Жер бос жатпауы керек

Бүгінгі таңда ең басты құндылық – ол еліміздегі тұрақтылық, жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Соңғы кездегі жер мәселесіне қатысты пікірлер қоғамда біраз алаңдаушылық туғызды.

Осы орайда, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексінің түзетулер мен толықтырулар енгізілген төрт нормасына мораторий жариялау арқылы дұрыс шешім қабылдады. Мемлекет басшысы Үкіметке және Парламентке нақты мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма берді. Жер бос жатпауы керек. Жердің құнарлылығын жақсарту мақсатында жаңа технологияларды қолдану қажет. Өйткені, Қазақстан тұрғындары толығымен ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынады.  Сол себепті, азық-түліктің сапалы болғаны маңызды.
Біздің аудан аграрлық өңір саналады. Өзім басшылық жасайтын «Фермер-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егіншілікпен айналысады. Бүгінгі таңда шаруашылықта 116 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлығы 191 мың теңгені құрайды.
Шаруашылық балансында барлығы 30,8 мың гектар жер телімі бар. 2015 жылы егістік алқаптың көлемі 21,5 мың гектарды құрады. Қазіргі заманғы озық технология мен агроөнеркәсіптік талаптарды орындау арқылы былтырғы жылы әр гектардан 19,3 центнер астық жинадық. Жақсы өнім алу үшін жерді міндетті түрде өңдеп, жаңа технологияларды қолдану қажет. Сондықтан, шаруашылық ылғал сақтағыш технологияларды және минералды тыңайтқыштарды қолдануға көбірек көңіл бөлуде. Осы мақсатта биылғы жылы 1072 тонна минералды тыңайтқыштар алдық. Алдағы уақытта өнімділігі жоғары бидай сор-тын өсіруді қолға алатын боламыз.
Сондықтан, Жер кодексінің төрт нормасына жарияланған мораторийді дұрыс түсінгеніміз абзал. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жерге меншік құқығы инвестиция көлемін ұлғайтуға, жер ресурстарын жақсартуға, ауыл шаруашылығы өнімділігі мен жұмыс қамту деңгейін арттыруға септігін тигізеді. Бір сөзбен айтқанда жер реформасы ешқашан өндірісті төмендетпейді, керісінше әрдайым тиімді нәтижелерге алып келеді.
Демократиялық елдердің барлығында кез-келген мәселені талқылаған кезде көпшіліктің дауысына қарай, ыңғайына қарай жығылады. Сол себепті, жерге қатысты айтылған халықтың әрбір пікірі ескерілуі керек. Заңның әрбір бабы бойынша Елбасының  айтып отырған тапсырмасы халықтың ортасына барып түсіндірілуі тиіс. Сонда ғана бір нақты шешім шығаруға болады.

Валерий ПЕЛЬЦЕР,
«Фермер-2002» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің директоры,
облыстық мәслихаттың депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар