Бала еңбегін қанауға жол жоқ

Ақмола Медиа орталығында 1-12 маусым аралығында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқанының өткізілуіне байланысты баспасөз мәслихаты болып өтті.

Аталмыш шарада облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ольга Ковалева мен «Феминистская лига» қоғамдық ұйымының  жетекшісі Галина Морозова  кәмелет жасына толмаған балалардың еңбегін қанау жайында әңгіме қозғады.
Бүгінде қоғамды алаңдатып отырған бұл түйткілді мәселенің түйіні  шешілер емес. Қазіргі күні бала еңбегін қанаудың түрлері көбейіп, бір-бірімен сабақтасып жатқанын айтып  өткен абзал. Күн са-йын жаңа оқиғалар тіркелуде. Мысал келтірер болсақ, жуырда Атбасар ауданында үш кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектің заңсыз еңбекке тартылғаны анықталды. Ішкі істер органдары тергеу жүргізіп, істің мән-жайын тексеруде. Бала еңбегі тұтастай экономиканың барлық өндірістік және өндірістік емес салаларында пайдаланылып келеді. Бұл ретте, жас мөлшеріне сай емес, ауыр еңбекке негізінен халықтың әлеуметтік  осал топтарының, тұрмыс деңгейі төмен немесе толық емес отбасыларының балалары араласады. Жеткіншектер елгезектікпен, жұмысты тез тындырып тастайды. Бұл кәсіпкерлер үшін тиімді. Ал, оның баланың денсаулығына, психологиясына кері ықпалын ешкім ескермейді. Сол себепті, қоғамда балалар еңбегін қанауға  жол бермеу  қажеттігі туып отыр. Галина Морозованың айтуынша, қазіргі күні ата-аналар бар жауапкершілікті ұстаздарға артып, бала тәрбиесіне көп мән бермейді. Нәтижесінде, мектеп қабырғасында жүрген түлектің әрекетін қадағалайтын адамдардың жоқтығынан, олар көптеген келеңсіз жағдайларға ұшырайды. Баяндамашының сөзіне жүгінсек,  кейбір жеткіншектер  қоғамдық пайдалы еңбек пен қанаудың аражігін ажырата алмайды. Мәселен, мектеп ауласында жұмыс істеу мен өзге жерде  жүк артудың айырмашылығы жер мен көктей. Біріншісі,  жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеудің әдісі болса, екіншісі заңсыз әрекет болып табылады.
Осы орайда, ұлттық ақпараттық науқан бала еңбегін пайдалану проблемалары мен сипаттары жөнінде халықты құлағдар етпек. Әсіресе, бала құқығын таптау оқиғалары көптеп кездесетін жаз мезгілінде бұл мәселе өте өзекті. Балалардың жазғы  демалысын ұйымдастыру бала еңбегін қанауды алдын алуға септігін тигізер шаралардың бірі. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ольга Ковалева айтып берді. Ол облыс аумағында жаз басталысымен іске қосылған лагерьлер саны мен балалардың  қамтылу көрсеткішін сөз етті. Сонымен бірге,  баспасөз мәслихаты барысында ата-аналардың қатысуымен дөңгелек үстелдер мен семинарлар жиі өткізіліп тұратыны да айтылды.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар