Нақты иесі болуы тиіс

Халықтың жер мәселесіне алаңдауына түсіністікпен қарауымыз керек. Жер тағдыры  – ел тағдыры. Жер – біздің  ең басты байлығымыз. Әлемдегі түрлі қақтығыстар, саяси күрестер мен шиеленістер осы жер дауынан туындайды.

Сондықтан, халықтың жер мәселесіне  өз ой-пікірлерін ашық білдіруі  түсінікті жайт. Осыған орай, Елбасымыздың өзі «Жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық  қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», – деп атап өткен еді. Жер кодексінің түзетулер мен толықтырулар енгізілген төрт нормасына мораторий жариялап, осы мәселені шешу үшін Үкіметке нақты тапсырма берген Мемлекет басшысы халықтың пікіріне бейжай қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Ендігі міндет халық арасында пікір тудырған Жер кодексінің нормаларын жан-жақты талқылап, көпшілікке түсіндіру. Мұны ертерек қолға алу керек еді. Дегенмен, «ештен кеш жақсы» демекші, аталған мәселені эмоцияға бой алдырмай,  дау-дамайға ұрынбай, салиқалы түрде ақылға салып, байсалды шешу керек деп ойлаймын. Оған әлі уақыт бар. Жыл соңына дейін билік пен халық бір шешімге келетіні сөзсіз. Ол үшін әрине, туындаған мәселені халыққа терең түсіндіріп, ақылдасып атқарған абзал.
Қазақта «Иесіз қалған жер жетім» деген сөз бар. Жер бос жатпауы керек. Иесіз жатқан жер тозады. Сол себепті, бұл жерді халықтың ырысы ретінде пайдалануымыз қажет.  Жер кодексіне енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты –  жерге меншік иесін табу, оның құнарлығын арттыру, тиімді пайдалану. Меншік иесін табудың жолы, меніңше, оны қазақстандық азаматтарға сату деген сөз. Жалға беру бір бөлек. Жалға берілген көп жерлер бос жатыр. Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтарымыз мыңдаған гектар жерді жалға алып, анау-мынау сылтаумен оны толық игере алмай жатыр. Ал, игергендері кәсібін дамытуға қосымша жер телімін таба алмай дал болуда.
 Біз де кезінде заман ағымынан қалыспай бірді бірге жалғап екеу қылып, сонау 2005 жылдары 25 шаруа қожалығын біріктіріп, «Шілікті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған болатынбыз. Одан кейін бірсыпыра уақыт өтіп, зейнеткерлікке шыққаннан соң жолдасым екеуіміз қол қусырып отырмай «Жібек жолы» кафесін ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналыстық. Осы күні тойханамыз бар. Осының бәріне адал еңбектің арқасында қол жеткіздік.
Сондықтан, бүгінгі таңда қоғам арасында үлкен пікірталас нысанына айналған жер мәселесін бір ретке келтіретін уақыт жетті деп ойлаймын. Жер реформасын жүзеге асыру арқылы осы мәселенің шешілетініне сенімім мол. Ең бастысы жердің иесі оған қожайын ретінде қарап, мол өнім алуға тырысуы қажет.  

Жібек СЕЙІЛОВА,
«Сейілов» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің директоры.
Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар