Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Зарығып баттым талай терең ойға...» - АРҚА АЖАРЫ

«Зарығып баттым талай терең ойға…»

Ардақты әкеміз Қайыржан Жүнісұлы Жүнісов Солтүстік Қазақстан облысы Қызылту ауданындағы Томан ауылында 1916 жылдың 16 ақпаны күні дүниеге келді. Сұрапыл соғыс жылдарында қайғы-қасірет көрмеген, шерменде көңілдің зарлы мұңын тартпаған шаңырақ кемде-кем шығар. Сондай ауыртпашылық біздерді  де айналып өткен жоқ. Ат жалын тартып мініп, енді ғана үй-күй болған әкеміз 1941 жылы  Ұлы Отан соғысына алынып, Қарағандыдағы әскери дайындықтан соң, бірден қан майданға аттанып кете барады. Содан зұлым жаумен атты әскер құрамында шайқасып, дұрыс қару-жарақсыз отқа салғандықтан, әйгілі «Харьков қазанында» өзге жауынгерлермен бірге амалсыз тұтқынға түсіп, қашан соғыс аяқталғанша Еуропа елдеріндегі концлагерьлерде фашистердің адам айтқысыз қорлығы мен азабын көреді.  
1946 жылы арып-ашып елге оралғанымен, бұл қуанышы да ұзаққа бармай, көрген көрешегі  қайта жалғасты. 1950 жылы «сезіктілер» қатарына ілігіп, тағы да 10 жылға бас бостандығынан айырылып кете барды. Тар қапасқа аттанып бара жатып сүйген жары Теңдікке «Мені күтпе, бағыңды байламаймын, қызым Райханды аман болсам, өзім тауып алармын» деген екен. Алайда, анамыз болашаққа деген үмітін үзбей, әкеміздің оралуын күтіп, екінші сәбиі –  ұлының атын ырымдап Орал қойған екен.
Кейін Сталин дүниеден өткеннен кейін 50-інші жылдардың жылымығымен әкеміз басына түскен бұл ауыртпалықты да қайыспай көтеріп, аман-есен шаңырағына оралды. Содан бастап бірлігі жарасқан бұл үйде он шақты бала дүние есігін аштық. Оның үшеуі өкінішке орай, жастай шетінеп кетті. Жазасын өтеп келген соң, әкеміз қалған бар саналы ғұмырын есеп-қисап маманы ретінде елінің өсіп-өркендеуіне арнады. Талай азапты жылдарды басынан өткерсе де, сүйегінің асылдығымен 66 жыл ғұмыр кешіп, көзі тірісінде ұл-қыздарынан 10 немере сүйіп үлгерді. Ал, жалпы алғанда, бұл күндері ата-анамыздан өрбіген 25 немере, 18 шөбере «орнында бар оңалар» дегендей, осы кісілердің ауыр да мағыналы өмір жолын лайықты жалғастыра түсуде.
Ендігі бір айтпағым, ақынжанды әкеміз жау қолында тұтқында жүргенде көкейіндегі бар көңіл шерін өлеңге айналдырып, сол жазғандарын ретін тауып, өзімен бірге елге де ала келіпті. Соны бертін ақ қағазға қайта көшірген қоңыр дәптер әлі күнге біздің қолымызда сақтаулы. Әкемізден қалған өшпес белгідей көрінетін бұл қалың дәптердің  беттерінің өзі бүгінде уақыт табымен сарғыш тартып, ескіре түскен. Осы күнге дейін әке аманатындай қастер тұтумен келе жатқан сол өлең дәптерін Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің редакциясына, яғни, сіздерге жолдап,  оқырмандар назарына ұсынып көрсеңіздер деген тілегімізді  жеткізсек деп едік. Өйткені, кез келген адам жау қолында тұтқында жүріп, туған жерге, өскен орта, ата-ана, құрбы-құрдасқа бұлай мұң-шерін өлеңмен тарқата бермейді ғой. Бұл да бір аяулы әкеміздің ішкі жан дүниесінің  тазалығы, рухы мен сенімінің мықтылығы ғой деп ойлайтынымыз сөзсіз.

Құрметпен,  
қызы Зәуре Сәдуова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар