Ертеңгі ұрпақты да ұмытпайық

БҰҰ  Бас ассамблеясының шешімімен 5 маусым Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні болып жарияланған еді.

1972 жылдан бері  бұл күн жылда осындай маңызға ие болып келеді. Ақмола облысы бойынша экология департаменті мен «Мирас» қоғамдық қоры биылғы Қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында экологиялық сенбіліктер, осы бағытта басқа да шаралар өткізуге бастама көтеріп, ол бастамамыз облыстың түрлі мекемелері мен ұйымдары тарапынан қолдау тапты. Тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаның тазалығына назар аударып, табиғат игілігін ұқыпты пайдалануға көптеген мекемелер мен кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдар жанашырлық танытқаны қуантады.
Айталық, «Көкшетау қаласының экосаябағы – 2020» саябағына 150 түп көшет отырғызу жөніндегі департамент бастамасын облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы мен «Қазгидромет» РМК түсіністікпен қабыл алып, сенбілікке аталмыш мекемелердің қызметкерлері бір кісідей атсалысты. Осылайша саябақ аумағы қоқыстан тазартылып, ағаш көшеттері отырғызылды.
Сондай-ақ, сәуірдің 21-інде өткен сенбілікте Көкшетау-Щучинск тас жолының бойындағы «Экологиялық саябақ» аумағы тазартылып, мұнда да ағаш көшеттері отырғызылды. Сенбілікке қаланың бірқатар мекемелері мен ұйымдарының ұжымдары қатысты. Астана-Қостанай жолының жиегі мен «Бұқпа» орман шаруашылығы аумағын қоқыстан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызуға облыстық экология департаментімен бірге, «Көкше» академиясының студенттері де белсенділік танытты.
«Қалаға сөзіңмен емес, нақты ісіңмен көмектес» акциясы шеңберінде қала көшелері мен аумағын тазарту, көгалдандыру сенбіліктері мен тазалық бейсенбіліктерін өткізуге қаладағы барлық мекеме және ұйымдар, оқу орындарының ұжымдары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері тартылды.
– Бұл көпшілік шара адамдардың туған қаласына, өздері тұратын көше мен үйге деген оң көзқарастарын көрсетіп берді, – дейді Ақмола облысы бойынша экология департаментінің басшысы Бірлік Қамбатыров. – Елді мекендерінің күл-қоқыстан тазартылып, көк желекке оранған көрікті келбетін кім қаламайды дейсіз. Сондықтан, қаланы тазарту, көгалдандыру және абаттандыру шараларына қатысқан әрбір адамға алғысымыз шексіз.
Мұндай шаралар тек облыс орталығында ғана өтіп қоймай, Астрахан, Атбасар, Ақкөл, Бұланды, Зеренді, Сандықтау, Еңбекшілдер, Қорғалжын аудандарында да сенбіліктер ұйымдастырылғанын, оған меншік түріне қарамай, барлық мекемелер мен кәсіпорындар қатысқанын да айта кеткен жөн.  
5 маусым еліміздің күнтізбесінде қызылмен белгіленген атаулы күн болмаса да, бүгінгі күні ол Қоршаған ортаны қорғау күні ретінде жұртшылықтың назарын аударып отырғаны құптарлық. Қазір әрбір адам экологиялық мәселенің қаншалықты өзекті екендігін жақсы біледі. Таза ауа, таза су, көк шалғынды дала мен жасыл желекті орман – мұның бәрі бізді ойландырады, толғандыра түседі. Ендеше, бізден кейін өмір сүретін ертеңгі ұрпақты да ұмытпай, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайықшы.
Күләш РАХЫМОВА,
Ақмола облысы бойынша экология
департаментінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар