Тұтқындағы жағдай

Қолыма ақ қағаз бен алдым қалам,
Қиялмен хат жазуға ойға қалам.
Ерігіп ермек еткен сөзім емес,
Ойдағы қапалықты хатқа салам.

Адасқан ел мен жерден  біз бір ғарып,
Күн кештік мехнат  шегіп, арып-талып,
Бойдан әл, көкіректен қуат кетті,
Ет бітіп, тұла бойда сүйек қалып.

Жазықсыз жапа шеккен біз бір мұңлы,
Аурусыз ауруменен болдым жынды.
Өткіздік тыныш таппай, кірпік қақпай,
Шуылдап бір орында күн мен түнді.

Артымда өлсем кеңес қалсын деймін,
Осы сөз біреуменен барсын деймін.
Тыңдаған бұл зарымды  мұсылман жан,
Дүнияда дәйім еске алсын деймін.
Жалғаннан жарық көрмей өткенді айтам,
Жете алмай  тілегіне  кеткенді айтам.
Айырылып ел ерінен, ер жерінен,
Халыққа туған қара күндерді айтам.
    
Жау қашып кейін қарай, алға бастық,
Кездесіп қалған жерде қарсыластық.
Қамауда үш армия түгел қалып,
Жетті ғой түбімізге осы қастық.    

Сатылып басқарушы біздің жәләп,
Ант соғып, көгермегір ол лағнат.
Қарусыз жаяу-жалпы, аш-жалаңаш,
Еріксіз жіпсіз байлап берді қамап.
    
Амалсыз құрған жолдан өте алмай көп,
Жосылдық ерсіл-қарсыл ата алмай оқ.
Таппады басқа пана ер азамат,
Қақпанда қансыраумен қалғандай боп.

Аспаннан көп самолет қаптап кетті,
Бомбыны есебі жоқ тастап өтті.
Қырылды неше мың жан бір сағатта,
Осылай бізге ажалды қолдан септі.

Пленге түсіп солай кете бардық,
Қорлық бола ма екен бұдан артық.
Тар қапас, адам тұрмас лашықтарда,
Көңілім тұра берер елге тартып.

Бұйырмай үш метр жер қайран елден,
Шырылдап дүниеге түскен жерден.
Сәлем де жігіттердің барлығына,
Кешегі күн уайымсыз ойнап күлген.
Польша. Винаминовка. 1942 ж. 27/ХІ.

 

 

 

Туған жерге

 

Алдым еске туған жерім, тағы да,
Жәрдем етсін  тәңірім тіл мен жағыма.
Тым болмаса алыстан сәлем берейін,
Кездескен соң бұл күн жастық шағыма.
    
Бердім сәлем аты шулы Қараой,
Сай-салаңды қоныс еткен қалың ел.
Сені есіме  алмай ылғи қайтейін,
Кіндік кесіп, кірлерімді жуған жер.

Қияндағы бұлдыр тартқан күнімде,
Өткен өмір көзіме елес менің де.
Күңіренем мұң мен шерге малынып,
Есіл-дертім болып тек бір  өзіңде.
Голландия. Петтен. 1943 ж.

 

 

 

Бір тынбады

 

Шіркін, Қараой қойныңда еркін өсіп,
Жаз жайлауда самал жел тұрған есіп.
Қаздай қатар қонысқан ақ боз үйлер,
Бір мен үшін сияқты алтын бесік.
    
Амал қанша, сол ауыл көркем көркін,
Ойлай-ойлай жаныма жақтым өртін.         Түпсіз торда шырмалған күнді ұмытып,
Сәт туар ма өзіңде жүрер еркін.

Бостандықты көре алмай ұлың тағы,
Жүрек қабы көп болды жыртылғалы.
Аласұрған ауылға қайран көңілім,
Арманменен қайтейін, бір тынбады.
Голландия. Петтен. 1943 ж.

 

 

 

 

Анама

 

 

Жан анам, мені өсірдің, еркелеттің,
Талпынып мен құшағыңда ер жеттім.
Амал не, тағдыр қуды жан балаңды,
Жастай сенен жырақ бір шетке кеттім.

Елді ойлап сыртта небір азап шектім,
Егіліп көздің ыстық жасын төктім.
Зарығып баттым талай терең ойға,
Біле алмай не боларын келешектің.

Жан анам түптің түбі елге барып,
Көрем деп айту қиын ертең жарық.
Өйткені, құрбан болып қырылуды,
Жауыздар қойған екен бізге жазып.
    
Батыстың мекен болып жасыл белі,
Үстімнен өтер көктем ерке желі.
Егілер мені көріп құба жонда,
Шіркіннің қайда екен деп өскен жері.

Үстімде жапырағы жас ағаштың,
Қосылар әні әсем сандуғаштың.
Әсем ән кетер алыс, атын атап,
Жапанда қаза тапқан жас қазақтың.

Шыққан ән жүрегінен Еуропаның,
Сайратар қырдың талай бұлбұлдарын.
Қызыл  таң ағараңдап, сәуле шашып,
Есіне алар ма екен  ұлы Отаным?

Болмаса бірі болып жігіттердің,
Басармын топырағын туған жердің.
Көңілім барлығына алып-ұшып,
Күйігі тарқар ма еді ішкі шердің.

Сондықтан, жаным анам күдер үзбе,
Көп жылап, көз жасыңнан моншақ тізбе.
Ер жігіт бәрін көріп, бәрін білмек,
Не жазса, әуел бастан тағдыр бізге.

Голландия. Петтен. 1943 ж.

Қайыржан ЖҮНІСОВ,
Ұлы Отан соғысының ардагері.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар