Жапондардың жолын таңдайық

«Арқа ажары» газетінің соңғы санынан «Білім саласындағы үштілділік: оның күнгейі мен көлеңкесі» атты дөңгелек үстелге қатысушылар пікірлерін оқып, әсіресе, осы мәселені жеріне жеткізе, діттеп айта білген Қаратай Төлекеевтің ұстанымына сүйсіндім.
Мені   7 немеремнің атасы   және жазушы ретінде   Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің  бүгінгі  жүргізбек  білім реформасы  толғандырады. Бұл сайып келгенде, ақиқатына көшер болсақ,  білім реформасы емес, тіліміздің тұғырын  төмен түсіретін реформа  деп  ойлаймын. Аталмыш қадамның  Ата Заңымызға, яғни, Конституциямызға да  қайшы келетінін  министрдің   білмеуі  мүмкін емес. Есімізге түсірейікші: Қазақстан  Конституциясының  19 бабының екінші тармағында:  «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін  пайдалануға, қарым-қатынас, оқу  және  шығармашылық тілін еркін  таңдап алуға құқығы бар»  делінген. Ендеше, Сағадиев мырзаның мұнысы несі? Рас, бүгінде әлемде ағылшын  тілінде сөйлеушілер саны  1,5  миллиард. Дүниежүзінде әлемнің  бәсекеге қабілетті  10  елінде  көптілділік бар, оны  білеміз. Ал, тәуелсіздігіне небары  25 жыл болған қазақ мемлекетінің  бүгінгі жағдайын сол  10 елмен салыстыруға бола ма. Осыны да  ойлап көрген жөн шығар.
  Қазақ тілі – ұлт лингвистикасы. Қазақ  әдебиеті – ұлтымыздың мәңгілік идеологиясы. Қазақ мемлекетін құрып отырған  оның байырғы иесі, мәңгілік  тұрғыны – қазақ ұлты, халқы. Ендеше,  қазақ тілін шеттетуге  неге кіріскелі отыр, Сағадиев мырза? Бүгінгі үш тұғырлы тіл мәселесінің көтерілуі Қазақстандағы диаспоралардың  мемлекеттік  тілімізге  деген ояна бастаған ықыластарын  суыта  бастайтынын көрерсіздер әлі! Ендеше, елдегі    бастапқы білім беру толығымен  қазақ тілінде жүргізілгені  дұрыс. Мен  жазушы, немерелерімнің атасы ретінде министр мырзаның реформаларына қарсымын. Білім беруде біз жапондардың өнегесін, жолын таңдауымыз керек. Кешегі ұлы бабаларымыз, данышпан ұстаздарымыз Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаев ХХ  ғасырдың басында елін осыған шақырған. Ұлы тұлғаларымыздың аманаттарынан айнымайық, ағайындар.  
Министр Сағадиев  қолға алып отырған  білім саласының  бұл кезекті реформасы Елбасымыздың Мәңгілік Ел идеясына да қайшы деп есептеймін. Мәңгілік Ел болуымыз үшін  тіліміз, діліміз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз, ұлттық рухымыз да мәңгілік болуы керек.  Мен осылай ойлаймын.
Смағұл РАХЫМБЕК,  
жазушы.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар