Менің де әкем майдангер

Уақыт шіркін, тау басынан құлдырап аққан арыны қатты, екпіні ерен асау өзен тәрізді ғой. Кешегі өткен шақты, бүгінде сарытап сағынышпен есімізге аламыз. Бүкіл саналы ғұмырын еңбекпен өткізген әкеміз тұп-тура 52 жасында кездейсоқ дүние салғанда, біз әлі ойын баласы едік. Осы күні өзіміз де тіршіліктің ақ бас толқындарымен алысып жүріп, әкеміздің жасына жетіп қалған екенбіз.

 

Ендігі бір ауыз сөз Ұлы Отан соғысының ардагері, әкеміз Кенжебек Шәріпов жайында болмақ. Ол 1925 жылы Зеренді ауданына қарасты ынтымағы жарасқан, шоқ жұлдыздай ғана Еңбек-Бірлік ауылында дүниеге келіпті. Фрунзе сегіз жылдық мектебінің 7 сыныбын бітіргеннен кейін әрі қарай дендеп оқуға, білім қуудың реті келмеген. Содан соң отбасының тұрмыстық жағдайын жақсарту, қолынан келгенше көмегін тигізу үшін колхоз жұмысына араласқан. Небары 7 сыныпты бітірген, бұғанасы қатып, буыны бекімеген ол әуелі қара жұмыс істеген. Ол уақытта колхоздың сан салалы шаруа-
сы негізінен қолмен атқарылатын. Оның үстіне бір науқанға бір науқан ілесе келіп, зілмауыр салмағы қаусаған қарттар мен жастардың иығына түссе керек. Кейін бойындағы талап пен ынта-жігерінің арқасында есепші, бригадир, бөлімше басқарушысы қызметтерін атқарады.
Бейбіт еңбек етіп жатқан елге өне бо-
йын ақпанның аязындай қаритын «соғыс» деген қаһарлы хабар тарайды. Міне, осы тұста елдегі ат жалын тартып мінуге жарайтын азаматтардың бәрі тегіс майдан даласына аттанады. Менің әкем Кенжебек Шәріпов те қолына қару алып, қан майданда басқыншы жаумен алысқан. Соғыстағы көрген азап, белшеден кешкен бейнет дәл қазір бізге белгісіз. Әйтеуір, оңай болмағандығы анық. Басқыншы жауды жеңіп, енді елге қайтамыз деп тұрғанда кеңес жауынгерлерінің бір тобын Жапонияға қарсы соғысқа аттандырады. Тағы да қан кешу.
Бүгінде сол бір қаһарлы кезеңнің куәгеріндей, әкемнен қалған уақыттың табынан сарғайып кеткен құжаттар біз үшін ең қымбат дүние болып саналады. Құжаттардың ішіндегі мына бір әкеміздің ерлігін айғақтайтын дерек жазылған бір парақ қағаз көзіме ерекше ыстық. Онда И.Сталиннің 1945 жылдың 23 тамызындағы №372 бұйрығы жазылған. Бұйрықта былай делінген: «Маньчжурияның жапон басқыншыларынан азат етудегі үздік жауынгерлік іс-қимылдары үшін ефрейтор Кенжебек Шәріпов алғыс хатпен марапатталады». Оған қоса, әкеміз КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1945 жылдың 30 қыркүйегіндегі Жарлығымен «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталыпты. Әкеден қалған мұра іспетті осындай құжаттардың арасында «Кеңес Армиясы мен Әскери Теңіз флотына 30 жыл» медалімен марапатталғаны туралы куәлік бар.    
Соғыстан кейінгі жылдары әкеміз Кенжебек Шәріпұлы Көкшетау мемлекеттік тәжірибе станциясына қарасты өзінің туған жері Еңбек-Бірлік ауылында еңбек етті. Бас көтертпейтін науқандық жұмыстардың арасында білімін толықтыруды да ойдан шығарған жоқ. Петропавл қаласында орта ауыл шаруашылығы мектебін бітірген. Тәжірибе станциясының жанындағы совхоз-техникумында оқып, агроном атанды. Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына қатысып, қажырлы еңбек еткені үшін үзеңгі жолдастарымен бірге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1956 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен мерекелік медальмен марапатталған. 1958 жылдың 25 желтоқсанында да осындай құрметке ие болған.
Қан қасап майданның от-жалынында шыңдалған әкеміз Кенжебек Шәріпұлы 1970 жылы Көкшетау мемлекеттік тәжірибе станциясы совхоз-техникумы әкімшілігінің тарапынан өз міндетін жоғары жауапкершілікпен атқарып, толайым табысқа қол жеткізгені үшін есімі құрмет тақтасына жазылды. Әрдайым жеке қара басының жайынан гөрі қоғам мүддесін биік санайтын әкеміз барлық саналы ғұмырын туып-өскен ауылының өркендеуіне, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына арнады десек артық айтқандық емес. Қоғамдық жұмысқа да белсене араласқан. Серафимовка және Шағалалы селолық кеңестерінің депутаты болып сайланып, халық қалаулысы ретінде ортақ іске атсалысқан.
Сол зұлмат соғыста біздің әкеміздің туған інісі, қатардағы жауынгер Жұмабек Шәріпов те майдан даласында опат болды. Әкеміздің көкірегінде інісіне деген махаббаты қалды. Кейін арада қаншама жыл өткен соң әскери комиссариаттарға, мұрағаттарға сауал жолдадық. Бір дерегі болар ма екен деп. Бірақ, табылмады. Әлі де үмітіміз үзілген жоқ. Зұлмат соғыстың деректері шығып жатыр. Бір күні табылып қалар ма екен дейміз. 1918 жылы Еңбек-Бірлік ауылында туған Жұмабек аға 1941 жылы Көкшетау қаласынан әскерге аттанған. Майдан даласында қаза болғандығы туралы қара қағаз 1942 жылдың ақпан айында келген. Бар дерегі осы ғана.
Бүгінде әкеден қалған бір белгі көне құжаттар болса, екінші аманаты адалдық пен еңбекті сүю тәрізді болып көрінеді бізге. Өйткені, өзінің асқар таудай алып бейнесімен бүкіл ғұмыр бойы біз үшін өнеге болып келе жатқан әкеміздің бойындағы арман-мұраты, адал ниеті халқына еңбек сіңіру еді. Біз де сол жолмен жүріп келе жатқанымызға, жүре беретіндігімізге сенімдіміз.

Ризабек ШӘРІПОВ.   
 Суретте: Кенжебек Шәріпов (алдыңғы қатарда солдан оңға қарай төртінші) қарулас жолдастарымен бірге.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар