Ержүрек десантшы

Ұлы Отан соғысының зардабы, қаһарлы күндердің арқаны аяздай қарыған суық ызғары күн өткен сайын алыстап барады. Қазіргі ұрпақ сол бір қиын кезеңдер туралы көнекөз қариялардан ғана естіп, тек кинолардан білуі мүмкін.

 

Шынын айтқанда, арамыздағы ардагерлердің де қатары селдіреп қалды. Ұлы Отан соғысы кезінде әрбір бесінші қазақстандық азамат қан майданға аттанып, Отанын қорғауға атсалысты. Қаншама жауынгерлер ұрыс даласында мерт болды. Жеңіс бізге миллиондаған адамның жазықсыз төгілген қанымен келді. Соғыс салған қасірет әрбір жанұяның тарихында өшпейтін із, қайғы-қасірет қалдырды. Ұлы Отан соғысы туралы қаншама шығарма жазылып, қаншама кино түсіріліп жатса да оның тарихына ешуақытта нүкте қою мүмкін емес. Ерлікпен шайқасып лайықты бағасын алғандар да бар. Біздің бүгінгі сөзіміз нар тұлғалы азаматтың бірегейі Қалтай Омарұлы жайлы. Оның есімі кешегі қанды қырғын соғыстағы жеңіс тарихымен біте қайнасып жатыр. Өйткені, жат жерде жеңісті қарсы алған, бейбіт өмір кезінде еліміздің көркеюіне аянбай тер төккен кімдер бар десе, біз алдымен жерлесіміз  Қалтай  атамызды атар едік.
Бүгінгі мақаланың маңызы да сол. Өзінің елі үшін мұздай қаруланған басқыншы жаудан қаймықпай соғысып, Ұлы Жеңіс күнін Прагада қарсы алған батыр атамыз лайықты бағасын  ала алды ма?! Сұрапыл соғыстың қайнап жатқан кезінде 18-ге жаңа толған бозбала аудандық әскери комиссариатқа  барып өз еркімен соғысқа жіберулеріне өтініш білдіреді. Әскери комиссариаттағылар келісім береді. Кеудесінде кек қайнаған, жігері жалын атқан жігіт жарты жылдай Фрунзе атындағы әскери әуе десанты училищесінде дайындықтан өтеді. Әуе десантының тәртібіне, жүгі ауыр жаттығуларына  жігіттің жігіті ғана шыдауы мүмкін. Ал, Қалтай ағамыз түрлі жаттығулардан сүрінбей өтіп, жас талдай иілген балауса денесін шынықтырып, түнгі және күндізгі әуе кеңістігінде самолеттан парашютпен секіріп, ілкімділігі мен өжеттілігін танытқан соң десантшылар қатарына қабылданады. Курсты аяқтасымен Москва облысына қарасты әуе-десанттық әскери полкіне жіберіледі. Соғыстағы  жорық жолдарына көз жүгіртсек, Карелия және Украина майдандарында соғысып, толқыны көкке шапшыған Свирь өзенін кешіп өтіп, Вена, Прага қалаларын неміс басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысып, майдан даласында бірнеше рет жараланса да қатардан шықпай,  ерлік көрсеткен.
Ұрыс даласындағы өжеттілігі мен тапқырлығы, жасанған жаудан жасқанбайтын батырлығы үшін полк басшылығы бірнеше мәрте орден-медальдарға ұсынады. Жауынгердің кеудесіне «Вена қаласын азат еткені үшін», «Отан алдындағы ерлігі үшін» медальдары тағылды.
Ұлы Отан соғысы аяқталса да әскери кадр-лар Отанымызға ауадай қажет екендігін ескеріп, Қалтай Омарұлы Рязань қаласына әскери қызметін жалғастыруға жіберіледі. Қиыр Шығыста он жылдан астам әскери қызмет  атқарады. Сол жылдары Благовещен қаласында орналасқан жоғарғы әскери училищені тәмамдайды. Оқу бітірген соң  лейтенант шенін алған. Арада бір жыл өтісімен Ворошилов қаласына тағы да оқуға жіберіледі. Аға лейтенант шеніндегі, білімді, ойы ұтқыр жас офицерді ротаға саяси жетекші етіп  тағайындайды. Сонымен Қалтай ағаға Порт-Артурде бірнеше жыл қызмет етуге тура келеді. 1955 жылы қайтадан Хасан ауданындағы әскери училищеге шақыртылып, сол оқу орны басшысының орынбасары қызметіне  бекітіледі. Тек 1956 жылы ғана әскери қызметтен босатылады.
1952 жылы кезекті демалысқа шыққан кезде туған жері Арықбалық ауданына келіп, шаңырақ көтереді. Болашақ жары Шәпия Мақашқызы мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін. Болмысынан ашық әрі өте сауатты, көптеген музыка аспаптарында шебер ойнайтын жас қыз майдангердің жарына айналды.  Қалтай Омарұлы бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Арықбалық аудандық атқару комитетінде қызмет атқарады. Тәжірибе жинақтаған соң 1962 жылы Чистополье ауданына қарасты «Жаркөл» кеңшарында, екі жылдан кейін «Ялтинский» кеңшарында партия ұйымының хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. 1972 жылы Зеренді ауданына қарасты Шағалалы селосындағы мемлекеттік-ғылыми тәжірибе станциясына партком хатшысы қызметіне жіберіледі де, 1985 жылы зейнеткерлік жасқа жеткенше осы мекемеде абыроймен қызмет атқарады.
Ел ішінде құрметке ие болды. Келешек жастарға өнеге бола білді. Бейбіт өмірде Отан алдындағы ерен еңбегі үшін сан рет марапатталды. Бұл күндері жары Шәпия апай мен Қалтай аға дүниеден озған. Әйтсе де, артында қалған қалың ел оларды құрметпен еске алып отырады.
Қалтай аға  әр жылдары  9 мамыр күні халықпен бірге Жеңіс салтанатын ұйымдастырып, орталықтағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, өнегелі лебізін айтатын. Селодағы соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы ретінде майдангерлерге көмек көрсетіліп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізетін. Бұл селода ол кезде әлденеше ұлт өкілдері тұратын. Совхоз-техникум болғандықтан, жастар да көп. Ардагер аға солардың барлығының тілін тауып, ынтымақпен күн кешулеріне ықпал етіп, ел бірлігін арттыруға өз үлесін молынан қоса білді. Еліміз тәуелсіздік алғанда алғаш рет Наурыз мерекесі тойланған-ды. Әлдеқашан ұмыт болған Наурыз мейрамының халықпен қауышуына, шын мәніндегі ұлттық сипаты қанат жаюына үлес қосқаны да жадымызда жатталып қалыпты.
Қалтай Омарұлы соғыста да, соғыстан кейінгі уақытта да адал еңбек етіп, адамгершілік арына қылаудай кіршік түсірмеген асыл азамат. Біз бүгін осындай еліміздің ерлерін ұмыт қалдырмай, өнегелі өмір жолдарын айтуға тиістіміз. Міне, ұлы Жеңістің 71 жылдығы да келіп жетті. Біз жерлесіміз майдангер, полковник Қалтай Омарұлының жарқын бейнесін, жасампаз өмірін ешқашан ұмытпаймыз.
Сөз соңында ел тілегін жеткізгім келеді. Бүкіл ғұмырын туған елінің гүлденуіне арнаған Қалтай Омарұлының есімін есте сақтау үшін Шағалалы селосындағы қазіргі уақыттағы мүлде мағынасыз Советская, Придорожная, Новая, Строительная көшелерінің  бірінің атын ауыстырып, есіл ердің  есімі  берілсе дейміз. Бұл ұсынысты барша ауылдастары қолдап отыр. Сонда ғана шынайы құрмет көрсетілген болар еді.  

Сайлау ИБРАЕВ,
Шағалалы агробизнес колледжінің аға оқытушысы.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар