Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған - АРҚА АЖАРЫ

Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған

Миллиондаған адамның өмірін қиған Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да биыл 71 жыл болыпты. Бейбіт өмірге етіміз үйренгені сонша, соғыс атты кесапаттың адамзатқа қаншалықты азап пен қайғы-қасірет әкелетінін сезбейтін күйге жеткендейміз.

 

Өйткені, қанды соғысты көзбен көріп, қиындықтарын бастан өткерген майдангерлер қатары жыл санап сиреп барады. Соғыс дегеннің не екенін білмейтін бүтін бір ұрпақ өсіп қалыптасуда.  Бүгінде жасы 90-ға келген,   Көкшетау қаласында тұратын Саттар Жақанов  пен зайыбы  Зейникамал Жақанова сол сұрапыл жылдардың бар ауыртпалығын бастан өткерген  ардагерлер. Саттар ата қан майданға аттанып, Отан үшін от кешсе, Зейникамал әжей уақытпен санаспай жеңіс үшін жұмыс істеген.
–Мен әскерге 1944  жылдың қараша айында шақырылдым, – деп есіне алады ақсақал. – Ол кезде  Щучинскідегі балалар үйінде жұмыс істейтінмін. Онда жан-жақтан келген мың жарымдай бала болды. 1944 жылдың шілдесінде жасым 18-ге толды. Әскерге әне шақырады, міне шақырады деп жүргенде күз келді. Содан қараша айында шақырту қағаз алдым. Бұл қызыл әскерлердің дұшпанды түре қуып, Еуропа елдерін азат ету жорықтары жүріп жатқан тұс. Бізді Алматыға апарып, қысқа мерзімді дайындықтан өткізді.  89-шы полктің құрамында болдым. Біздің полкті майданға жіберетіні белгілі болған.  Ер азаматтардың бәрі соғыста жүргендіктен бе, «көппен көрген ұлы той» дейтін қазақпыз ғой, соғыстан онша қорқа қойғанымыз жоқ.
1945 жылдың ақпан айында Саттар Жақанов құрамында болған полк майданға аттанады. Батысқа тереңдеп енген сайын соғыс  белгісі анық көріне бастайды. Қираған үйлер мен деревнялар, опырылған көпірлер.
–Наурыздың бірі күні біз отырған пойыз Венгрия жерінде Дунай өзенінің жағалауына келіп тоқтады. Сол жерден бәрімізді түсіріп, бес қаруымызды сайлап одан әрі жаяу кеттік, – дейді ақсақал.  – Дунай ағыны қатты үлкен өзен екен. Көпірлер қирап қалған. Уақытша салынған көтерме көпірлердің үстімен жүру өте қауіпті. Шайқалақтаған жіңішке көпірден сәл аяғың тайса-ақ, өзенге құлайсың. Ағысы қатты өзен әпсәтте дөңгелетіп ала жөнеледі. Құлап кетпес үшін біз аяғымыздан бір-бірімізге арқан арқылы байланып жүрдік.
Пойыздан түсе сала жорыққа аттанған полк жауынгерлері тоқтамай екі жарым тәулік жүреді. Қатты шаршағанда кейде қара жерге немесе тасқа отырып, аздап аяқ суытады. Көз шырымын да жүріп келе жатып алады. Тамақ, су ішпеген аш жауынгерлердің арасында есінен танып құлағандары, тіпті, жантәсілім еткендері де болыпты.
Соғыстың алғашқы күндері Саттар ағаның есінде осындай ауыртпалықтарымен қалды. 89-шы полк небары екі айдың ішінде Венгрия, Австрия және Германияның аумағын азат ету  ұрыстарына қатысты. Бұл гитлершіл басқыншылардың жан алып, жан беріскен ең ақтық шайқастары еді. Қан суша ақты. 1945  жылдың мамырында  Люксембург қаласын алу шайқасына қатысқан майдангер 9 мамыр күні, сағат 10-да Берлинге жетеді. Ол Ұлы Жеңісті Берлинде қарсы алыпты.  
 –Германия сөзсіз тізе бүгу туралы шартқа қол қойып, соғыс аяқталды деген хабар келісімен қуаныштары қойындарына сыймаған жауынгерлер бірін-бірі құшақтап көрісіп, аспанға оқ атып, азан-қазан болды. Қуаныштан көзімнен жастың қалай ыршып кеткенін сезбеппін, – дейді майдангер сол тарихи сәтті есіне алып.
Соғыс аяқталғанымен, жауынгер Саттар Жақанов үшін әскери қызмет бітпеген еді. Ол құрамында болған әскери бөлім Қиыр Шығысқа жол тартты. Онда жапон мелитаристерімен соғыс қызып жатқан. Дегенмен, бұлар келіп жеткенше соғыс толығымен аяқталған еді. Қиыр Шығыста біраз уақыт әскери қызмет атқарған соң  АҚШ-тың араласуымен басталған Кореядағы соғысқа аттанады. Кеңес жауынгерлері соғысқа тікелей қатыспағандарымен, корей әскерлеріне соғыс өнерін үйретіп, қару-жарақпен көмектеседі. Солтүстік және Оңтүстік болып бөлінген Корей түбегіндегі шайқастар бірнеше жылға созылды. 1947 жылы Біріккен ұлттар ұйымының қаулысына орай, кеңес әскерлері Корей түбегінен шығарылды. Сөйтіп, жауынгер Саттар Жақанов әскери қызметін одан әрі Қиыр Шығыста Спасск қаласында жалғастырады. Осылайша бес жыл әскери қызметте болған ол тек
1950 жылдың күзінде туған еліне қайта оралады.
Әскерден келген жігіт бірден бейбіт еңбекке араласады. Бұрын өзі қызмет істеген Щучинскідегі балалар үйіне шаруашылық меңгерушісі болып орналасады. 1952 жылы  Зейникамал апай екеуі отбасын құрады.
Өмір-өзен тоқтаусыз ағып, уақыт білінбей зымырап өтіп жатты. Соғыс қиындықтары да көрген түстей  артта қалды. Жақановтар отбасы ел қатарлы еңбек етіп, тірлік кешті. Бес қыз, бір ұл тәрбиелеген Зейникамал әже мен Саттар атаның 14 немересі бар. Ұлдары Болат әке жолын қуып әскери мамандықты таңдады. Ол әскери училищені, кейін академияны бітіріп, көп жылдар бойы әскер қатарында қызмет етті. Қазір отставкада.
–Біздің балалық шағымыз соғыс кезімен тура келді. Үлкендерден қалмай қысы-жазы еңбек еттік, – дейді Зейникамал әжей. – Сауылған сүтті кешкісін әкеледі. Соны таң атқанша тортасынан айырып, майға айналдырамыз.
Өкініштісі сол, соғыс жылдарында сондай ауыр бейнетті көрген әжей құжаттары болмағандықтан, тыл ардагерлеріне берілетін жеңілдіктерден қағылыпты. «Балаларым аман болсын, Алланың берген несібесі жетеді» – дейді ол.
Ұлы Отан соғысының бар  ауыртпалығын басынан өткерген Саттар ата мен Зейникамал әжейдің бар тілегі ендігі ұрпақ ондай зұлматты ешқашан көрмесін дейді.  

Қалкөз ЖҮСІП.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар