Зауыт өзін қайта таныта бастады

Ауыл шаруашылығы техникаларының ескісін жаңартып, жаңасын шығаруды жолға қойған Ақкөл қаласындағы «Комсомол» механикалық-жөндеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы үрдістен шығуға тырысып бағуда. Іргесі сонау 1945 жылдары Новоишим және Комсомол МТС-ының негізінде қаланған зауыттың өндіріс саласындағы орны бөлек. Кеңестік кезеңде Қазақстанда осындай 70-ке жуық жөндеу зауыттары болыпты. Кеңес Үкіметі ыдырағаннан кейінгі 90-шы жылдардағы дағдарыс «Комсомол» механикалық-жөндеу зауытын да айналып өтпеді. Көптеген цехтары жабылып, жұмысшылардың еңбекақысын төлеудің өзі үлкен мәселеге айналды. Сол кезде қолда бар қондырғылар мен жабдықтардың көбі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.
Кейін ел экономикасы қалпына келе бастаған 2000 жылдары аталған серіктестікке де бәрін қайтадан бастауға тура келді. Қазір мұнда компрессор, мотор, балқыма құю және оттегі сияқты төрт цех жұмыс істейді. Кәсіпорын әр түрі ауыл шаруашылығы агрегаттарын шығару және жөндеумен қатар, көктемгі егіс кезінде пайдаланылатын шетелдік кешендерге қосалқы бөлшектер жасаумен айналысады. Әсіресе, құю цехының сақталуы зауыттың мақтанышына айналып отыр. Кезінде жабылу қаупін бастан кешкен балқыма құю жұмыстары соңғы жылдары жандана бастады. Бастапқыда зауыт онға тарта ауыл шаруашылығы техникаларын күрделі жөндеуден өткізсе, қазір бұл көрсеткіш 360-қа жетті. Техникаларды дайындау барысында ең кішкентай бөлшектерден бастап, толықтай жинастырудың үдерістері осы зауытта жүзеге асады. Соңғы жылдары көктемгі егіс жұмыстарына қажет төрт тағанды соқа өндірісі игеріле бастады. Олар тапсырыс берген шаруа қожалықтары тарапынан оң бағаланып, қолға алынған жұмыстар өз нәтижесін беруде. Сол себепті, биылғы көктемгі егіс жұмыстарына қажет ауыл шаруашылығы техникаларына тапсырыс берушілердің саны көбейіп, өнім көлемі арта түсті. Серіктестік директоры Алексей Тимошиннің (суретте) айтуына қарағанда, осы күні ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті қосалқы бөлшектер шығарумен және өңдеумен айналысатын зауыт жұмысы қарқын ала бастаған.
– Зауытта «Хорш», «Бюллер», «Класс», «Джон дир» және «Кейс» тәрізді шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті қосалқы бөлшектер мен өрт гидранты, су ағызатын колонка, С-415 М60 компрессорлар шығарылады. Сондай-ақ, егіс кешендері мен соқа, тырма құрастырылады. Дайын өнім негізінен Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарына шығарылады. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында барлығы 62,7 миллион теңгенің өнімі өндірілді, – дейді кәсіпорын басшысы.
Ірі тапсырыс берушілердің қатарында «Алиби», «ТНК» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты өңірдегі ірі шаруашылық құрылымдары бар. Сонымен қатар, Бұланды, Шортанды аудандарындағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен де тығыз байланыс орнатылған. Бұдан басқа кәсіпорын «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында суағарлар жасау үстінде. Уақыт талабына сай технологиялық үдерістерді жаңғыртуға тура келеді. Бұл мақсатта әзірше фрезерлік станок сатып алынды. Зауытта сыйымдылығы сағатына 400 келі болатын балқыту пеші де орнатылған. Осының бәрі зауыт жұмысының ілгері басуына септігін тигізуде.
Елбасы өзінің Ұлт жоспарында өндірісті игеруде жаңа технологияларды қолданатын, өнімділікті тұрақты арттыратын, үздік әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істейтіндерге сенім артып отырғаны белгілі. Сондықтан, аталған зауыт ұжымы осы күні ілдебайлап көштен қалмау үшін емес, сұранысқа сай, тұтынушыларының көңілінен шығуға тырысып бағуда. Ресейлік станок қондырғылары қазіргі қолданыста жүрген ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті қосалқы бөлшектерді шығарып, сынғанын жөндеуге өте қолайлы.
Кәсіпорында 50-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың барлығы дерлік өз ісінің мамандары. Кез-келген тоқтаусыз жұмыс процесі кадр мәселесіне келіп тірелетіні белгілі. Осы ретте, кәсіпорын басшысы алғашқы күннен бастап фрезерлеуші, токарь, құюшы, гальванист сияқты жоғары білікті мамандарға сенім артып, өнім сапасына жете көңіл бөлген. Өз ісіне шебер мамандардың жұмыстарының арқасында қазір тапсырыс көлемі ұлғайып келеді.
Жұмысшыларына дұрыс еңбекақы төлеп, жұмысқа деген қызығушылығын арттыруға барынша мүмкіндік жасауды мақсат еткен зауыттың бүгінгі қадамы жаман емес. Қазір жұмыс істеуге тілек білдірушілер саны артып, мамандар тапшылығы азая түскен.
Кәсіпорын болған соң қиыншылықтар да кездесіп жатады. Зауыт жұмыс істегеннен бері талай-талай қиын кездерді бастан өткерсе де, бірде-бір рет жұмыс тоқтап, жұмысшылардың еңбекақысын кешіктіру сияқты жағдайлар болған емес. Бұны зауыт басшылығының жұмысты дұрыс ұйымдастыруының нәтижесі десе де болады.

 

Аслан ОСПАНОВ

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар