Көктемгі егіс пен ҰБТ-ының қорытындылары сөз болды

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде  көктемгі егіс науқанының және ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары қаралды.

Облыс әкімі аппарат кеңесіне қатысушыларға алдымен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің  бұйрығымен Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің бастығы болып тағайындалған Ержан Сапарбекұлы Сәденовты таныстырып, қызметінің жемісті болуына тілектестігін білдірді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша есеп берген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан биыл көктемгі егіс жұмыстары жоспардағы 4,6 миллион гектар алқапта атқарылғанын, соның ішінде дәнді дақылдар 4,2 миллион гектарға себілгенін жеткізді. Картоп пен көкөніс тиісінше 18,7 мың және 4,4 мың гектарға орналастырылыпты. Жоспар бойынша көктемгі егісті 18 жұмыс күні ішінде аяқтау көзделсе, облыс диқандары сол үдеден шығып отыр. Көктемгі дала жұмыстарының уақытында, сапалы өткізілуіне облыстың жанар-жағар-
май қорымен толық көлемде қамтамасыз етілуі, жауапты науқанға 1076 өнімділігі жоғары шетелдік тұқым себу кешендерінің қатыстырылуы және олардың күшімен барлық алқаптың 60 пайызына дән сіңірілуі игі ықпалын тигізді. Сондай-ақ, «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰҚ» акционерлік қоғамынан бес миллиард теңге несие алынуы да жұмыс қарқынына оң әсер етті.
Облыс әкімі Сергей Кулагин осы мәселе бойынша өз сөзінде биыл жауын-шашынның біркелкі болмай тұрғанына алаңдаушылық барын жеткізді. Жаңбыр болған жерлерде арамшөп те тез бой көтереді. Сондықтан, егіс алқаптарын дұрыс өңдеуге осы бастан дайын болғанымыз жөн.
Аппарат кеңесінде ата-аналар мен мектеп түлектерін қатты алаңдатқан ұлттық бірыңғай тестілеудің де алдын ала қорытындылары шығарылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова баяндап өткеніндей, биыл орта мектеп бітірген 4329 түлектің 3245-і ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірген. Өткен оқу жылымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,5 пайызға артық. Тілек білдірушілердің бұлай көбеюі тамызда ҰБТ-ыны қайтадан беруге болатынына байланысты болып отыр. Бұл жаңалық жуырда енгізілген болатын.
Мектеп түлектері жауапты сынақты ойдағыдай тапсырулары үшін облыста күні бұрын тиісті дайындық шаралары жүргізілген. Алдын ала есеп бойынша биыл облысымызда ҰБТ тапсырудың орташа көрсеткіші 77,6 баллдан айналып отыр. Ол өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда (78,2 балл) 0,6 пунктке кеміген. Облыстың 11 ауданы бұл көрсеткішті былтырғыға қарағанда жақсартқан. Ал, сегіз аудан мен екі қалада нәтиже кем түскен. 673 мектеп бітіруші жоғары оқу орындарына түсуге қажетті балл жинай алмаған. Мұндай түлектердің саны барлық сынақ тапсырушылардың 21,5 пайызын құрайды. Ондай жолы болмағандардың саны басқа жерлерге қарағанда, Ақкөл, Атбасар аудандары мен Степногорск қаласында көп. «Алтын белгіден» үміткер 181 түлектің тек 73-і ғана өз білімдерін дәлелдеген. Былтыр 84 түлек осы биіктен көрініп еді.
Сала басшысының есебін тыңдай келе, облыс әкімі ұлттық бірыңғай тестілеудің кейбір қорытындыларына өз ой-пікірін білдірді. Мәселен, әдетте оқушыларының білім деңгейі жоғары болып келетін Степногорск қаласының облыстың кейбір аудандарынан төмен нәтиже көрсеткенін түсіну қиын. Бұл арада ҰБТ-ға кіргізер алдында және ол жүріп жатқанда шектен тыс тексерулердің де балаларға психологиялық кері әсері болуы мүмкін. Қалай дегенде де бұл мәселе әлі талқыланып, жеткен жетістіктер мен жіберілген кемшіліктер саралана түсері анық.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.                

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар