Орман-тоғайды оттан сақтайық, көлге байқап шомылайық

«Ақмола медиа орталығында» өткен брифингте өрт қаупі мол жазғы уақытта және суға шомылу маусымында қолданылуға тиісті сақтық шаралары және өңірде осыған байланысты қалыптасып отырған қазіргі жағдай жөнінде ақпарат берілді.

Кездесуді Ақмола облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Манарбек Шапағатов алғы сөзбен ашып, одан әрі осы департаменттің басқарма басшысы Денис Шелкоплясов өрт қаупі мол  кезеңде облыс аумағындағы ормандардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде баяндама жасады. Брифингте келтірілген мәліметтерге сүйенсек, биыл өрт қаупі мол кезең сәуірдің екінші жартысынан басталған. Өрт көбінесе тұрғындардың салғырттығынан орын алып жатады. Мәселен, жыл басынан бері облыстың орманды алқаптарында 6 өрт оқиғасы тіркелді. Жалпы көлемі 6 гектарды құраған бұл төтенше жағдай мемлекетке 500 мың теңгеге жуық шығын келтірді.
Аталған департамент биылғы өрт қаупі мол кезеңге толықтай дайын. «Өрт-2016» оқу-жаттығу шаралары өткізіліп, оған жеке құрамнан 138 адам, 34 бірлік техника, «Ақкөл», «Барап» орман шаруашылығы мекемелерінен қызметкерлер қатыстырылды. Сондай-ақ, 22 орман өрт станциясы, 35 өрт бақылау мұнарасы, 63 бірлік өрт автокөлігі, басқа да қажетті техника жауапты кезеңді ойдағыдай атқарып шығуға әзір тұр.
Биыл өрт қаупі мол кезең басталысымен-ақ жауапты мекемелерден құрылған топ 100-ден астам рейд жүргізіп, соның нәтижесінде тиісті ережелерді сақтамай, құрғақ шөптерді, тұрмыстық қалдықтарды жағып, қауіпсіздік ережелерін бұзған 13 адам анықталды. Олардың барлығына 218 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Осы орайда, бұл кемшіліктер алдағы уақытта қайталанбас үшін департамент мамандары тұрғындарға сақтық шараларын бұлжытпай орындауды, яғни, орман ішінде, ғимараттан 50 метрден аспайтын жерде от жақпауды, әсіресе, желді күндері алауды қараусыз қалдырмауды қатаң ескертеді. Өйтпеген жағдайда, ереже бұзған азаматтарға 3-тен 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Бұл сақтық шаралары суға шомылу маусымына да қатысты. Көлге түскен кезде тұрғындарға өз өмірлеріне жауапкершілікпен қарап, барынша абай болған жөн. Брифингте сөз алған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Азамат Қажкенов осыны айтты. Мекеме өкілдері журналистердің қойған сауалдарына тұшымды жауап берді.

«Арқа ажараның» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар