорытындысына сай қыздар арасында өткен эстафетада командалық есеп бойынша жоғары оқу орындарының арасында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрама командасы бірінші, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің командасы екінші орынға тұрақтады. Ал, ерлер арасында Көкшетау техникалық институтының командасы бірінші орын алса, жүлделі екінші және үшінші орындарды Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің командалары
өзара бөлісті. Жеңімпаздар кубок, грамота, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аслан ОСПАНОВ
Суретті түсірген Вячеслав ГУБАНОВ.