Шәкірт білімінің сыналар кезі жақын

Биыл облысымыздағы мектеп бітіретін 4323 түлектің 3245-і Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге өтініш білдіріпті. Қалғаны дәстүрлі емтихан тапсыруға бел буып отыр. Тестілеуге  қатысуға ниеттенген мектеп бітірушілердің саны өткен жылмен салыстырғанда сынық сүйем жоғары екенін атап өткен жөн. Оның ішінде, 1954-і тестілеуді қазақ тілінде, 2368-і орыс тілінде тапсыратын болады.

Мектеп бітірушілер мен ата-аналарды әуре-сарсаңға салатын Ұлттық бірыңғай тестілеудің уақыты да таяп қалды. Өмірдің ең алғашқы сынағына түскелі тұрған түлектер жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін түн қатып, түс қашып дайындалу үстінде.
Ұлттық бірыңғай тестілеу маусым айының  2-15 маусым аралығында өткізілмекші. Жыл өткен сайын сынақ тапсыру тәртібі  қатаңдатылып, қойылар талап күшейе түсуде. Бұған тестілеу барысында тәртіп бұзушылықтың жиі орын алуы себеп болып отырғаны белгілі. Сынақтың әділетті өтуі үшін  аудиторияларда  ұялы телефон желісін тұншықтырғыш қондырғылар мен бейнекамералар орнатылып, жергілікті жерден құрылған кезекшілер  тестілеу барысына қатаң бақылау жүргізеді. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері де қатыспақшы.  Сынақ тапсырушы тәртіп бұзған жағдайда бірден автоматты түрде тест тапсыру құқығынан айырылады. Осылайша  түрлі қондырғылардың көмегіне жүгінеміз деп ойлаған түлектер сынақты өз білімімен тапсырып шығуға дайын еместіктерін көрсетеді. Өкініштісі сол, оңай жолмен жоғары баға аламын деушілер қатары азаймай келеді. Тіпті, тестілеудің алдында кітаптың бетін парақтамай, аудиторияда ұялы телефонды пайдаланудың әдіс-тәсілін ойластырып жүргендер қаншама?!
2015  жылдың қорытындысына көз жүгіртер болсақ, облысымыздағы тестілеуден өткен түлектердің орташа көрсеткіші 78,2 балды құраған. Тестке қатысқандардың 77,6 пайызы ғана шекті балл  алды. Атбасар, Ақкөл, Ерейментау аудандары мен Көкшетау қаласының төрт түлегі ең жоғары 123 балға қол жеткізіпті.  «Алтын белгіге» үміткер 183 баланың тек 83-і ғана өздерінің білімдерін дәлелдеген. Ал, биыл сынақтан өтуге шешім қабылдағандардың ішінде 181 бала «Алтын белгіден» үмітті болса, 65 түлектің ерекше үлгідегі аттестат алуға мүмкіндігі бар. Өткен жылдан бастап аттестатқа тестілеу мен пән бойынша жылдық бағаның қорытындысын негізге ала отырып, орташа арифметикалық сомасындағы құрамдық баға қойыла бастады. Облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі және орта білім бөлімінің басшысы Ботагөз Дүйсенованың айтуынша, ағымдағы жылы  ұлттық бірыңғай тестілеудің  ережесінде ешқандай өзгешелік жоқ. Сынақ биыл да жылдағыдай 11 тестілеу пунктінде өткізілмек. Тек осы жылдан бастап тестілеуде қажетті балл жинай алмаған түлектер тамыз айында базалық жоғары оқу орындарында екінші рет тест тапсыратын болады. Қайта тапсыру ақылы түрде өткізіледі. Оның құны  2242 теңге деп белгіленіп отыр. Ал, тест нәтижесі Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – 70 балл, басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – 50 балдан кем болмауы шарт.
Шортанды ауданы Новокубанка орта мектебінің 11 сынып оқушысы Ақбота Тұрысхан Ұлттық бірыңғай тестілеу жөнінде  өз пікірін былай білдірді.
–Тестілеуге жіті дайындалып жүрмін. Тоқсан балдың үстінде жинармын-ақ деген үмітім бар. Қажетті балды жинай алмағандар тестінің тым күрделілігін айтып, реніш-ашуға бой береді. Меніңше, он бір жыл бойы жақсы оқыған оқушы өз деңгейін көрсете алатыны анық. Сонымен бірге, талаптың күшейтілуі, сынақтың әділ өтуіне септігін тигізеді.
Десек те, жас түлек алдын ала тестілеуге қатысқан сайын толқитынын жасырмады. Иә, тестілеу  тек мектеп оқушыларының ғана емес, әрі оларды білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың да таусылмас жырына айналып отыр. Ұстаздар оқушысымен бірге қобалжып, иненің үстінде отырғандай күй кешеді.
– Cынақ оқушылардың санасына ауыр салмақ түсіреді. Бес пәнді бірден орындап шығу өте қиын. Сол себепті, шәкірттеріме ылғи жеңілден қиынға ойысуға кеңес беремін. Әсіресе, сабағын жақсы оқыған оқушылар тестілеу алдында  қатты толқиды. Ал, тест тапсыруға ден қойып дайындалмаған түлектер бағына сенумен болады. Осы орайда, үздік мектеп бітірушілердің сүрінгенін көру тым ауыр. Оған қоса, ұстаз мәртебесі оқушысының тестіні жақсы нәтиже көрсетуімен өлшенетін болған. Осы жылғы түлектердің ішінде үш «Алтын белгіден» үмітті оқушы бар. Олар қосымша сабақтардан қалмай, сәйкесінше өз білімдерін дәлелдеп келеді, – дейді Еңбекшілдер ауданы Макинка орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гауһартас Ахметова.
Ұстаздың бұл сөзінің  жаны бар. Шыны керек, тестілеудің әлсіз тұстары көп. Сынақ құтты карта ойыны сияқты. Тест жауаптарын ойланбастан белгілей салған түлектердің кейде бағы жанып, мемлекеттік грант иегері атанып жатады. Осындай оқиғалардың куәгері болған мектеп бітірушілер  аса маңызды сынға дайындық барысында күйзеліске түсетіні де анық.
Оқушылар білімі таразыға салынатын сын сағаты жақын. Нәтиже қандай болатынын уақыт көрсетеді.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар