Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жер мәселесі талқыланды - АРҚА АЖАРЫ

Жер мәселесі талқыланды

Кеше М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Ақмола облысы Қоғамдық кеңесінің Жер реформасы бойынша кеңейтілген мәжілісі болып өтті.

Мәжіліс жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров қатысып, туындаған мәселелерге түсінік беріп отырды және қорытынды сөз сөйледі. Қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым, мемлекеттік органдар, саяси партиялардың филиалдары мен қоғамдық ұйымдардың  өкілдері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, еңбек ардагерлері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының  басшылары, БАҚ өкілдері қатысқан мәжілісті ашып, жүргізіп отырған облыстық мәслихаттың хатшысы, Ақмола облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Дулат Нұрмолдин өзінің кіріспе сөзінде Жер кодексінің қоғамдық резонанс туғызған  кейбір нормаларына Елбасының мораторий жариялағанын айта келе, бүгінгі таңда қоғамымызда осы мәселе бойынша кең көлемді түсінік жұмыстарын  жүргізу қолға алынғандығын атап көрсетті.

 

Үкімет жанынан бірінші вице-премьер Б.Сағынтаевтың басшылығымен бүкіл мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Жер реформасы бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Бұл комиссияның құрамында біздің облысымыздан да ауыл шаруашылығы саласының 3 өкілі бар. Облысымызда құрылған  осындай комиссия мүшелері де бүгінгі таңда жер-жерде тұрғындармен кездесулер өткізіп, Жер реформасын түсіндіру шараларымен айналысуда және халықтың осы орайдағы ұсыныс-пікірлеріне құлақ түруде. Осындай жұмыстар Ақмола облысы Қоғамдық кеңесінің тарапынан да белсенді түрде қолға алынып отыр. Соның бір айғағы, бүгінгі өткізіліп отырған кеңейтілген отырыс екендігі айқын. Оның барысында ортаға салынған ой-пікірлер мен ұсыныстардың бәрі  жинақталып, Жер реформасы бойынша құрылған республикалық комиссияның  назарына ұсынылады.
Мәжілісте алдымен сөз берілген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина Жер кодексіндегі мораторий жарияланған баптарға тоқтала келіп, былай деді:    
–Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында елімізді әлемнің бәсекелестікке қабілетті отыз мемлекетінің санатына енгізуге бағытталған міндеттер анық көрініс тапқан. Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жекеменшігіне беру жөнінде Қазақстан Республикасының Жер кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар 2016 жылдың 1 маусымында күшіне енуі тиіс болатын. Дегенмен, халыққа жаңа Жер кодексін түсіндіру мақсатында Елбасымыз заңға 2017 жылға дейін мораторий жариялады. Осы орайда, жер-жерде жерге қатысты құрылған комиссиялар заңдағы өзгерістерді жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарымен айналысуда. Жаңа заңда жердің ең алдымен, еліміздің азаматтарына ұзақ мерзімге жалға берілуі және кадастрлық құнына сай аукцион арқылы сатылуы көзделген.  Ақмола облысы аумағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 10 миллион гектарын жекеменшік жер пайдаланушылар жалға алып отыр. Өкінішке орай, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылмай жататын жағдайлары да ұшырасады. Кодекстегі жаңа өзгерістер сондай пайдаланылмай жатқан жерлерді тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек. Қалай десек те, жерге қатысты заңнаманы халық болып талқылап, көпшіліктің мүддесіне сай келетін жағын қарастыру қажет. Өйткені, жер біздің ең басты байлығымыз. Осы жылдың аяғына дейін жерге қатысты заңды талқылауға, ұсыныстары мен ой-пікірлерін білдіруге әркімнің де мүмкіндігі бар.
Бұдан әрі сөз Ақмола облысынан  Жер реформасы бойынша құрылған республикалық комиссияның мүшесі болып табылатын Зеренді ауданы «Қараөзек» агрофирмасының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақовқа берілді:
– Елбасының тапсырмасына сәйкес Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылғандығынан бәріңіз хабардарсыздар, – деді ол. Құрамына 75 адам кіретін комиссияға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық етеді. Комиссия құрамында Сенат және Мәжіліс депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, агробизнес саласының өкілдері, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар. Бір айтып өтерлігі, комиссияда еліміздің барлық өңірлерінің өкілдері тегіс қамтылған. Қазіргі күні халықты барынша мол, тегіс қамту үшін облыстық әкімдіктің жанынан жұмыс комиссиялары құрылып, осы мәселеге байланысты іс-шаралар жандандырыла түсуде. Оның үстіне арнайы портал іске қосылып отыр. Онда да жоғарыда айтқан комиссияның жан-жақты жұмысы туралы барлық ақпарат жарияланады. Облысымыздың кез-келген тұрғыны өздерінің сұрақтарын қойып, жауабын ала алады. Комиссияның алғашқы отырысында 63 адам сөз алып, өздерінің пікірлерін білдірді. Шынын айту керек, тақырып біреу болғанымен, пікірлер сан алуан болды. Осы арада бір айта кететіні, еліміздің барша адамдарын толғандыратын осы бір жайды теріс пиғылды әлдебіреулердің арандатушылық мақсатында пайдаланып кетуіне жол бермеуіміз керек.
Шынтуайтында жер туралы мәселе асығыстықты көтермейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қадап айтқанындай, ондай заңның қаншалықты қажеті бар? Бұл арада түйткілді мәселе көп. Бұған дейін өздерінің еңбек өтілі, отбасының адамдарына байланысты жер үлесін иеленген пайшылардың жағдайы қандай болады? Олар өздеріне тиесілі жерді сатып ала ала ма, әлде шамалары келмей ме? Жалға алған жерлері бар адамдардың өз жерлерімен ауыл шаруашылығы құрылымдарына біріктірілгендігін білеміз. Енді түпкі иесі жерді сатып ала алмайтын болса, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жетекшілері сатып ала ала ма? Онда жер кімдікі болады?
Әр ауданның топырақ құнарлылығына байланысты жердің бағасы да әртүрлі. Мысалы, біздің Зеренді ауданында бір гектар жердің құны 30 мың теңге делік. Бес мың гектар жер себетін серіктестік сатып алу мерзімі он жылға ұзартылған жеңілдік бойынша құнын төлеген кезде әр жыл сайын осынша жерге 15 миллион теңгеден төлеуі қажет екен. Егер жерді жалға алса, онда жағдай басқаша. Сатып алуға кеткен ақшаны жаңа техникаға, тыңайтқыш сатып алуға жұмсар еді. Егістік алқаптары уақытында өңделіп, агротехникалық шаралар жеріне жеткізіле жүргізіліп, жердің құнары да арта түсер еді. Қазіргі күні диқандар жалға алған жерлерін дұрыс күтпейді дейтін жаңсақ пікір бар. Ол мүлде дұрыс емес, өзіміз жыл сайын қат-қабат науқандық жұмыстардың басы-қасында жүргендіктен жақсы білеміз. Жермен айналысатын, ырыздығын содан айырып отырған диқандардың қай-қайсысы болсын, өздері өнім алулары үшін егістік алқаптарын күтіп-баптауға міндетті. Оған жыл сайын субсидия да беріліп жатыр ғой. Жермен айналысатын адамдарды алаңдатып отырған ендігі бір мәселе, жалға алу уақыты біткен соң жерге кім ие болады?
Жалпы жер мәселесін айтқан кезде жалғыз жердің ғана жайы емес, елдің де жайы сөз болуы керек. Қазір шалғайдағы шағын ауылдардың бірсыпырасы ауыз су проблемасына тап болып отыр. Оның үстіне аудандық маңыздағы жолдардың да жағдайы нашар. Осындай тұрмыстың қиындығын тартып отырған шағын ауылдардың адамдары анда, мында  көшіп жатқандығы да ешкімге жасырын емес. Сондықтан да, бұл мәселеге жан-жақты қарау қажет сияқты. Жерден алынатын өнім барлық жерде бірдей емес. Оңтүстікте бау-бақша егетін жерді күтіп-баптап, дұрыс өнім алу  үшін бір гектарға кемінде 50 мың доллар қаржы салу керек екен. Ол дегеніңіз тым көп ақша емес пе. Біздің өңірде де жердің құнарлылығын арттыру үшін қаржы салу керек. Сондықтан, жерге нақты ие керек.
Бұдан кейін мәжіліске қатысушылар күн тәртібіндегі мәселені талқылауға көшті.
Серік Бейсембаев, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы:
–Біздің елімізде халықтың 47 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Жер кодексіне келетін болсақ, 1993 жылы қабылданған заңнамаға 1998, 2001, 2003 және 2008  жылдары түзетулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Соған қарамастан, сол жылдары көптеген бұра тартушылыққа жол берілді. Мәселен, кейбір жер телімдері тұрғындардың сыртынан кепілге қойылып, екінші деңгейлі банктердің меншігіне өтіп кеткен.
Сондықтан, аталған комиссияға осы бағытта тұрғындардың пайы бойынша жұмыс істеу де қажет. Біз Елбасы жариялаған мораторийдi қолдаймыз. Бiздiң ойымызша, осыны пайдаланып, мемлекеттiк органдар, саяси партиялар, қоғам қайраткерлерi жер мәселесiн жан-жақты қарастырып, халыққа тиiмдi ұсыныстармен шығу керек. Қазақстанмен тiкелей шекаралас елдердiң компаниялары үшiн жердi жалға беруге шектеу қою қажет. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігі үшін өте маңызды.
Мейрамбек Қиықов, облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
–Жер мен тілдің жайы стратегиялық мәні зор өзекті мәселе болып табылады. Халықтың бірлігін сақтаудың екі шарты бар: ол тіл мен жер мәселесінің дұрыс шешілуі.  Сондықтан, бұл істе асығыс шешім қабылдауға болмайды. Көптің талқысына салып, жұртшылықтың ой-пікірін білеміз деген дұрыс, оған толық қосыламын.
Жасыратыны жоқ, жер кейбір ауылдардың іргесіне дейін жыртылып, ауыл тұрғындарының жекеменшік малын жаятын жайылым қалмаған жағдайлар кездеседі. Сондықтан, жергілікті жерлерде арнайы комиссиялар құрылып, бұл мәселе де қарастырылуы қажет. Тағы бір назар аударатын жай, кімге қанша гектар жер жалға берілді және оның құнарлылығы қандай деген мәселені де нақтылап алған жөн. Жердің құнарлылығы әр жерде әртүрлі. Сондықтан, адамдарға жерді жалға бергенде осы жай қатаң ескерілгені жөн. Жерді сату дегенге өз басым қарсымын. Қазақтың түсінігінше, жер – Ана, ал анасын сатуға бола ма? Нарықтың өз талабы бар екендігін түсінеміз, десек те, бұл арада халықтың менталитетін де ескерген дұрыс болады. Сондай-ақ, оралмандарға жерді жалға беруде шектеу қоюшылыққа жол берілмеуі керек. Жалпы, заңдағы оралман деген түсінікті түгел алып тастаған жөн. Оралман өз бауырымыз. Азаматтығын алып, еліміздің толыққанды азаматы болады. Оның орнына «азаматтығы бар» және «азаматтығы жоқ» деп жазған дұрыс болады. Ал, шет ел азаматтарына жерді жалға беру дегенге өз басым келіспеймін. Жерді жалға алып пайдаланатын өз азаматтарымыз да аз емес қой.
Қадыржан ӘБУЕВ,  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарих кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
–Жер халықтың қазынасы. Ықылым заманнан бері ата-бабамыз шет-шегі жоқ сайын даланың ырыздығын теріп, ғұмыр кешкендігі тарихтан белгілі. Бүгінгі күні қойнауы құт, төскейі ырыс осы жерге қызығушылық өршіп тұр. Іргедегі Ресейдің өз жері өзіне еркін жетеді. Жерін кеңейтуді мұрат тұтып отырған жасыратыны жоқ, Қытай. Егер олар жерді ұзақ мерзімге алатын болса, қайтып ол жер өзімізге тиер-тимесі неғайбыл. Мұндай жағдай тарихта бар, оны бүгінгі күні де көзіміз көріп отыр. Шетелдіктердің ниеті белгілі. Жер-ананың бар мүмкіндігін пайдаланып, ырыздығын түгел өз кәделеріне жаратып, тоздырып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан да, менің айтар жалғыз ауыз ұсынысым, шетелдіктерге  жерді жалға бермеу керек.
Қазір ауыл тұрғындары тек малдың сүмесімен күн көріп отыр. Ертең жер жалға берілсе, олар күнкөріс қажетін айырып отырған малын қай жерге бағады, шөбін қай жерден шабады. Тарихтан белгілі, Алаш жұртының ішкі әлеміндегі үлкенді-кішілі дау-жанжал ұлтарақтай жер үшін туындаған. Сондықтан, ішкі бірлікті сақтау, ұлттың тұтастығын, беріктігін нығайту үшін бұл мәселеде дәл осындай айқын ұстаным қажет.
Валерий Симчук, жеке кәсіпкер, Ақкөл ауданынан облыстық мәслихаттың депутаты:
–Мен сөзімді көпке созбай, қысқаша ғана ұсынысымды білдіремін. Қазіргі кезде,  шектеу,  шектеу деп жүрміз.  Менің ойымша шектеу емес,  керісінше рұқсат ету қажет. Шектеу жасағанда әйтеуір бір олқы тұстары болмай тұрмайды. Сол себепті, заңнаманы бір бөлігін ғана емес,  жүйелі түрде қарау қажет.  Рұқсат беруге келсек,  жекеменшік және жалға беру құқығын осы елде туып, өскеніне ғана беру қажет.  Қалғанына толықтай шектеу қою қажет.  Жер сатып пайда табатын трактор немесе басқа бір зат емес, онымен жұмыс істеу қажет. Мен осы ұсынысымды республикалық комиссияның мүшесі, әріптесім Нартай Ысқақовтың өзіне тағы бір түсіндіріп айта жатармын.
Әбілжан Құсайынов, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы:
–Егер жерді дәл бүгінгідей пайдаланатын болсақ, көп ұзамай тоздырамыз. Сондықтан, жерге деген көзқарасты толық  өзгерту қажет. Оны тиімді пайдаланудың жайын ойластырған жөн болады. Бүгінде облысымызда ұсақ шаруа қожалықтары көп. Не қаржысы, не техникасы жоқ олар жерді қалай тиімді пайдаланбақ? Сондықтан, осындай ұсақ шаруа қожалықтарының басын қосып, ірілендіру мәселесін шешу қажет. Сонда жерді тиімді пайдалану ісі де жолға қойылары анық. Ал, шет ел азаматтарына жерді жалға беру дегенге келсек, бүгінгі таңда ондай қажеттілік көрініп тұрған жоқ. Жерді жалға алғысы келетін өз азаматтарымыз да аз емес. Шетелдіктерге жалға беру қажет болса, онда мемлекеттік қордан, шалғай жерлерден және он жылдан артық емес мерзімге ғана жалға беруге болады деп санаймын.
Қасымхан Құсайынов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
–Ең алғаш 1995 жылы «Жер туралы» Заң қабылданып, осы заңның аясында әр адамға еңбек өтілі, отбасының құрамы ескеріліп, жер бөлініп берілді. Бірақ, қолында техникасы, ең бастысы, қаржысы болмағандықтан, ауыл адамдарының барлығы пайға берілген жерді игере алмады. Содан соң амалсыздан бір-біріне жалға бере бастады.
Қазіргі күні ұсақ шаруалар агротехникалық шараларды ойлағандай жүргізе алмауда.  Бұл жағын да ескеруіміз қажет. Ендігі бір жағдай шағын елді мекендерді сақтап қалу. Әрине, ол үшін үлкен жұмыстар керек. Менің ойымша, жерді өңдеуге күш-қуаты жетпейтін шағын шаруа қожалықтары үлкен ауыл шаруашылығы құрылымдарына біріктірілсе, мүмкіндіктері арта түсер еді. Сонда ғана жерден алынатын өнім көлемін арттыруға болады. Егер өнімді молайтуға қол жеткізетін болсақ, оны шетелдіктерге жалға берудің де қажеті жоқ. Жалпы, жердің игілігін алдымен өзіміз көруіміз керек.   
 Кеңес Сартаев, зейнеткер:
– Мен зейнеткермін. Жасым жетпіс жетіде. Елу үш жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім. Бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Ленинград ауданы шаруашылықтарының жер телімдерін кезінде «Богви» тәрізді агрофирмалар алды. Бастапқы да егін жақсы шығып,  пайдасын көрді. Кейін ондай фирмалар банкрот болды.  Сол жерлердің біразы қазір бос жатыр.
Болат Жанәділов, денсаулық сақтау саласының ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы:
–Ауыл шаруашылығына арналған жерді сату керек пе, жоқ па? Бүгінде қоғамды толғандырып отырған осы мәселеге қатысты әрқилы пікірлер айтылып жатыр. Меніңше, шекараға жақын аймақтағы жерлерді сатуға да, жалға беруге де болмайды. Егер бір серіктестіктің иелігінің елу пайызы шет ел азаматының меншігінде болса, ол әлгі жердің шын мәніндегі қожайыны болмай ма?! Ондай жерге жұрт малын жая алмайды, тіпті сол жер арқылы өтудің өзі қиын болады. Шетелдіктер инвестиция салады да, жердің пайдасын барынша көріп қалуға ұмтылады. Олардың жергілікті халықты әлеуметтік жағынан қолдауға, әлеуметтік нысандарды ұстауға көмек көрсетуі екіталай.  Осы орайда, Үкімет жерге қатысты мәселені шешуді толық мойнына алуы керек. Ауылды қолдауға қаншама қаржы бөлініп жатыр. Бірақ, соның бәрі ауылға жетіп отыр ма? Міне, осы мәселе дұрыс шешімін тапса, яғни, бөлінген қыруар қаржы ауылға жетіп, нақты кәдеге асырылса жағдай түзеледі деген ойдамын.
Бұған қоса, мәжілісте Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Болат Жұпынов та Жер кодексіне қатысты нормативтік-құқықтық актілер бойынша өзінің құнды ұсынысын білдіріп, ол да республикалық комиссияның құзыретіне  жолданатын ұсыныс-пікірлердің ішіне енгізілетін болды. Осымен Қоғамдық кеңес мәжілісі өз жұмысын аяқтады. Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров еліміз үшін  зор маңызға ие болып отырған Жер кодексі мен оның мораторий жарияланған баптарына байланысты бүгінгі айтылған ой-пікірлердің бірде-біреуі ескерусіз  қалмайтынын, бәрі қорытылып, жинақталып, республикалық комиссияның назарына ұсынылатынын баса атап көрсетті.  Қоғамдық кеңес төрағасы Дулат Нұрмолдин да өз кезегінде  отырысқа қатысушыларға осы өзекті тақырыпты талқылауға келгендері үшін ризашылығын жеткізіп, мәселенің орнықты шешілетініне сенімін білдірді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар