Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ақмола облысы музейлерінің «Ғасырлар мұрасы» атты көрмесінің ашылу салтанаты болды.
Көрме «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы және Қазақстан Респуб-ликасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр.
«Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы біраз уақыттан бері жалғасып келеді. Бұл жоба шын мәнінде өзін-өзі ақтайтын жоба. Себебі, біздің аймақтарымызда қаншама құнды мұралар, бағалы экспонаттар бар. Оны алып келіп астаналықтарға, Астана қонақтарына көрсету игі бастама. Мұнда тек қана қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл әлемге ұялмай көрсетуге болатын экспонаттар бар», – деді Д.Мыңбай.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және Ақмола облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған көрме өлкенің көпғасырлық мұрасымен және қоғамның заманауи көркемөнерінің беталысымен таныстырады.
Көрмеге арнайы қонақ ретінде шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ж.Ерғалиев өз сөзінде: «Біздің тарихымыз сонау көне дәуірлерден бері ескерусіз қалып келді. Кейбір бағалы жәдігерлеріміз талан-таражға түсіп, әлемнің кейбір мұражайларына кетіп қалды. Қазір ел Тәуелсіздігінің арқасында халқымыздың бай тарихи мұраларын жинақтауды бір жүйеге келтіріп жатырмыз. Қазақ елінің қай өңірі болсын біз үшін қасиетті киелі өңірлер. Сондықтан, олардың мәдениеті мен тарихын танып біліп, дәріптеп отыруымыз керек», – деді.Көрмеге Ақмола облысының және Степногорск тарихи-өлкетану музейлері топтамаларының аймақта жүргізілген экспедициялар барысында жиналған археологиялық артефактілері ұсынылды.
Экспозициядағы біртуар мемлекет қайраткері, қолбасшы, дипломат Абылай хан және оның үзеңгілестері туралы материалдардың, Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ бидің парсы кілемінің бір бөлшегінің орны ерекше. Кілемді 1840 жылы Омск губернаторы Саққұлақ биге сыйға тартқан, ал 1991 жылы Ерейментау тарихи-өлкетану музейі ашылған кезде оны Әлихан Барлыбаев музейге өткізген. Сонымен қатар, Көкшетау қаласының әдебиет және өнер музейі қорындағы Бөгенбай батырдың арнайы сусын ішетін ыдыс – «құтысы», Қанай бидің сабы бар тостағаны – «саптыаяғы» сияқты бірегей жәдігерлер бар.
Көрмені тамашалау 20 шілдеге дейін жалғасады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Астана.