Мәдениет – тарихы бай ауыл

Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен өткен «Ауылым – алтын тұғырым»  атты көрме-байқауына Бурабай ауданына қарасты Мәдениет ауылының Есмағамбет Ысмайылов атындағы орта мектебі де қатысты. Бұған дейін бұл көрме-байқауға Зеренді ауданының Айдарлы орта мектебі келген еді.

Мәлік Ғабдуллин  музейі ұйытқы болып отырған байқаудың мақсаты қала тұрғындарын ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырып,  тамыры тереңнен бастау алатын  тарихы жа-йында мағлұмат беру.  Көрмеге ауылдың жағдайын жақсарту үшін аянбай тер төккен  азаматтар мен  Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерінің өмір жолынан деректер, тұрмыста қолданылған  құнды жәдігерлері қойылды.
Байқаудың шымылдығы Аслан Мұхамедияровтың орындауындағы көкшетаулық ақын Қуаныш Оспановтың «Ауылдың баласымын» әнімен ашылып, ауыл ақсақалы, еңбек және тыл ардагері Дулат Әбдірашев көпшілікке бата берді. Содан соң Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек құттықтау сөз сөйледі.
– Қала тұрғындары ауылдың жағдайы, тарихы, өмірі жайында көп жайттарды біле бермейтіні мәлім. Сол себепті, осы көрме арқылы қала мен ауылдың арасын жақындастыруды көздеп отырмыз. Әр ауылдың көрмесі музейдің төрінде бір ай көлемінде орын алады. Осылайша азаматтар ауыл жайында көптеген ақпаратқа қанық болады, – деді ол.
Сондай-ақ, игі шарада ауыл тумасы, аудандық «Бурабай» газетінің редакторы Болат Рақышев, зейнеткер ұстаз Мағауия Нұғыманов, Есмағамбет Ысмайылов атындағы Мәдениет орта мектебінің директоры Дина Қалиеваға сөз беріліп, олар ауылдың ерекше тарихы мен дәстүрі жөнінде сыр шертті. Ауыл азаматтары Мәдениет ауылында әдебиеттің тарланы Есмағамбет
Ысмайылов, театр тарланы Жақып Омаров дүниеге келгенін ерекше мақтанышпен атап өтті. Осы ауылдан 6 ғылым докторы, 9 ғылым кандидаты шыққанын да атап өтуге болады.  Көрменің ашылу салтанатында ұстаз  Айтолқын Қазакенова мен  мектеп оқушысы Әміржан Әбжанов туған жер туралы тамылжыта ән шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мәлік Ғабдуллиннің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жиналғандар көрмені тамашалауға бет алды.  Мектеп оқушылары  Гүлнұр Әскерова мен Жаңарған Жаңалықова көпшілікке ауылдың құрылған жылынан бастап қазіргі уақытқа дейінгі тарихын таныс-тырып өтті. Музейдің жетекшісі Айжан Темірова жәдігерлер қатарын толықтыру және жаңа тың деректер табу жұмысы  жалғасып жатқаны туралы айтып берді.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар