Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жер – халық игілігі - АРҚА АЖАРЫ

Жер – халық игілігі

Көкшетауда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Жер реформасы жөніндегі комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы көшпелі отырысы өткізілді. Комиссия отырысына Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин қатысып, сөз сөйледі. 

Бұл көшпелі отырысқа Жер реформасы жөніндегі комиссияның отызға тарта мүшесі келді. Сондай-ақ, Ақмола облысының зиялы қауым, қоғамдық жұртшылық өкілдері, еңбек ардагерлері, департаменттер мен басқармалардың, мемлекеттік органдардың, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, «Нұр Отан», басқа да саяси партиялардың облыстық филиалдарының төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.
Комиссия отырысын кіріспе сөзбен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ашты.
–Біздің бұл сапарымыз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні мерекесімен тура келіп отыр. Мұны жақсылыққа балаймын. Оның үстіне бұл біздің аймақтарға шыққан алғашқы отырысымыз. Бабаларымыз мирас етіп кеткен жер мәселесі бәрімізді де толғандырмай қоймайды. Осы істе ортақ мәмілеге келуіміз қажет. Жер шетелдіктерге сатылған емес, сатылмайды да. Бұл – мемлекеттің берік ұстанымы. Сондықтан, жер мәселесінің осы бір жанды тұсын қайта-қайта қозғай бермейік. Жер кодексіне өзгерістер енгізудің негізгі мақсаты – жердің дұрыс пайдаланылып, елге игілік әкелуі. Осы өзгерістер халық арасында резонанс туғызуына байланысты Елбасы мораторий жариялады. Бұл орайда, жерге реформа қажет екендігін де мойындауымыз  керек. Біз бұл араға жер жөнінде дауласу үшін емес, ақылдасу үшін жиналып отырмыз. Мәселені қалай шешудің өнегесін, үлгісін көрсеткеніміз жөн.
Бұған дейінгі комиссияның үш отырысы да ашық, жариялы түрде өткізілді. Онда көптеген орынды пікірлер айтылды. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан арнайы штаб жұмыс істеп жатыр. Call-орталық құрылған. Оған бүгінгі күнге дейін 6,5 мың ұсыныс келіп түсті. Бұл ұсыныстардың 76 пайызы он сотық жер теліміне қатысты болып отыр. Тікелей Жер реформасын қозғағандары 6 пайыз. Келіп түскен осы ұсыныстардың бірде-біреуі ескерусіз қалмауда. Барлығы да қаралу үстінде. «Жер туралы» kz сайтына бір мыңнан астам ұсыныстар түскен.  Барлық аймақтарда халықпен кездесулер өткізіліп, онда айтылған ұсыныс-пікірлер жинақталып қорытылған соң, Парламентке қарауға ұсынылады. Комиссияның соңғы отырысында төрт бағытта құрылған жұмыс топтарының жетекшілері тыңдалды. Бүгінгі көшпелі отырыста негізінен екі мәселе талқыға салынбақшы. Оның біреуі ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға сату, екіншісі шетел азаматтарына жалға беру. Бұл жөнінде отырысқа қатысушылардың бәрі де өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын бүкпесіз айта алады. Ешкімді де бетінен қақпаймыз. Сондықтан, өздеріңізбен бүгінгі кездесуіміз ойлағандай деңгейде өтіп, өз жемісін береді деген сенімдеміз, – деді өз сөзінде Бақытжан Сағынтаев.
Бұдан кейін жиналғандар осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың хабарламасын тыңдады. Вице-министр слайдтар арқылы еліміздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің жай-жапсарына тоқталды. Қазақстанның жалпы жер аумағы 272,5 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 100,8 миллион гектар. Бүгінгі күні осы жердің 99,5 миллион гектары немесе 98,7 пайызы ұзақ мерзімге жалға берілген. Тек 1,3 миллион гектар (1,3 пайыз) жерлер ғана жекеменшікте. Елімізде босалқы мемлекеттік жерлер 100,1 миллион гектар.  Оның ішінде 83,2 миллион гектар ауыл шаруашылығы алқаптары бар. Бұл алқаптар  нарықтық айналымға тартылмаған күйінде қалуда.
2003 жылы Жер кодексі қабылданды, ол Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына ауыл шаруашылығы жерлерін меншікке алу құқығын берді. Мұндай ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге шекті мөлшерлер белгіленді. 2011 жылы шетелдіктер үшін жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі 50 пайыздан жоғары заңды тұлғаларға жерді 10 жылға дейінгі мерзімге жалдау құқығы белгіленді. Аталған нормаға байланысты шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерлерін берудегі талаптар күшейтілді.
Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында 2015 жылғы 1 қаңтардан бас-тап шетелдіктерге жерді жалға берудің ең ұзақ мерзімі 25 жылға дейін ұзартылды. Яғни, жалға беру мерзімін 25 жылға дейін ұлғайтуды көздейтін бұл норма бір жарым жылдан бері қолданылып келеді. Бірақ, осы бір жарым жылдың ішінде бірде-бір шетелдік жалға жер алған жоқ.
Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке-меншікке беру нормасын енгізгеннен бастап  барлығы 1,3 миллион гектарды құрайтын 27,8 мың жер учаскесі жекеменшікке берілген. Бұл пайдаланудағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің небары 1,3 пайызын  құрайды. Бүгінде агроқұрылымдар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің басым бөлігін жалға алу құқығымен пайдаланып отыр. Соның ішінде шаруа қожалықтары 57,5 миллион гектардан астам жер көлемін пайдаланатын болса, басқа агроқұрылымдар үлесінде 40,2 миллион гектар жер бар. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік тұлғаларға жалға беруде, жердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету және осы жерлердің шетелдіктерге өтіп кетпеуіне жол бермеу үшін тиісті заңнамаларда бірқатар шектеулер қойылған.
Отырыста келесі сөз кезегі Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровқа берілді.
– Біздің облысымыздың жер қоры
жердің барлық жеті санатын қамтиды және 14 миллион 621 мың гектарды құрайды. Жер қорының жалпы құрылымында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 10 миллион 564 мың гектар немесе барлық жердің 72 пайызына тең, – деді өз сөзінде шешен. – Тұтастай алғанда, облыс бойынша ауыл шаруашылығының айналымына тартылған 10,5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерінен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға 8 миллион гектар немесе 77 пайыз, шаруа қожалықтарына 2,5 миллион гектар немесе 23 пайыз жер бекітіліп берілген. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден бар-жоғы 82,0 мың гектар жекеменшікке берілген. Бұл ауыл шаруашылығы жерлерінің 1 пайызы ғана. Оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы нысандарына қызмет көрсету үшін сатып алынды. Қалған 10,4 миллион гектар немесе 99 пайыз жер уақытша ұзақ мерзімге пайдалану құқығында.
Облыста жер заңнамасына енгізілген өзгерістерді халыққа түсіндіру және талқылау мақсатында алға қойылған міндеттерді шешу үшін жұмыс тобы құрылды. Сонымен бірге, бекітілген кесте бойынша жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен жергілікті тұрғындарды қатыстыра отырып, барлық өңірлерде көшпелі аймақтық семинар-кеңестер өткізілді.
Облыста Қазақстан Республикасының жер заңнамасын түсіндіру жөніндегі Саll-орталық жұмыс істейді. Оған бүгінгі таңда  Жер реформасы бойынша – 4, жеке тұрғын үй құрылысы мәселесі бойынша – 30, ауыл шаруашылығы жерлерінің Жер реформасына қатысы жоқ  басқа мәселелері бойынша – 7, орталықтың жұмысы бойынша – 1, өзге де мәселелер бо-йынша – 9, барлығы 51 қоңырау түскен.
Телефон қоңырауларына жүргізілген талдау келіп түскен сұрақтардың басым көпшілігі Жер реформасына қатысты болмағандығын көрсетіп отыр. Тұрғындарды негізінен, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін бөлу мәселесі толғандыруда. Ақмола облысы бойынша осындай кезекте 100 636 адам тұр. Мұндай кезек Астана қаласының іргесіндегі Аршалы ауданында – 5996, Шортандыда – 5567, Целиноградта – 69 147, Көкшетау қаласында – 11748 және Бурабай ауданында – 4883 адамды құрайды. Бүгінгі таңда жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерінің берілмеуінің негізгі себебі қажетті инфрақұрылымның жоқтығында, әрі Астана қаласының іргесіндегі елді мекендерде осы мақсатқа жер қорының болмауында жатыр.
Облыста Жер реформасына қатысты мәселелер қоғамдық жұртшылық өкілдерінің, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен бүгінге дейін бірнеше рет талқыланды. Осы мәселе кең көлемде Қоғамдық кеңестің отырысында да қаралды. Аталған жұмыстың нәтижесінде Жер реформасы жөніндегі өзекті мәселелердің тізбесі жасалып, ол республикалық комиссияның қарауына жолданды. Осылай деп өз сөзін аяқтай келе, Қадырхан Отаров бүгінгі көшпелі отырыста да осы тұрғыда біраз құнды ой-пікірлердің ортаға салынатынына сенім білдірді.        
Негізгі хабарламалар тыңдалып болғаннан кейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев расында, залдағы жиналған қауымды осы мәселеге белсенділікпен үн қосуға шақырды.  
Алғашқы болып сөз алған еңбек ардагері Тельман Мұқышев Ақмола облысында еліміздің өзге аймақтарындағыдай, жер мәселесіне қатысты тосын жағдай болмағандығын,  бұған жастармен түсіндіру жұмыстарының жүргізілуінің әсері болғандығын тілге тиек етті. – Облыс әкімі ардагерлерді жинап, жерге қатысты мәселеге орай бүкпесіз әңгіме өткізді. Біз де өз тарапымыздан ой-пікірлерімізді ортаға салдық. Бұдан кейін жастармен кездесіп, насихат жұмыстарын жүргіздік. Қазір Жер реформасына қатысты комиссия құрылып, халық арасында түсінік жұмыстары жүргізіліп жатқаны құптарлық. Осы шаруаны дау-дамай болмай тұрғанда, алдын ала жасаған жөн еді. Өз басым жерді сатуға да, шетелдік азаматтарға жалға беруге де қарсымын. Ата-бабаларымыз жер үшін талай қан төккен жоқ па. Ендеше, сондай қиындықпен келген жерімізді сатып, қай жыртығымызды бүтіндейміз, – дегенді айтты.
Ерейментау ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин жерге қатысты талқыланып жатқан мәселелер жайында БАҚ арқылы хабардар екендігін, жер мәселесі барша қазақстандықтарды толғандыратынын айта келе, өзінің кеңес заманында жиырма жылдан астам кеңшар директоры болып істегендігін, сондықтан, жерге қатысты жайларды жақсы білетінін атап өтті.
– Шетелдіктерге жалға беруден бұрын, ең алдымен өз азаматтарымыздың жермен жұмыс істеуіне жағдай жасау қажет. Мен де шаруа қожалығын ашып, жермен біраз жұмыс істедім. Жерді өңдеп, онымен жұмыс жүргізу үшін қаржы қажет. Банктер кепілге бағалы мүлік сұрайды. Фермерлердің қолындағы ескі техникасы мен ауылдағы үйлерін кепілге алмайды. Сонда не істеу керек? Егер жер сатылатын болса, онда оны тек қалталы адамдар ғана сатып алады. Алматыда тұратын, өмірі жермен жұмыс істемеген байшыгештер оны банкке кепілге қойып, миллиондап ақша алады да, басқа мақсатқа пайдаланады. Ал, қарапайым халық тыс қалады. Сондықтан, өз басым жердің сатылуына түбегейлі қарсымын, – деді ол.
«Еңбек» ЖШС-нің директоры Қуаныш Рақышев заңдағы кейбір олқылықтар жайына тоқталды. Негізінен, мал шаруашылығымен айналысатын «Еңбек» серіктестігі күрежолдың бойында орналасқан. Жол салу үшін мемлекеттің қажеттілігіне шаруашылықтың біраз жері алыныпты. «Бұрынғы Жер кодексінде мемлекет қажеттілігіне алынған мұндай  жер үшін төлемақы беру қарастырылған еді, ал жаңа заңда ол алынып тасталыпты. Осыған орай, бұрынғы Жер кодексіндегі бап қалдырылса» деген өтінішін айтты басшы.
Ақмола өңіріне танымал экономист ғалым Қасымхан Құсайынов жерге қатысты мәселені саясатқа айналдырмай, дұрыс шешімін тапсақ деген пікірін білдірді. «Жерге қатысты проблема көп. Сол түйткілді мәселелердің бәріне назар аударылуы қажет. Мәселен, ертеректе жекешелендіру тұсында ауыл тұрғындарының бәріне жер үлестері берілді. Бірақ, сол үлестерінен халық жөнді пайда көрген жоқ. Түрлі компаниялар мен фирмалар халықтың үлесін пайдаланып, жерді жалға алады да, соның игілігін көреді. Осыған орай, заңда ауыл тұрғындарының өз үлесін нақты иемденіп, содан табыс табуы  қарастырылғаны жөн. Бытыраңқы ұсақ шаруа қожалықтары жерді иеленуін иеленгенімен, оны пайдалануға қауқарсыз. Сондықтан, Беларусьтағы сияқты бізде де кооперативтер құру қажет. Содан кейінгі бір назар аударатын мәселе, ауыл шаруашылығын басқаруды жетілдіру, қазіргі жүйені өзгерту керек деп білемін. Жерге инвентаризация жасап, оның тиімді игерілуін бақылауды күшейткен жөн болады», – деді ол өз сөзінде.
Жақсы ауданындағы ТНК агрофирмасының атқарушы директоры Алмас Сейітқазымов жерге меншіктің заң негізінде қорғалуы қажеттігін айтты. «Егер заңда жерді қайта алып қою жағы көрсетілсе, онда бірде-бір қалталы инвестор жерге ақша салуға бармайды», – деген пікірін білдірді ол. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда бұрынғыдай осы саланы қаржыландыратын Агроөнеркәсіп банкі сияқты арнайы қаржылық институт құрылғаны жөн деп санайды шаруашылық басшысы.
«Бараев атындағы Шортанды астық шаруашылығы орталығы» серіктестігінің бас директоры Жексенбай Қасқарбаев топырақ эрозиясына ұшыратқан жерді дұрыс пайдаланбау кеңес заманында орын алғандығына, соңғы жылдарда жер сапасын арттыру мәселесіне жете көңіл бөліне бастағанына тоқталды. Тың және тыңайған жерлерді игеру желеуімен кеңес заманында ауылдың іргесіне дейін жыртылып, жайылымдық жер қалмады. Егін шаруашылығы негізінен экстенсивті тәсілмен, яғни, жер алқабын көбейту жолымен жүргізілді. Қазір мұндайға жол беруге болмайды. Ендігі мақсат – жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру арқылы егін шығымдылығын көтеру деген пікір білдірді ғалым. Егін шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан қаржылай көмек керек. Өйткені, ұсақ шаруа қожалықтарын былай қойғанда, серіктестіктердің көбінде техникалары ескі. Содан келіп олар тұқым себуді технологияға сай 8-10 күнде аяқтаудың орнына, 15-20 күнге созады. Егін түсімінің және астық сапасының төмендеуі осыдан.
Журналист Дахан Шөкшір «Мен сонау Моңғолиядан келген қазақтың бiрiмiн. Қазiр Қазақстанның толыққанды азаматымын. Менiң айтайын дегенiм, Елбасы бастап берген ағайындарды көшiру тоқтап қалды. «Көш жүре түзеледi» деген сөз бар, бiздiң көшi-қонымыз түзелмей қалды. Жақсы идеялар бар, жақсы заң шықты. Бiрақ, заңның ережелерiнде қателiктер бар. Жер мәселесi жердiң үстiндегі адамның барлығына қатысты. Көздерi жаудырап жүрген қазақтарды алып келiп, сол бос жатқан жерлердi неге бермеске?  Өзбекстан, Қытай қазағы жер игерген қазақ. Олар жердің қадірін біледі. Игере де алады. Сондықтан, шеттен келген оралман ағайындарға жер бөлу мәселесін қарастыру керек» дегенді айтты.
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының мүшесі Бақыт Смағұлов өз сөзінде: «Шетелдіктерге жер сатылмайды десек те, халық өзіміздің азаматтарға сатылатын жерге де алаңдап отыр. Өйткені, «Азаматтық туралы» Заңның 16-бабында «Қазақстан Респуб-
ликасы азаматтарының ішінде жақын туыстарының бірі, баласы, оның ішінде асырап алған баласы, жұбайы, ата-анасының біреуі, апа-қарындасы, аға-інісі,  атасы, әжесі бар Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатында келген шетел азаматтары тұру мерзіміне қарамастан азаматтық алады» делінген. Егер де шетелдің азаматына жерді берсек, ол азамат біздің азаматпен тұрмыс құрса, одан туған ұрпақ Қазақстан азаматы болады. Оның туыстары да біздің азаматымыз болады. Сонда 50 жылдан кейін ұрпағымыз бізге не айтады? Соны ойлануымыз керек», – деді.

«Қостомар» тұрғын үй кооперативінің төрағасы Болат Төлепбергенов үй салуға қажетті жер телімін алу кезінде орын алған заңсыздық туралы баяндады.
Бір кезде Аршалы аудандық әкімдігінің рұқсатымен алынған жер телімдері кейін әлдекімдердің кесірінен заңдастырылмай, ақыры сотта дау-дамайға ұласқан. Ол осы мәселеге құзырлы органдардың назарын аударып, әділ шешім шығарылса  деген өтінішін білдірді.
Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Орынбай Ыбыраев өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарында жер үлестерін алған ауыл тұрғындарының бүгінде пайларынан айырылып қалғандығын, осы мәселе заң арқылы шешімін тапса деген ұсынысын айтты. «Бүгінде көптеген ауыл тұрғындарының пайлары түрлі серіктестіктер мен фирмалардың қолында. Жаңа заңға сәйкес, жергілікті жерлерде кооперативтер құрылуда. Ауыл тұрғындары сондай кооперативтерге жер үлесімен кірейін десе, басқаруға алған фирмалардан пайларын ала алмайды. Үкімет осы мәселені шешуге назар аударса екен» – деді ол.
Кәсіпкер Кеңесбек Бектасов ұзақ  жылдар бойы мал шаруашылығымен, оның ішінде ет өңдеумен айналысып келе жатқанын айтып, осыған орай, мал шаруашылығын дамытуға қатысты туындап отырған түйткілді мәселелерге қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Оның ішінде мал шаруашылығын субсидиялау, жайылымдық жер жөніндегі кедергілер бар.
–Мен ауыл шаруашылығы саласында қырық жылдан астам уақыт еңбек еттім, – дей келе, еңбек ардагері Қазбек Асқаров қазір жердің шынайы қожайыны жоқ екендігіне тоқталды. «Өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары құрылған шаруа қожалықтары қазір аяғынан тұрды. Оларға өз шаруашылықтарын дамыту үшін жалға алған жерлері аздық етеді. Ал, тағы жер алайын десе, ондай бос жер жоқ. Сондықтан, ондаған, тіпті жүздеген мың гектар жерді жалға алып отырған алпауыттардан субарендаға алып, гектарына 3-4 мың теңгеден ақы төлеуде. Сөйтіп, өздері егін екпейтін, жермен айналыспайтын әлгіндей алпауыттар түк істемей, ауадан ақша жасап жатыр. Осы орайда, жерді тиімді пайдалану жағы қатаң бақылауға алынуы тиіс».  
Ақкөл ауданындағы «Қара найза» шаруа қожалығының басшысы Гүлжан Баянаева Жер кодексіндегі жерді еліміздің азаматтарына сату және ұзақ мерзімге жалға беру баптары қалдырылуы керек деген пікір айтты. Сондай-ақ, ол «Мемлекет тарапынан егін және мал шаруашылығына жасалатын қаржылық қолдау тұрақты емес және қойылатын шарттары ұсақ шаруалар үшін тиімсіз. Менің 200 бас малым бар. Ал, малға берілетін субсидияны мал саны көп ірі шаруашылықтар ғана  алады, біздер құр қаламыз. Осы дұрыс па? Жердің тиімді пайдаланылуын қадағалайтын тәуелсіз жер инспекциясы болуы керек» деген пікірде.
Еңбек ардагері, кәсіпкер Қайыргелді Әкімбеков жерді бос жатқызбай, оны халық игілігіне жарату қажеттігіне назар аударды. «Бүгінде миллиондаған гектар жер арамшөп басып, бос жатыр. Бұл жағдай ешкімді толғандырмайды. Ал, жерді шетелдіктерге жалға беру туралы айтылып еді, осыған қатысты айқай-шу көбейді. Жерді сатуға да, жалға беруге де болады, бірақ, оны қатаң заң шеңберінде жасау қажет».
Жерге қатысты өз ой-пікірлерін елге танымал аға ұрпақ өкілдері  Болат Жанәділов пен Мейрамбек Қиықов та білдіріп, өз ұсыныстары мен тілектерін ортаға салды. Төрт сағаттан астам уақытқа созылған отырыста Көкшетауға келген республикалық  комиссия мүшелері тарапынан да түрлі пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Комиссия мүшесі Айдос Сарым бүгінде қалың көпшілікті толғандырып отырған жеке- меншік үй салу үшін қажетті он сотық жер  жөнінде  ой-пікірімен бөлісті. «Әлеуметтік мәселелерге қатысты дау-дамайдың ошағы осы он сотық жерге байланысты болып отыр. Сондықтан, бұл мәселе дұрыс шешімін табуы керек» деп атап көрсетті ол.
Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев: «Ауыл шаруашылығының тек жер арқылы ғана дамитынын, сондықтан, бұл  мемлекеттік маңызы бар өзекті  мәселе екендігін айта келе, «Ауылға қаржы бөлініп, көмек көрсетіліп жатыр, бірақ, сол ауыл неге дамымайды? Өйткені, жер дұрыс пайдаланылмай отыр. Жер – басты байлығымыз. Ол бос жатпауы керек. Жерді тиімді пайдалануымыз қажет. Сондықтан, оны жалға беру, сату мәселесінен қорықпаған жөн. Қажет болса заңдарымызды өзгертейік, қойылатын талаптарды күшейтейік».
Академик, қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев өз сөзінде: «Осы күні жер мәселесіне қатысты көптеген пікірлер айтылды. Оның ішінде келісетіні де, келіспейтіні де бар. Жер шетелдіктерге сатылған жоқ және сатылмайды да. Ал, жалға беру мәселесіне келетін болсақ, бұл жерде шарасыздық бар. Мәселен, кейбір жалға берілген жерлер толық игерілмей жатыр. Жаңа технология енгізілмегендіктен, астықтың шығымы 10-15 центнерден аспайды. Әрі кетсе 20 центнер ғана болады.
Ал, жерлерінің құнары біздікінен төмен Еуропа елдері гектарынан 50 центнерден өнім алып отыр.  Біздікі одан неге кем? Мұның бәрі инвестицияға келіп тіреледі. Осы инвестиция, жерді жалға беру  дегенде бірден аузымызға Қытай оралады. Кезінде ата-бабаларымыз «Қара қытай келсе, артынан қара жер қалады» деген екен. Бұл кезінде айтылса айтылған шығар. Біз қазір басқа заманда өмір сүріп жатырмыз ғой. Сондықтан,  бұл көзқарастан арылуымыз керек. Осы күні ауыл шаруашылығы саласын инвестициясыз дамыту мүмкін емес. Инвестиция салатын Қытайдан басқа елдер де жетерлік. Осы жағын дұрыс түсінгеніміз абзал» деп өз ойын қорытты.
Отырыста Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина жер заңдарына қатысты түсінік бере кетті. «Жер телімі мемлекеттің мұқтаждығы үшін қайтарылған жағдайда құнын өтеу туралы бап өзгеріссіз қалды. Ол норма әлі күшінде. Жер кодексінің  90-бабы кей санаттардағы жерді қайтарып алуға шектеу қояды.  Суармалы ауыл шаруашылығы жерлері кей жағдайларда ғана қайтарылуы мүмкін. Егер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру,  кеңейту қажет болса, сонымен қатар, аталған мәселені шешу жолы табылмаса, жалға берілген жер мемлекетке қайтарылуы мүмкін» деді ол.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Владимир Косарев бүгінгі ауыл шаруашылығының жағдайы туралы ашына сөйледі.  «Мен бүгін өзімнің туған жеріме келіп отырмын. Сондықтан, үндемей қала алмаймын.  Осы күні көптеген егістік жерлерді алған агрофирмалар немен айналысып жатқандығы түсініксіз. Жеке қораларында мал ұстап отырған адамдардың жайын ойлап жатқан жан жоқ. Біз жерді сататын болсақ, бүгінгі күні сатылатын жер де жоқ. Олардың барлығы қарпып жалға алып алған  адамдарда. Екінші деңгейдегі банктерге кепілдікке қойылған жерлерді айтсақ, оның қаншасы сол банктерде жатыр. «Богви» серіктестігінің құрамына өткен бұрынғы 70-ке жуық совхоз да осының зардабын тартуда. Жерді айтқанда, сол жерде тұратын адамдарды ойлау керек. Көптеген компаниялар егінін егіп, астығын алып, тайып тұрады. Сондықтан, біз Агробанк ашуымыз керек. Сол кезде агрофирмалар жерді екінші деңгейлі банктерге кепілге қоя алмайды».
Белгілі саясаткер Мұхтар Тайжан жер мәселесі дегенде, ең алдымен, ауылды көтеру жайына назар аударылуы қажеттігін айтты. Осы орайда, ол да шаруашылықтарды қаржыландыратын агроөнеркәсіп банкін қайта құру жөніндегі ұсынысын білдірді. Сондай-ақ, құқық қорғау орындарынан жер мәселесі үшін митингіге шыққандарды қудаламауды сұрады. Ал, танымал саясаткер Дос Көшім жерді сату қазақтың түсінігіне мүлдем жат екенін, сондықтан, жерді ешқашан сатуға болмайтынын айтып, кешегі митингілердің ұлтымыздың осыған деген жанайқайы екендігін жеткізді. Комиссияға хабарласып жатқандардың басым көпшілігі үй салуға қажетті он сотық жер жайында мәселе көтеріп отырғандығын, сондықтан, бұл мәселені оңтайлы шешуге жете көңіл бөлінуі тиістігін  баса атап өтті.
Есімі елімізге кеңінен танымал «Родина» агрофирмасы» серіктестігінің басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері  Иван Сауэр бүгінгі күні жұртшылықты толғандырып отырған ең басты мәселе – жайылымдық жердің жайы екендігін айтып, өзі көптен бері ұсынып жүрген «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» арнайы заң қабылданса деген пікірін ортаға салды. Ауыл тұрғындары үшін жеке шаруашылығын дамыту мәселесі өте маңызды, өйткені, халықтың әл-ауқатының артуы, жалпы ауылдың дамуы осы жағдайдың  дұрыс шешілуіне байланысты.
«Ижевский» өндірістік кооперативінің директоры, Социалистік  Еңбек Ері Ибрагим Жанғоразов жаңа заңнамада қазақстандықтар үшін жерді сатып алуға тиімді шарттар қарастырылғанын атап өтті. «Жерді отандастарымызға сату мәселесіне тоқталсақ, мұндай тәжірибе бүкіл әлемде бар. Азаматтарымыз үшін шарттары да тиімді,  жердің кадастрлық құнының 50 пайызын 10 жыл бойына бөліп төлейді. Шетелдіктер үшін жалға беру мерзімін ұзарту бос жатқан жерлерді тиімді игеруге септігін тигізер еді. Себебі, бүгінде елімізде кәдеге жаратылмаған жерлер өте көп».
Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин өз сөзінде  өңірде үй салуға қажетті жер телімін алу кезегінде 100 мың адамның тұрғанын  айтты. Ондай аумақтарда инфрақұрылымның болуы қажет. Сондай-ақ,   Елорданың айналасындағы  30 шақырым жер қала төңірегіне жатады. Осыған орай, Үкімет деңгейінде  нақты шешім қабылдау керек.  Яғни, тұрғын үйге қажетті жер телімдері осы 30 шақырымдық қала аумағынан тыс жерлерден беріледі. Егер біз дәл қазір Целиноград ауданы бойынша жер телімдерін сұрағандардың талабын орындағанның өзінде,  5 мың жер телімін ғана бере аламыз. Басқа жер жоқ. Онан әрі облыс басшысы «Бүгін өте маңызды мәселе талқыланды. Сондықтан, Көкшетауға келіп,  осындай алқалы жиын өткізгені  үшін республикалық комиссия мүшелеріне алғысымды білдіремін», –  деді.
Бұдан кейін комиссияның көшпелі отырысын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қорытындылады. Ол бүгін Жер кодексіндегі өзгерістерді талқылау барысында екі жаққа да пайдалы ашық диалогтың өрбігенін айта келе, отырыстың төрт сағаттан астам уақытқа созылуының өзі жер мәселесінің халықтың нағыз көкейіндегіні қозғайтын өте бір нәзік те шетін мәселе екендігін атап өтті. Отырыс барысында Жер реформасына қатысты көптеген құнды пікірлер айтылып, келелі ұсыныстар ортаға салынды. Соның ішінде жалғыз жер туралы ғана емес, жалпы, ауыл шаруашылығы саласын жүргізу, осы тұрғыда кеткен кейбір олқылықтарды көп болып ойластырып түзеу, жағдайлары жылдан-жылға мәз болмай отырған ауылдардың әлеуметтік дамуына жете назар аударып, олардың жайылым, пай мәселелерін шешу, ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржының бір қолдан дұрыс жұмсалуы үшін бұрын болған Агробанкті қайта қалпына келтіру сияқты проблемалардың да айтылған жерінде қалмай, мүмкіндігінше комиссияда қарала түсетінін жеткізді. Тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлу мәселесінің де халықты қатты толғандырып отырғаны барынша айқын көріне түсуде. Мұның бәрі ескеріліп, бүгінгі көтерілген мәселелердің қай-қайсысы болсын назардан тыс қалмай, мүмкіндігінше қаперге алына түседі деген басты тұжырым отырысқа қатысушылардың да көкейіне сенім ұялатып, үміт отын еселей түскендей жер қалдырды. Мұндай көшпелі отырыстар еліміздің барлық аймақтарында өткізілмекші. Осы орайда, Бақытжан Сағынтаев бүгінгі отырыста да байқалып қалғанындай, жерді сату-сатпау, жалға беру-бермеу мәселесінің өзі екіге бөлініп тұрғанын, әлі біржақты пікір қалыптаспағанын еске салып, комиссияның мақсаты халықтың бәрімен осы тұрғыда бүкпесіз, ашық пікірлесу, олардың ұсыныстарын тыңдай түсу екендігін ескертті.
Осылайша киелі Қараөткел, көрікті Көкше жеріндегі Жер туралы өткен алқалы бас қосу, ең алдымен мемлекетіміздің еншісіндегі ұлан-байтақ жердің осы елдің иесі болып отырған қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан басты байлығы, ұлт игілігі екендігіне бәріміздің де көзімізді айқын жеткізе түсіп, бұл мәселеде әрбір нәрсені жан-жақты ойластырып барып, бір шешімге келу қажеттігін айқын аңғартты.    
Комиссия отырысының соңында селекторлық режимде байланысқа шыққан аудандардың өкілдері де өз сауалдарын қойып, кейбір ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Мәжілістен кейін Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия мүшелері Бурабай ауданындағы «Есіл Агро» серіктестігінде  болып, шаруашылықтың еңбек тынысымен  танысты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар