Байыппен шешілуі қажет

Халық  өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады. Сондықтан, «Мәңгілік ел» дегенімізде, бірінші кезекте ата-бабамыз қанымен қорғаған киелі ата мекеніміздің – Тәуелсіздік тұғыры екендігін ұмытпағанымыз жөн. Жер-Ана байлығымыз екендігі бәрімізге белгілі. Еңбек пен екеуі ертеңгі ұрпаққа қалар мұрамыз.

Жер мәселесі – қазақ халқы үшін ежелден-ақ өмірлік маңызы бар ерекше мәселе. Өз елімнің патриоты болғандықтан, мен де осы әңгімеден сырт қала алмадым. Біз өз жерімізді қорғауға тиістіміз. Әуелде қабылданған заңның тетіктері мен нормалары халықты кеңінен қатыстыру арқылы талқылануы керек еді. Қазақстан халқы Ассамблеясының  XXIV сессиясында Қазақстан Президенті халыққа мемлекет жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі және соңғы кездері Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату туралы жалған ақпараттың ұдайы таратылуы салдарынан жер мәселесіне қатысты алаңдаушылық көбейгенін айтты.
«Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», – деді Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев осы орайда. Расында, жер мәселесі бойынша кеңейтілген ақпарат дер кезінде берілгенде бәлкім, осы жерге байланысты әртүрлі пікірлер туындамас та еді. Сол себептен, Н.Ә.Назарбаев Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына
2017 жылға дейін мораторий жариялағанын қолдаймын.
Өткен тарихқа үңілсек, жерге қатысты мына бір тарихи оқиғаны шығыстанушы ғалым Л.Н.Гумилев б.ғ.б. 209 жылы болған деп көрсетеді. «Көрші ел Дунху елшілері ғұндарға (біздің ежелгі бабаларымыз) әскерінің көптігін пайдаланып, үстемдік көрсетіп, алғашқыда Мөденің әкесінен мұра болып қалған сәйгүлік атты беруін талап етеді. Мөде көрші елмен қантөгісті қаламай, сүйікті сәйгүлігін беруді бұйырады. Елшілер екінші рет келіп, Мөденің ең сұлу әйелін беруін  талап етеді. Мөде көршілермен бейбіт өмір сүру үшін әйелін де қиып береді. Елшілер үшінші рет келіп, шекаралық біраз жерді беруді сұрайды. Мөде сұраған жерді  беру-бермеу мәселесін шешу үшін ақсақалдар кеңесін шақырып, жер бермеу туралы өз ойын айтады. Ақсақалдар: «алғаш рет көршілер атыңды, одан соң әйеліңді сұрағанда, бізбен ақылдаспай беріп жіберіп едің…» – дегендей базына айтады. Сонда Мөде ашуланып: «Ат пен әйел өз жеке меншігім, ал, жер – халықтың меншігі, сол себептен жерді беру-бермеуді халық шешеді», – депті. Өйткені, ежелден «жер – атамекен, кіндік жұрт» Отан. Жер – тіршілік етер орта, бабалар қорымы, қасиетті тұрақ» деген ұғымды білдірген. Міне, сондықтан да қазақтар үшін одан киелі ештеңе болмаған.
«Бұл тақырыптың төңірегіндегі алып-қашты әңгіменің бәрі негізсіз. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жеке  меншігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады. Қазақстанның 14 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын рәсімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің  тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды»,  –  деді Елбасы Қазақстан  халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде. Айтылғандарды түйіндей келе, ауыл шаруашылығы  мақсатындағы жерлердің жекеменшік құқы тек қазақстандық компания құқығында ғана болады және ол қатысушы құрамынан шыққан кезде  жер телімімен емес, ақшалай түрде төленетін заңды тұлға үлесіне ғана құқы бар. Кешегі күндері Елбасымыз теледидардан  қуанарлық жағдайды айтты, өз ойын жеткізіп, екінші жағынан, «Нұр Отан» партиясына, жаңадан сайланған партия депутаттарына, әкімдерге талаптарын қойды. Бұлай  халықпен түсінісу  үлкен жетістік деуге болады.
Мен өз басым ауылда туып, 35 жылдан астам уақыт мемлекеттік басшылық қызметте болдым, бірнеше жыл халық депутаты болып сайландым, ауыл шаруашылығы саласын жете түсінемін, ақпараттар легінен хабардар болып, қадағалап отыру үйреншікті дағдым. Сол себептен де өз пікірімді жолдап, жер мәселесі бойынша ойымды жеткізіп отырмын. Біздің еліміздің жер қоры 272,5 миллион гектарды  құрайды, соның 1,7 миллионын Қазақстан азаматтары үшін аукционға шығару жоспарланып отыр. Одан түскен қаражат бюджетке емес, Ұлттық қорға аударылады. Біз, қазақстандықтар бұдан өзіміздің отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін, өз жерімізде өндірілген ет пен жеміс-жидек, көкөністі пайдаланатын боламыз.  Ал, компаниялар бізге салық төлейтін болады, жұмыс орындарын құрып, ауылдың инфрақұрылымын жақсартады, жұмыскерлердің біліктілігін арттыруға көмектесетін болады. Сондықтан, жер мәселесіне пайымдылықпен қарап, жан-жақты саралай түсуіміз керек. Жердің иесі – халық. Қоғамдағы тыныштықты сақтау – әрбір азаматтың, барша қазақстандықтардың ісі!

Мұхит ШЕРМҰХАНҰЛЫ,
 зейнеткер, «Нұр Отан» партиясының ардагері,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
Қорғалжын ауданы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар