Жерге тек қазақстандықтар ғана иелік ете алады

Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін Жер кодексі халықтың көпшілігінің көңілінен шықпағаны анық. Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған Жер кодексінің төрт нормасына мораторий жариялап, ондағы түзетулер мен толықтыруларды халыққа дұрыстап түсіндіруді міндеттеп отыр. Аталған құжат негізінен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді халықтың игілігі үшін тиімді пайдалануды көздейтінін айта кеткен жөн.

Жер кодексінде мемлекет меншігіндегі осындай жерлерді бәссауда арқылы Қазақстан Республикасының заңды және жеке  тұлғаларына жекеменшікке сату қарастырылған болатын. Онда бірінші кезекте бәссауда да  жер телімдерінің кадастрлық бағасының жоғарылауы бо-йынша өткізу көзделген. Егер өткізілген екі бәссауда қорытындысы бойынша жер телімі сатылмаса, онда ол жерлер өз бағасының кадастрлық құнынан белгіленген ең төменгі шекке (кадастрлық құнының 50 пайызы) дейін төмендетілуін көздейтін бәссаудаға қойылады делінген.
Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғалары жер телімін немесе оның бір бөлігін уақытша жер пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін жекеменшікке оның кадастрлық құнының елу пайызы мөлшерінде айқындалатын жеңілдетілген бағамен, төлеу мерзімін 10 жылға дейін ұзартып сатып алуға құқылы.
Егер мұндай жер телімі, олардың қожайындары шаруашылық серіктестіктерінің жарғылық капиталына салым ретінде немесе өндірістік кооперативтерге жарна ретінде берген жер телімдері есебінен қалыптасқан жағдайда жер телімін сатып алу не сатып алу құқығынан бас тарту мәселесі шаруашылық серіктестіктеріне қатысушылардың және өндірістік кооперативтер мүшелерінің жалпы жиналысында шешіледі.
Жер кодексіне енгізілген түзетулердің маңызды жақтары да бар. Яғни, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертудің жеңілдетілген рәсімі енгізілмек. Егер бұрын қызмет түрін тіпті, көкөніс өсіруден малдың жайылымына өзгерткен кезде де нысаналы мақсатты өзгертуге тура келсе, енді бұл қажет етілмейді. Бастысы, ауыл шаруашылығы өндірісін сақтап қалу. Сондай-ақ, шаруалар жалға алу құқығын өзге қазақстандыққа да бере алады.
Шетелдіктерге жер сатылмайды. Қазақстан Республикасы Жер кодексіне сәйкес, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ, жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар мен оралмандар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады. Ауыл шаруашылығы капиталды қажет ететін өндіріс, ол табиғи және маусымдық факторларға тәуелді болып келеді, сондықтан, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен беріледі. Өнеркәсіптік өндіріске қарағанда жердегі жұмыс кезінде шығындардың орнын толтыруға 15 жыл қажет.
Аграрлық кәсіпорынды дамытуды қолдау мақсатында, Қазақстан Республикасы Жер кодексі және Қазақстан Республикасының «Бидай туралы», «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы»,  «Органикалық өнім өндірісі туралы», «Мақта саласын дамыту туралы» Заңдарына сәйкес, инвестициялық жобаларды өткізуге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер сауда-саттықсыз беріледі. Жер кодексінің 97-бабына сәйкес, ғылыми-зерттеулік, тәжірибе және оқу мақсатында, бақша егу, мал шаруашылығы, жайылымдық және шабындық жерлер Қазақстан Республикасы азаматтарына және заңды тұлғаларына өтеусіз пайдалануға беріледі.
Осы орайда, бір айта кетерлігі, мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан түсетін қаражат бюджетке емес, Ұлттық қорға аударылады.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану ережесі қабылданған болатын. Осыған сәйкес, кешенді шаралар қарастырылған. Соның ішінде топырақ құнарлылығын арттыру және белгілі өнімділік деңгейін қолдау, ауыспалы егіс айналымын қадағалау, мал шаруашылығы өнімін өндіруде жайылымды оңтайлы жүктемемен қамтамасыз ету шаралары бар. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн, оның ішінде, шаруа немесе фермер қожалығын жүргізуге арналған жер телімін пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бесжылдық кезеңде жалпы алғанда, екі жыл өз мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер телімі Қазақстан Республикасы Жер кодексінiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне  алынады.
Сонымен қатар, Қазақстан Респуб-ликасы Жер кодексінің 94-бабының 2-тармағына сәйкес жер телімін мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейін және жер телімін мақсаты бойынша пайдалану жөнінде және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қолдану үшін жер телімінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға берілген нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін беріледі. Ұтымды пайдалану ережесін бұзу фактілері анықталған кезден бастап,  нысаналы мақсатта жерлерді пайдалану шараларын қолдануға бір жыл уақыт беріледі.
Бөліп төлеуге сатылған жер телімдеріне қатысты төлеу тәртібі, Жер кодексінің 49-бабына сәйкес, мемлекет меншігіндегі жер телімі сатып алу-сату шартын жасау арқылы сатып алушының жазбаша өтініші бойынша төлеу мерзімі он жыл мерзімге ұзартылып сатылады. Сатып алушы сатып алу-сату шартын жасасқан күннен бастап, он жұмыс күні ішінде жер учаскесі құнының кемінде бес пайызын құрайтын мөлшерде алдын ала төлем жасауы тиіс. Бұдан кейін сатып алушы жер телімі үшін төлемді сатып алу-сату шартына қоса берілетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын төлем кестесіне сәйкес ай сайын төлеп отырады. Жер учаскесі үшін төлем қолма-қол есеп айырысу арқылы да, сатушының сатып алу-сату шартында көрсетілген шотына аудару арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін. Сатып алушы өзінің міндеттемелерін толық көлемінде де, ішінара да мерзімінен бұрын өтеуге құқылы. Міндеттемелерді ішінара өтеген жағдайда төлем кестесі қайтадан бекітілуге тиіс.
Алайда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мораторий жариялаған Жер кодексінің төрт нормасы жыл соңына дейін халыққа қайта түсіндірілетін болады. Егер дұрыс түсіндіріліп, оң шешім қарастырылып  жатса, аталған нормалар келер жылдан бастап, күшіне енуі мүмкін. Өйтпеген жағдайда, мораторий мерзімін бір шешімге келгенше ұзарту қарастырылған. Шынымен де Елбасының бұл жерде көрегендік танытып, халықтың пікіріне құлақ түріп отырғандығы қуантады. Сондықтан, алдағы уақытта Жер кодексіндегі түсініспеушілік тудырған бұл нормалар келісіліп шешілетініне сенім мол.
Рүстем ТӨКЕНОВ,
Ақмола облысының жердің
пайдаланылуы мен қорғалуын
бақылау басқармасы басшысының
міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар