Мемлекеттік рәміздерді қолдану мінсіздігі – маңызды мәселе

Облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісінде  мемлекеттік рәміздерді дұрыс қолдану тұрғысында өткізілген тексерістердің қорытындылары қаралып, орын алған олқылықтарды түзетудің міндеттері мен жолдары белгіленді.

  Алдымен облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, даңғайыр диқан Тұрлыбек Әбілпейісовты облыс әкімі Сергей Кулагиннің атынан тоқсан жасқа толуына орай қызу құттықтап, Алғыс хатын табыс етті. Бір кезде атақ-абыройы, еңбектегі жеңісі мен жемісі аңызға айналған Тұрлыбек атаның даналықты даладан ұққан, маңдай термен ақық дән аялаған ғажайып ерлігі егжей-тегжейлі айтылып, шынайы құрмет көрсетілді. Өз кезегінде абыз ақсақал өзіне көрсетіліп жатқан құрмет пен қошеметке разы екендігін айта келе, батасын берді.  Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың атынан құттықтау хат табыс етіп, шапан кигізді. Облыстық кеңестің атынан ат мінгізді.   
Мұнан соң комиссия ағымдағы мәселелерін қарады. Алдымен мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссия төрағасының орынбасары Нұрлан Нұркенов мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау, патриоттық сезімдерге тәрбиелеу хақында ой толғады. Облыстық мәдениет басқармасының және жастар саясаты мәселелері басқармасының басшылары Сәуле Бөрібаева мен Ринат Галлямов күн тәртібіндегі мәселеге орай сөз сөйледі. Айталық, үстіміздегі жылдың 12 мамырында мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдану тұрғысында тексеріс жұмыстары жүргізілген. Тексеріс барысында мәдениет саласына қатысты 13 мемлекеттік мекеме қамтылған. Бірқатар кемшіліктер анықталған. Басқарма басшысы кемшіліктерді жою төңірегінде қандай нақты шаралар атқарылып жатқандығы туралы баяндап берді. Облыстық техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің бөлім меңгерушісі Айгүл Ақтаева Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы нысаны, өлшемдері мен техникалық талаптарының мемлекеттік стандарты туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Өзекті мәселеге Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Айдос Хамиев те үн қосып, аудандағы қалыптасып отырған жағдай туралы баяндады.
Еліміздің әрбір тұрғыны үшін қасиетті болып саналатын мемлекеттік рәміздер төңірегіндегі оралымды ой-толғамдарды екшеп, ілкімді ұсыныстарды құптаған комиссия төрағасының орынбасары отырысты қорытындылай келе, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар