Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин облысымызға жұмыс бабымен келген австралиялық «Iluka Resources Қазақстан» компаниясының басшысы Элисон Морли ханым бастаған іскер топ мүшелерін қабылдап, өңірге инвестиция тарту мүмкіндіктерін қарастырды.
Кездесу негізінен тараптардың танысуы мақсатында өтті. Мәртебелі меймандар арасында «Қазгеология» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ғалым Нұржанов та бар. Облыс басшысы қонақтарға өңіріміздің инвесторлар үшін қолайлы әрі мүмкіндігі зор екенін жан-жақты айтып берді.
− Облыста өнеркәсіп саласы жақсы дамыған. Республика бойынша алдыңғы қатардан көрінуіміз осыған айқын дәлел. Пайдалы қазбалар да баршылық. Бұл бағытта жұмыс істейтін компания-лар да аз емес. Олардың табысты жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалынған. Келетін болсаңыздар сіздерге де осындай жағдай жасайтын боламыз. Жалпы, облыс инвесторлар үшін ашық, − деді Сергей Кулагин.
«IIuka Resources Қазақстан» компаниясының Қазақстанға келгеніне 1,5 жылдай уақыт болыпты. Қазіргі кезде бұл компания әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істейді.
− Біздің компания АҚШ, Бразилия және Шриланка тәрізді көптеген мемлекеттерде жер асты сирек кездесетін металдарды өңдеумен айналысады. Компанияның капиталы 3 миллиард Австралия долларын құрайды. Оның ішінде 600 миллион долларын жаңа жобаларды қаржыландыруға бағыттап отырмыз. Сіздердің облыстарыңызға да қаржы салу мүмкіндіктерін қарастыруға келдік. Бір шешімге келіп жатсақ, келешекте осында сирек кездесетін металдарды өңдейтін зауыт ашу жоспарымызда бар, − деді Элисон Морли.
Компания басшысының айтуынша, өңірде жобаны жүзеге асырмас бұрын алдымен сирек кездесетін металдар қорын анықтау бойынша барлау жұмыстарын жүргізбекші. Нақты қай
ауданда жұмыс істейтіндігі тараптардың екіжақты келіссөздерінен кейін белгілі болады.
Аслан ОСПАНОВ