Әнұранымызды білуіміз керек!!!

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай, облыстық «Арқа ажары» газеті тұрғындардың Әнұранымыздың авторларын, сөзі мен әуенін қаншалықты білетіндігі жөнінде  сауалнама өткізген еді.

Көшедегі сабылысқан адамдарды тоқтатып, 4 маусым күні қандай мереке, қандай атаулы күн екенін сұрағанымызда көпшілігі естеріне түсіре алмай аңтарылып қалды. Оларға бұл күн Мемлекеттік рәміздер күні екенін ескерткенде, «ә, солай екен ғой», «иә, енді есіме түсті», «білмейді екенмін» деген сияқты таңданыс пен күдік араласқан жауаптар алдық. Содан кейін Әнұранымыздың авторларын сұрап, мәтінін айтып беруімізді өтінгенде әртүрлі себептермен айта алмайтынын, ұмытып тұрғанын, уақыты тығыз екенін айтып, ақталып, сұрақтан қашып жатты. Әрине, араларында сыннан сүрінбей, асығыс, жүре жауап берсе де дұрыс айтқандары да болды. Сұрағымызға жауап бере алмаған азаматтар аты-жөндерін, қызметтерін айтудан бас тартып, суретке түсуден де қашқақтады.
Сауалнаманы Көкшетау қаласының ішкі істер басқармасының қызметкерлерінен бастадық. Басқарма алдында темекі шегіп, иә болмаса өзара әңгіме соғып тұрған жоғары шенді қызметкерлер басшылықтың рұқсатынсыз ештеңе айта алмаймыз, анау кіші сержанттарға барып, сауалдарыңызды соларға қойыңыздар деп бұлтарса, жас қызметкерлер үлкендерімізден рұқсат керек деп айналып қашып жатты. Ал, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері Жанна Құрманова екеуіміздің арамыздағы диалог былай өрбіді:
– Маусымның 4-і қандай күн екенін білесіз бе?
– Жоқ.
– Қазақстан Республикасының рәміздері күні
– А-аа…
– Әнұранның авторларын білесіз бе?
– Жоқ, білмеймін.
– Ал, сөздерін білесіз бе?
– Білемін.
– Екінші шумағы қалай басталады?
– Білмеймін…
– Бірінші шумағын ше?
–  Оны осы жерде шырқап бере алмаймын, кешірерсіз.
– Бірінші жолын айтып беріңізші.
– Ұмытып тұрмын…
Қызметкерінен мардымды жа-уап ала алмаған соң бөлім басшысы Жасқайрат Есләмбековке жолығып, келген мақсатымызды түсіндірген едік.
– Маусымның 4-і қандай күн екенін білесіз бе?
– Есімде жоқ.
– Қазақстан Республикасының рәміздері күні.
– Ымм…
– Әнұранның авторларын ше?
– Білемін, авторы  Әлібаев…
– Сөздерін білесіз бе?
– Білемін.
– Екінші шумағы қалай басталады?
– Ымм…
– Бірінші шумағын ше?
– «Менің елім, менің жерім» емес пе?
– Жоқ, ол қайырмасы. Бірінші шумағын айтсаңыз.
Ол қасында тұрған Дулат атты көмекшісіне жүгініп, «Дулат, қане есіме түсіріп жіберші», –  деді. Сөйтіп, екеулеп Әнұранның бірінші екі жолын айтып берді.
Облыстық білім басқармасының қабылдау бөлімінің хатшысы Гүлсара Керім жоғарыдағы сұрақтарымызға толық жауап бере алмады. Ол Әнұранның мәтінін білгенімен, авторларын есіне түсіре алмады. Есесіне сол басқарманың бөлім басшылары Нұрсұлу Балташева мен Ботагөз Дүйсеновалар Әнұранның сөзі мен авторларын мүдірместен айтып беріп, Әнұранның қадір-қасиеті туралы тебірене сөйлеп, ол орындалып жатқанда бойларын мақтаныш сезімі кернеп, рухтанып, жігерлене түсетіндерін жасырмады.
Әнұранды жастар жағы көп жағдайда біле бермейді дейміз. Бірақ, сыңаржақ пікірден аулақ болғанымыз да абзал. Себебі, білім басқармасының жас мамандары мен еңбек тәжірибесінен өтіп жүрген студент қыздар бұл пікірді жоққа шығарды. Басқарма қызметкері Мұрат Тоқсанбаевтан рәміздеріміздің авторларын білесіз бе деп сұрағанымызда ол:
– Әрине, білем. Елтаңбамыздың ба, Тудың ба? Әлде, Әнұранымыздың авторларын айтайын ба, –  деді. Әнұранның авторларын айтсаңыз болады дегенімізде:
– Бұрынғы Әнұран ба? Кейінгі Әнұранның авторлары керек пе? – демесі бар ма?
Оның әріптесі Есбол Төкеев те сауалдарымызға сүрінбей жауап қайырып, Әнұранның біз айтқан кез- келген жолын жалғастырып кете алды.
Басқармада тәжірибеден өтіп жүрген Мәдина Оралова да өзінің рәміздерге байланысты ойы мен пікірін анық жеткізді. Ол Қазақстан Республикасында тұрып жатқан кез-келген азаматтың мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, сыйлап, оның сипатын, мәні мен мазмұнын, авторларын және қабылданған күнін білуге міндетті екенін айтты.
Көкшетау қаласындағы «Глобус» сауда үйінің зергерлік бұйымдар сатушысы Альфия екеуіміздің арамыздағы әңгіме жараспады.
– Маусымның 4-і қандай күн екенін білесіз бе?
– Білмеймін, – деді күлімдеп.
– Ол күн Мемлекеттік рәміздер күні.
– Ым-мм, өте қуаныштымын, – деді кекесінмен.
– Әнұран авторларын білесіз бе?
– Жоқ, білмеймін. Менің  Қазақстанға келгеніме көп болған жоқ. Сол себепті менің уақытымды алмаңыз…  Анау Айжан деген кісіден сұраңыз, – деді.
Назарымызды Айжанға бұрған едік, оның да жауабына көңіліміз көншімеді. Маусымның 4-і қандай күн екенін білмейтін болып шықты. Ал, Әнұранның сөздерін де, авторларын да білемін, бірақ, қазіргі уақытта айта алмаймын, ойымның бәрі ғаламторда деп жүре жауап беріп, күле қоштасты. Жолай есік аузында опа-далап сатып тұрған Гүлдана Шәріпова да 4 маусымның нендей атаулы күн екенінен хабарсыз болып шықты.
– Әнұранның сөзін білмесем де, авторын білем, меніңше,  ол  Мұқағали Мақатаев, –  деп жауап берді.
Көшеде жолығып қалған Бақыт Сәминова есімді апаймен әңгімеміз әдемі өрбіді.
– 4-і күні қандай мереке екенін білесіз бе?
– Жоқ. Есесіне бүгінгі мерекені білем. Халықаралық балаларды қорғау күні деп күлді.
– Маусымның 4-і Мемлекеттік рәміздер күні ғой.
– А-аа, есіме енді түсті. Өткенде біреулер айтып жатқан…
– Әнұранның авторларын білесіз бе?
– Жоқ, білмейді екенмін.
– Ал, сөзін ше?
– Білемін. Бірақ, бірінші шумағы мен қайырмасын ғана білемін, – деді.
Біз ұзап кетіп бара жатқанда, әрі қысылып, әрі ақталғандай: – Енді  Әнұранымызды жаттап аламын, балам, айыпқа бұйырма, –  деді.
Осы елдің, осы мемлекеттің  шын пат-риоты болу үшін бәріміз де солай істесек, артық емес-ау!..

 

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны

 

сөзі: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
әні: Шәмші Қалдаяқов.

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар