Ерлердің даңқы өшпейді

9 мамыр – Жеңіс күні Ягодный ауылында Ұлы Отан соғысынан оралмаған жерлес жауынгерлерге арналған ескерткіштің ашылу салтанаты  болып өтті. 

Жиынға аудан әкімі Талғат Ерсейітов және бірқатар мемлекеттік мекемелердің басшылары, ауыл тұрғындары, басқа елді мекендерде тұрып жатқан осы елдің азаматтары қатысты.
Ескерткіштің лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынай Сейітжанов және ауылдың үлкені Анатолий Ермилов қиды.
Аудан әкімі Талғат Ерсейітов өз сөзінде «Бүгін біз тойлап отырған Жеңіс мерекесі – қаһармандық пен отансүйгіштік рухтың айғағы. Бүгінгі ұрпақтың болашағы жолында Ұлы Отан соғысы майданында  қаншама адам қан төкті. Сонау сұрапыл соғыстан Жеңіс туын желбіретіп ортамызға оралған ардагерлердің қатары жылдан-жылға азайып барады. Осындай тұлғалардың жанкешті ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету – біздің басты міндетіміз. Міне, 71 жыл бойы солардың арқасында еркіндік пен бейбітшілікте өмір сүріп келеміз. Тыл еңбек-керлерінің де Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлестері мол. Ұлы Отан соғысының өшпес даңқында қазақстандықтардың ерлігі мәңгі жасай береді», – дей келе жиналғандарды қасиетті мерекемен құттықтап, ескерткіштің жаңартылуына демеушілік көмек жасаған «Agro-Mix»  шаруа қожалығының басшылығына өз алғысын жеткізді.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынай Сейітжанов, Жарсуат ауылдық округінің әкімі Құралбек Сүлейменов, тағы басқалары сөз сөйлеп, Ұлы Жеңіс мерекесіне орай өз тілектерін жеткізді.
Бұдан кейін аудандық мәдениет үйі ұжымының күшімен  дайындалған концертте патриоттық әндер шырқалып, ел рухы және бір асқақтай түсті. Сол бір сұрапыл жылдарда Отан үшін шыбын жандарын аямаған боздақтар мен өзге де соғыс ардагерлерін мәңгі естен шығармаудың жарқын үлгісіне айналған жүрек тебірентерлік шарада ауыл   бүлдіршіндері де бейбітшілік, ерлік туралы тақпақтарын айтып, көпшіліктің көңілін толқытты. Шара соңында  ерлер аруағына ас беріліп, құран оқылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар