Сөйлейді жүрек сағынып…

Көктемнің келгеніне де, мінеки, екі айдың жүзі болды. Қыстың қақаған аязды күндерінде өзімше тезірек көктем келсе ғой деп армандаушы едім. Бірақ, неге екенін білмеймін, сол мен күткен көктем есігімді əлдеқашан  қақса да, оның келгеніне бір шаттанбаппын да, қуанбаппын да.

Əлі сол баяғы қыстағыдай бір нəрсені күтумен жүрмін. Жүрегім нені қалайтынын да білмеймін.
Неге мен осындай болып кеттім екен? Есейген сайын көктемнің керемет құбылыстарын көрмейтін болдым. Қазір табиғат-анамен мүлде тілдеспеймін. Бала кезімде дəл мұндай емес едім. Наурыз айы өтіп, сəуір туатын кез ағам мен сіңілім үшеуімізге далада асыр салып ойнайтын ең тамаша мезгіл болатын. Еріген қар суы-на қағаздан кішкентай қайық жасап жіберіп, оның жүзгенін ұзақ қызықтап тұратынбыз. Енді бір күні орманға барып, қайың ағашының бүйіріне шеге қадап, шыны ыдыс іліп кететінбіз. Келесі күні орманға қайта келгенімізде əлгі ыдыс шырынға толып тұратын. Шіркін, сол кездегі қайың суының дəмі осы уақытқа дейін аузымнан
кетпейді.
Қысқасы, көктемнің əр күні біз үшін сондай қымбат-тын. Бəйшешектер шығатын уақытты құрбыларымызбен асыға күтіп, сол сəт туғанда қырға аналарымызға гүл теріп əкелуге асығатынымыз əлі есімде. Сонда айтамын-ау, небары сегіз-тоғыз жасар баламыз. Үйге кірмей-ақ, табалдырықта тұрып есікті жартылай ашып, басымызды алға қарай созып анамызға қайда баратынымызды жылдам айта саламыз да, өзіміз достарымызбен ауыл сыртына ойнауға кете беретінбіз. Ал, қазір баланы өйтіп көзден таса қылып бір жаққа қараусыз жіберіп көріңіз. Қалада тұратын ата-аналардың бəрі балаларын жалғыз далаға шығармауға, көбіне үйде ұстауға тырысады. Сол себепті де, қазіргі өсіп келе жатқан ұрпаққа табиғат-анадан гөрі, ұялы телефон, теледидар, ғаламтор жақын. Өзгені қойып, мына өзім де қызымды солай тəрбиелеп жатқанымды несіне жасырайын? Үлкендер өзіміз күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүреміз деп, бауыр еті баламызды да сол қарбаластың ортасына əкеп отырғызып қойғандаймыз.
Таң атса болды кештің батуын, бөпеміз ояна қалса, тезірек тағы ұйықтауын, қонақты шақырып алып, оның кетуін, сол сияқты көктем келсе, біткенін, артынша жаздың жылдам келуін күтеміз. Солай тек күтумен ғана жүріп, жаздың да өткенін, жалпы, өміріміздің қалай таусылғанын білмей қаламыз-ау. Одан да бүгінгі барымызды бағалап, əр нəрсені неге сол күйі қабылдамасқа? Баламызға, не өзімізге суық тие қалса да, оған ауа райын кінəлап, жазғыруды шығардық. Көп кісілердің аузынан «қазіргі жаз – жаз емес»  деген сөздерді жиі естимін. Сонда жаздың жаз болмай кеткенін қалай түсінуге болады? Мүмкін, табиғат емес, біздер  адамдар өзгерген шығармыз. Адам баласы айналасында болып жатқан құбылыстарға мəн бермей, өзінің қара басын ғана күйттеп кеткендіктен, табиғат-ана да бізге осылай  өпкесін білдіріп
жатқан шығар. Шынында да, табиғатпен тілдесуді қойдық. Қырда əндетіп жүріп, гүл теретін сырлас қыздары болмағандықтан ба, əйтеуір жер-ананың бетінде бала кезімдегідей кілемдей төселіп жайқалып өскен қызғалдақтарды да көрмейтін болдым. Бəлкім, олар ауылда əлі бар шығар. Бірақ, мына қала қос жанарымды соқыр етіп, жан дүниемді қамап тастағандай. Жүрегімде əйтеуір бір өлмейтін сағыныш қана бар. Ауылда, Ортағашымда өткен балалық шағыма деген сағыныш…
Қой, қашанға бүйтіп күтумен жүре беремін. Өмірді, көктемді қызықтайын. Қызыма табиғатты шексіз сүюді үйретейін. Балалық шағымды қайтара алмасам да, бар нəрсеге қанағат етуді үйренуге тиіспін. Көктемнің шұғылалы сəулесін сездірген Жаратқан иеме мың алғыс. Ал, сіз көктемнің келгеніне қуандыңыз ба, əлде жүрегіңіз беймəлім нəрсені əлі күтіп жүр ме?

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар