Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балалар үйінде тәрбиеленген жастар пәтер алды - АРҚА АЖАРЫ

Балалар үйінде тәрбиеленген жастар пәтер алды

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, бірқатар әлеуметтік-экономикалық нысандарды аралап көріп, қамқорлыққа мұқтаж жандарға баса назар аударды.

Өңір басшысы алдымен, Малотимофеевка селосындағы қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің ұжымымен кездесіп, облыс көлеміндегі әлеуметтік нысандарды жөндеу қолға алынғанын, бұл бағытта Бұланды ауданында жаңа жоба жасалып жатқанын атап өтті. 145 егде адам мен мүгедекті өз туысқандарындай күтетін әлеуметтік қызметшілерге алғысын білдірді. Облыс басшысы әлеуметтік нысанның бөлмелерін аралап көріп, қарттар мен мүгедектердің хал-жағдайларын сұрастырды. Мекеме республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Мұнда тұратын әр адамға жылына 410 мың теңге қарастырылған. Әлеуметтік мекеменің ғимараты 1968 жылы пайдалануға берілген. Әр жылдары жылумен қамту жүйесіне, бу қазандығына, ғимараттың сырты мен асханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл ғимаратқа 202 миллион теңгенің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Тендерді «Бизнес-Консалтинг ЕС» серіктестігі ұтып алыпты. Облыс әкімі аталмыш серіктестіктің басшысы Сағадат Қарайовпен жүздесіп, жөндеу жұмыстарының сапасына жіті назар аударуды міндеттеді.
   Облыс басшысы осы елді мекендегі  
№ 40 бастауыш мектебінде болып, педагогтар ұжымымен және оқушылармен кездесті. Қазір мұнда 16 оқушы білім алады. Мектеп меңгерушісі Елена Сурикованың айтуынша, білім ошағының ғимараты 1975 жылы пайдалануға берілген. Автономдық түрде жылытылады. Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында мектепке 20 миллион теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Дегенмен, білім ошағына мектеп жасына дейінгі он бүлдіршіннің демалатын және ойнайтын бөлмелері жетіспейді. Облыс әкімі тиісті басшыларға жапсарлас салынатын екі бөлменің жобасын жасауды және ойын алаңын салуды тапсырды.
Облыс әкімі аталмыш селодағы «Светоч» балалар үйі» жекеменшік мекемесінде де болды. Мұнда жетім балалар үй жағдайында тәрбиеленуде. Мекеме басшысы Лилия Соловьева өз сөзінде елу балаға арналған мекеменің 1999 жылы құрылғанын атап өтті. Одан бері мұнда 74 бала тәрбиеленіп, қазір әр салада жұмыс істейді. Көбі отбастарын құрған. Үйлеріне келіп тұратындары да бар. Мекеме қолдан келгенше оларға көмек көрсетеді. Бүгінгі таңда балалар үйі шаруашылықпен айналысып, өздерін сүт өнімдерімен, картоппен және көкөніспен қамтамасыз етеді. Өңір басшысы 26 оқушы білім алатын мектептің бөлмелерін аралап көрді. Оқушылармен кездесіп, хал-жағдайларын сұрастырды. Жетім балалардың қоғамдық өмірден тыс қалмаулары үшін облыс көлеміндегі барлық балалар үйлерінің оқушылары жалпы білім беретін мектепте оқитынын айтып, мұндай тәжірибені аталмыш мекемеге ұсынды. Тиісті басшылардың мекемеге көмектесуін міндеттеді. Облыс басшысы Қосшы ауылындағы орталық бу қазандығында болып, жұмыс барысымен танысты. «Бу қазандығы АСИ» серіктестігінің директоры Дәурен Ғалиевтің айтуынша, өткен жылы мұнда 100 миллион теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нысанның шатыры, бу қазандықтары, су сорғыштар жүйесі, түтін сорғыштар мен электр қондырғылары жөнделді. Мұнда үш бу қазандығы мен дизельдік станция бар. Жылу беру маусымында 33 мың тонна көмір жағылады. Бүгінгі таңда көмірдің қоры 6 мың тоннаны құрайды. Бу қазандығы Ясный поляна селосы және Қосшы кентіндегі тұрғын үйлердің бір бөлігін жылумен қамтамасыз етеді. Соңғы екі жылу беру маусымы ойдағыдай өтіпті. Абоненттер санын көбейту үшін бу қазандығы жаңғыртылған. Қосымша бу қазандығы қойылып, жылу жүйесі магистралінің өткізу қабілеті арттырылыпты. Бір миллиардтан астам теңгеге бағаланған бұл жұмыс мемлекеттік-жекеменшік  серіктестік аясында атқарылған. Облыс әкімі тиісті басшыларға жылу беру маусымына дайындықты жандандыру қажеттігін тапсырды.
Өңір басшысы жұмыс сапарының соңында «Алтын дала» тұрғын үй кешеніндегі 45 пәтерлік тұрғын үйде болып, жетім өскен жастармен кездесті. Бұл үйде негізінен су тасқынынан зардап шеккен Ағанас ауылының тұрғындары тұрады. Мұндағы бос тұрған алты пәтер «Светоч» балалар үйінде тәрбиеленген жастарға берілді. Олардың арасында ерлі-зайыпты Ақжол мен Анжелика Есмағамбетовалар бар. Ақжол «Тұмар ресурс» серіктестігінде көлік жүргізушісі болып еңбек етсе, Анжелика сәбиімен үйде отыр. Облыс басшысы бүгінгі таңда өңірімізде 1670 жетім өскен жастар пәтер кезегінде тұрғанын, оларды пәтермен қамту мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті. Соңғы 5 жылда мұндай санаттағы жастарға 130 пәтер берілген. Биыл да жүз шақты пәтер беру жоспарда бар. Бұл мәселе үш-төрт жылдың ішінде шешілмек. Облыс әкімі аталмыш жастарға тәртіпті болу,  еңбекті сүю жөнінде ақыл-кеңесін айтты. Оларға көз қырын салып жүруді аудан әкімі мен тұрғын үйдің ақсақалына тапсырды. Жетім өскен жастар өз кезегінде мұндай игілікті істі жасағандардың бәріне алғыстарын білдірді.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар