Ұстаз білімі мен білігінің бағдаршысы

Алғаш құрылғанына  65 жыл толып отырған «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ филиалы –  Ақмола облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты осы айтулы кезең ішінде өзіне жүктелген  міндеттерді ойдағыдай атқарумен келеді.

 

Жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, заман талабына сай білімді азамат болып қалыптасуына жағдай жасаудан артық маңызды шаруа бар ма. Өйткені, еліміздің ертеңгі тізгін ұстары, болашағы – осы жас ұрпақтың қолында. Осы орайда, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берумен айналысатын мұғалімдердің рөлі зор екендігі дау туғызбас шындық. Ал, жас ұрпақтың сапалы білім алуы ұстаздардың білімі мен біліктілігіне байланысты болатыны да белгілі. Ұстаздардың ұстазы саналатын, мұғалімдердің білімі мен біліктілігін арттыру ісімен айналысатын біздің институт өзіне жүктелген маңызды міндетті қай кезеңде де үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді.
Отан соғысынан кейін ел еңсесін енді көтере бастаған ауыр шақта болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды болып табылатын жаңа құрылым дүниеге келді. 1951 жылдың 31 наурызындағы Ақмола облыстық халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің бұйрығымен Ақмола облысы бойынша мұғалімдер білімін жетілдіру институты құрылған еді. Жасыратыны жоқ, ол кезде ауыл мектептерінде сабақ беретін мұғалімдердің көбінің жоғары, тіпті арнаулы орта білімі де болмайтын. Осыған орай, оқу сапасын арттыруда ұстаздардың білімі мен біліктілігін көтерумен айналысатын арнайы құрылымға жүктелер міндет ауыр болғаны белгілі. Институтқа алғашқы күннен бастап тәжірибелі, терең білімді мамандар қызметке тартылды.
Өткенге ой жіберіп қарайтын болсақ, институттың өз міндетін қаншалықты деңгейде орындағандығын оны қандай адамдардың басқарғандығынан-ақ бағамдауға болатындай. Институт басшыларының арасында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімдері Софья Барановская, Қайрөш Көкібаев, Александр Новгородцев, КСРО және Қазақ КСР-інің білім саласының үздігі Роза Шелкимова, Қазақ КСР-інің білім саласының үздігі Евгений Шеленжек және
Файна Мұқашева сияқты осы саланың білікті мамандары мен елге танымал тұлғалары болды.
1990-шы жылдардағы нарыққа көшуге байланыс-ты туындаған қиындықтар институтты айналып өтпеді. Сол тұста жалақысы аз деп бюджет саласында еңбек ететіндердің біразы күнкөріс қамымен басқа қызметтерге немесе кәсіпкерлікке кетіп жатты. Тек өз мамандығын сүйетін, соның ыстығы мен суығына төзуге дайын адамдар барлық қиындыққа шыдап, қызметтерін жалғастыра берді.  1996 жылдың 22 қарашасындағы Ақмола облыстық білім беру басқармасының бұйрығымен институт Ақмола облыстық білім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты болып атауын өзгертті. Мекеме атауымен бірге оның қызмет саласы да біршама өзгеріп, ауқымы кеңейе түсті. Осылайша институт мұғалімдердің білімдерін жетілдіріп қана қоймай, заман талабына сай қайта даярлау міндетін де мойнына алды. 1999 жылдың 8 сәуірдегі Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық шекарасы өзгертіліп, облыс орталығы сол тұста Астанадан Көкшетауға көшірілді. Астаналық облыс мәртебесіне ие аймақтың аумағы кеңейіп, соған орай мектеп саны да көбейе түсті. Бұның бәрі институт атқаратын жұмыс ауқымының көбеюіне әсер еткені белгілі. Астанадан ірге аударған мекеме бұрынғы Көкшетау облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының базасында өз жұмысын қайта жалғастырды.
Қазіргі таңда институтта 80-нен астам адам еңбек етеді. Оқытушылық-профессорлық құрамда 21 адам болса, 4 ғылым кандидаты, 36 пән әдіскерлері бар. Институт қабырғасында қоры  80 мыңнан асатын кітапхана жұмыс істейді. Жыл сайын институтта 3 мыңнан астам мұғалімдер білімдері мен біліктіліктерін көтеріп, қайта даярлау курстарынан өтеді. Институттың оқу ағарту жұмысы мұнымен шектелмейді. Жыл сайын 2000-нан астам ұстаздарды қамитын 40-қа тарта түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады.
Институтта заман талабына сай жабдықталған екі лингофондық зал бар және интерактивтік тақтамен жарақталған физика, химия кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ, жаңа үлгідегі компьютермен жабдықталған компьютерлік сыныптар да білім жетілдіру курсынан өтетін мұғалімдерге қызмет көрсетеді. 5 кафедра жұмыс істейді. Сонымен бірге, он екі жылдық білім беру мәселесімен айналысатын және мемлекеттік тілді дамытуға арналған екі зертхана және 100 орындық дәрісхана бар. Институттың өз баспасынан шығатын «Мұғалім журналы» мен «Учительский журнал» мерзімдік басылымдары да ұстаздардың сүйіп оқитын басылымдары болып отыр.  
Құрылған алғашқы күннен бастап мұғалімдердің білімін көтеру міндетін мойнына алған институт өткен 65 жыл уақыттың ішінде көптеген қайта құрулар мен өзгерістерді бастан өткерсе де, негізгі міндет бағдарын өзгертпей келеді. Ол – жас ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздардың білімдерін заман талабына сай үнемі жетілдіріп, уақыт ырғағынан қалып қоймауына жағдай жасау. Өткен мерзім ішінде институт қабырғасынан мыңдаған ұстаздар білімдерін көтеріп, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды. Сонымен бірге, институт ұйымдастыратын семинарлар, конференциялар, вебинарлар, кәсіби шеберлік конкурстары мен тренингтер, дөңгелек үстелдер сияқты көпшілік шаралардың да ұстаздарға берер игілігі аз болмағаны анық. Институт 2011 жылдан бастап жаңа бастама көтеріп, халықаралық әлеуметтік педагогикалық инновациялар жәрмеңкесін өткізіп келеді. Оған қатысатындардың ауқымы да жыл санап кеңейе түсуде. Бүгінде халықаралық жәрмеңкеге Алматы, Астана қаласы мен Атырау, Қостанай, Тараз, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары және іргелес Ресейдің Самар облысынан өкілдер қатысуда.
Бюджет қаржысын үнемді пайдаланудың нәтижесінде жыл сайын институт ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, материалдық базасын нығайтуға мүмкіндік туып отыр. Бүгінгі институт уақыт талабына сай жабдықталған, білікті мамандармен қамтылған және оқыту-ұйымдастыру жұмыстарына қажетті барлық жағдай қарастырылған орталық болып табылады. Өткен ғасырда бастау алған мемлекеттік маңызы бар міндетті жүзеге асырып отырған ұжым аға ұрпақтың еңбек жолын жалғастырып, табыс биіктеріне жете беретініне сенім мол.

Еркін ИСІМБАЕВ,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ-ның филиалы – Ақмола облысы
бойынша  педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру  институтының
директоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Көкшетау  қалалық мәслихатының депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар