Мұның алдындағы екі ойында «Ақтөбе» мен «Астанадан» 1:0 есебімен ұтылып қалған Көкшетаудың «Оқжетпес» клубы премьер-лиганың оныншы турында ірі есеппен жеңіске жетті.
Бұл жолы Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» командасына қарсы ойнаған оқжетпестіктер нағыз жеңіске деген жігер танытты. Ойын басталғаны сол-ақ екен, Виталий Волков сол қанаттан доп берген Марат Хайруллин қақпаны дәл көздеп, алғашқы голдың авторы атанды. Бұдан кейін Серж Бандо, команда капитаны Әлібек Бөлешевтің де есепті еселей түсуге мүмкіндіктері болды. Дегенмен, бірінші кезеңнің соңына таман көкшеліктер бәрібір есепті 2:0-ге жеткізді.
Ал, ойынның екінші кезеңінің он үшінші минутында Жасұлан Молдақараевтың дәл соққан добымен есеп одан сайын ұлғайды. Ойынның соңына таман алаң иелері бір гол соғып, оған Марат Хайруллин осы ойындағы екінші голымен жауап берді. Қорытынды есеп 4:1. Осы жеңістен кейін жерлестеріміз турнир кестесінің үшінші сатысында келеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретте: қарсыластар қақпасына доп соғудың қуанышы.