Арнасай – Қазақстандағы алғашқы «Жасыл ауыл»

1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының 27-сессиясының шешімімен белгіленген Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні бүгінгі таңда әлемнің жүзден астам елінде атап өтіледі.

Бұл тек кәсіби мереке ғана емес. Аталмыш мерекенің басты мақсаты қоршаған ортаның, жалпы табиғаттың проблемаларына әлемдік қауымдастықтың назарын аудару болып табылады. Осыған орай, нақты шешімдер қабылдап, ол проблемаларды оң шешудің жолдарын қарастыру бірінші кезектегі мәселелер қатарына жатады.
Жуырда облысымыздың Аршалы ауданындағы Арнасай ауылында бірінші Экологиялық фестиваль өткізілді. Халықаралық G-Global, «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалиция-сы», Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы және «Ақбота» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілген фестивальға Аршалы ауданының әкімдігі де қолдау көрсетті.
Қоршаған ортаға, табиғат байлықтарына қамқорлықпен қарау және «жасыл технологияларды» тиімді пайдалану  арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарта түсуді насихаттауды мақсат етіп отырған фестивальға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Энергетика министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің және басқа да мүдделі органдар өкілдері қатысты.
Аталмыш шараға жиналғандар осы Арнасай ауылындағы «Жасыл технологиялардың халықтық академиясының» жұмысымен танысты. «Жасыл технологияларды» пайдалануды қолға алып, бұл тұрғыда үлкен жетістіктерге қол жеткізе бастаған  бұл орталық бүгінде республикамыздан тыс жерлерге де танымал бола бастады. Осыған орай, Арнасай ауылы шын мәніндегі Қазақстандағы алғашқы «Жасыл ауылға» айналды. Мұндағы күн сәулесінен электр қуатын алу, көкөніс өсірудегі ең озық технологиялар алынатын экологиялық таза да, сапалы өнімдер өзгелерге үлгі болуда. Бір назар аударарлығы, мұнда қолға алынған істер ауыл тұрғындары арасында да кеңінен тарала бастады. Оның ішінде әсіресе, тамшылай суару, органикалық тыңайтқыштарды тиімді пайдалану сынды ауыл тұрғындары үшін өте қажет тәжірибелер бар. Сондай-ақ, орталыққа еліміздің әр аймақтарынан арнайы келіп, тәжірибе алмасушылардың көптігі де біраз жайды аңғартса керек. Тіпті, экономикасы дамыған елдердің өкілдері де келіп, мұнда қолға алынған жұмыстарға деген таңданыстарын білдіріп жатса, Арнасайда атқарылып жатқан жұмыстардың қаншалықты маңызды екендігін пайымдауға болады.
Фестивальға жиналғандар өзара пікір алмасып, «жасыл технологияны» кеңінен насихаттау, сол арқылы қоршаған ортаны қорғау мәселелері тұрғысында тәжірибе алмасты, ойларын ортаға салды. Ендігі мақсат «жасыл технологияға» ден қойған Арнасай ауылынан үлгі алған елді мекендердің қатарын көбейту. Фестивальдің де басты мақсаттарының бірі осы.

 

Талғат ҚАСЕН

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар