Ата-аналар өнері

Көкшетау қаласындағы азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжінің қазақ бастауыш мектебінде «Мерейлі отбасы – 2016» байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты – жас отбасылардың ажырасуы көбейіп кеткен қазіргі уақытта отбасылық құндылықтарды ұлықтап, өзге жұртқа үлгі болатындай берекелі, өнегелі жанұяларды насихаттау.
Үш кезеңнен тұрған байқаудың алғашқы кезеңі «Сұрасаң, менің тегім..» деп аталды. Қатысушы өзін, отбасын таныстыруы шарт еді. «Дәстүрлер жалғасы» деп аталған екінші кезеңде отбасылар қазақ халқының салт-дәстүрін көрсетті. Ал, келесі «Өнерлі өрге жүзеді» кезеңінде өз өнерлерін ортаға салды. Биыл байқауға қатысу үшін алты отбасы өтініш білдіргенімен, тек төртеуі ғана сайыс алаңына шықты. Олар 1 «ә» сыныбының  оқушысы Ильяс Ареновтың, 2 «а» сынып оқушысы Әлинар Ақтаевтың, 2 «ә» сынып оқушысы Бейбарыс Тұрымтаевтың және 4 «ә» сынып оқушысы Әдия Нұрымжановалардың отбасылары.  
Ареновтар отбасы балаға ат қою рәсімін көрсетті. Ақтаевтар отбасы баланың тұсауын кессе, Тұрымтаевтар тілашар рәсімін көрермен назарына ұсынды. Ал, Нұрымжановтар отбасы баланы қырқынан шығару рәсімін жақсы көрсете алды. Қазылар алқасының шешімімен әр отбасына арнайы аталымдар бойынша сый-сияпат жасалды. «Салиқалы отбасы» аталымына ата-әжесімен қатысқан Нұрымжановтар, «Өнерлі отбасы» аталымына Тұрымтаевтар, «Шығармашыл отбасы» аталымына Ақтаевтар, «Мерейлі отбасы» атағына Ареновтар лайықты деп танылды. Қатысушылардың бәріне мақтау қағаздарына қоса, мектеп құрылтайшысы– «Көкше» академиясының ректоры Шоқан Қасымның атынан бағалы естелік сыйлықтар мен «Мерейлі отбасы-2016» кубогы табыс етілді.

Ұлбала ТОЙЛЫБАЕВА,
Қазақ бастауыш мектебі директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар