Қалай кұрметтесек те, көп емес

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова және Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаменті  басшысының орынбасары Ерлаз Жайықбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Валентин Малаховтың үйінде болып, майдангерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады.

 

Олар ардагерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және немере-шөберелерінің қызығын көре беруін тіледі.  Сонымен бірге, елімізді жау қолынан азат еткені үшін шынайы ризашылықтарын  білдіріп,  гүл шоғы мен бағалы сыйлық табыс етті.
Айта кетсек, Валентин Малахов Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Володар селосының тумасы. Ол 1942  жылы мамырдың 18-ші жұлдызында небары он тоғыз жасында  соғысқа алынып, Ашанбренер атындағы Тамбов жаяу әскерлер училищесіне оқуға жөнелтіледі. Бірақ, училищені аяқтамастан, Сталинградтың оңтүстік шетіндегі байланыс бөлімшесіне командир болып тағайындалады. Оның негізгі міндеті  штаб пен батальон арасында байланысты сақтау еді. Алғашқы ұрыста штабтың  20  жауынгері өлім құшып,  ардагер байланыс жүйесін қалпына келтіріп жатқанда аяғынан жарақат алған. Сөйтіп, Батайск қаласындағы госпитальде емделіп шыққан соң  дивизиядағы телефон станциясын басқарған. 1945 жылы соғыстан елге оралып, Петропавл педагогикалық институтының география факультетін тәмамдаған. Осылайша қатардағы мұғалімнен бастап мектеп директорлығына дейін көтеріліп, бар саналы ғұмырын   ұстаздыққа арнады. Ардагер Ұлы Отан соғысы орденімен және бірнеше  медальдармен марапатталған.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар