2016 жылдың 12 мамырында «Қазақстан» орталық концерт залында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ұжым директоры Нұрғиса Дәуешовтің, сондай-ақ, бас дирижер Арман Жүдебаевтың жетекшілігімен «Ұлы дала мұрасы» атты үлкен концерт береді.
Оркестрдің Астанада тұңғыш рет өткізілгелі отырған бұл концерті Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Мерекелік концертте халық шығармалары мен осы заманғы шығармалар, джаз, классикалық туындылар орындалады.
– Қазіргі уақытта оркестрдің репертуарын жан-жақты кеңейтіп, қазақтың дәстүрлі музыкасымен қатар, заманауи және әлем классиктерінің шығармаларын аспаптарымыздың мүмкіншілігіне қарай өңдеп жатырмыз. Ескі партитураларымызды жаңартып, электрондық жүйеге келтіру мәселелерін басты назарда ұстаудамыз. Мерекелік концерт жайлы айтатын болсақ, оған Майра Мұхамедқызы, Гүлнұр Оразымбетова, Салтанат Ахметова, Батыржан Мықтыбаев, Ерлан Рысқали, Еділ Құсайынов, Әсел Рақымжан, «Satzhan Project» тобы сияқты белгілі өнер саңлақтары қатысады. Келешекте осындай концерттерді шет мемлекеттерде де өткізу жоспарымызда
бар, – деді брифингте оркестрдің бас дирижері Арман Жүдебаев.
–Бүгінгі таңда біз Қазақстанның аспаптық музыкалық өнерінде 82 жылдық тарихы бар, бастау негізінде академик Ахмет Жұбанов тұрған осындай тұңғыш оркестр болып табыламыз. Ұжым репертуарында 4 мыңнан астам шығарма бар.