Еңбегімен ер атанған

Бүгінгідей сән-салтанаты  жарасып, мерейі  асқан мынадай өміріміздің  тағанын сонау замандарда қалап, іргетасын сол кездері көтеріп кеткен аптал  азаматтарымыздың есімдерін ұмытуға бүгінгі ұрпақтың еш хақысы жоқ деп білемін. Егерде  айтылған қағидаттарды өрескел бұзсақ, онда намысымызға сына қағылып, өзіміз де оңбай қателескен болар едік.

Кешегіден де бүгінгі күніміз жақсы танылып отырғанда,  қазақтың сол  ұлан-ғайыр  даласына  елді  мекендер   салып, найқалған  мал мен  жайқалған  егін  өсіргендердің  бел ортасында  қорғалжындық  Төлен   Жұмабаев  ағамыздың  да  болғанын артында қалған ел-жұрты жақсы біледі, әлі күнге жадынан шығарған емес…  Ел  ішіндегі  сонау   жылдарғы ерен  еңбегінің   жемісіндей  Төкең  сол    кезде  өз ортасынан суырылып  шығып,  Қазақстан  Компартиясының  Алматыда  өткен  8-ші  съезіне  делегат болып  қатысты.  Сол  дәуірдегі  республика  басшысы  Дінмұхамед  Қонаевпен  жүздесіп,  ауыл шаруашылығын  одан ары  дамытудың   жолдарын   ақылдасқан  Төкең  ауылына  көтеріңкі   көңіл-күймен оралған.      
 Әсілі,  бұл  кісі туралы сөз бола қалғанда оның қиындыққа еш мойымайтын мінезділігі, жүрегінің жомарттығы мен адалдығы, абыройлы еңбегінің арқасында елінің қадірлі азаматы бола алғандығы турасында айтпай кету мүмкін емес. Жалпы, Төкең Астана маңындағы Қорғалжын ауданына қарасты Алакөл ауылында 1915 жылы дүниеге келген екен. Жаратқанның жазуы солай болар, жеті жасқа толмай жатып әкеден айырылған жеткіншек, қанаты қатаймақ түгілі бұғанасы бекімей жатып еңбекке араласады. Жастығына қарамастан жұмыстың ауырын да жеңілін де қатар атқара жүріп, тез шираған Төкеңді өз қатарластарына қарағанда еңбек тез есейткен секілді. Замана аңысын дұрыс пайымдай алған сезімтал жас етінің тірілігінің арқасында ауылдық бастауыш мектепті бітіріп алады. Ел жұмысына ересектермен қатар етене араласа бастаған Төкең сол кездегі Қайрат ауылдық кеңесінің жастар ұйымына жетекшілік етеді, осы тұстарда бойындағы алғырлық пен пайымдылықты байқаған басшылар көп ұзамай оны аудандық тұтынушылар одағына шақырады. Мұндағы жаңа орынға келген ол жұмысын қатардағы сатушыдан бастап одақтың басшылығына дейінгі түрлі сатыдағы қызметтерді абыроймен атқарып, ел ықыласына бөленеді.
Туғаннан жетімдік пен жоқшылықтың тауқыметін тарта өсіп, бесіктен белі шықпай еңбекке араласқан жеткіншекті әлі де алда талай ауыр күндер күтіп тұр екен. Бұл ел басына қара бұлттай үйірілген сұрапыл соғыстың жан төзбес ызғарлы жылдары еді. Әрине, соғыстың салмағы жалпыға ортақ, дегенмен елге басшы жұртқа жол сілтеуші болған Төкеңдей азаматтар үшін жауапкершілік жүгі нардың төресіне салмақ болғандай еді. Тылдағы мылтықсыз майданда да қажырлы  еңбектің ерен үлгісін көрсеткендердің бірі – осы Төлен Жұмабаев болды.  Отан үшін жаумен жағаласып, қан майданда жан алысып жатқан Кеңес жауынгерлерін азық-түлікпен қамтамасыз ету тыл еңбеккерлері алдындағы ең маңызды міндеттің бірі болды. Сол жылдары Төкең жетекшілік еткен мал өнімдерін дайындау саласы өздеріне жүктелген тапсырманы жүректерімен сезіне жүріп, абыроймен орындай алды. Түсінген адамға мұның барлығының астарында басшының білгірлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің жатқаны анық еді. Сұрапыл жылдары ел қорғаған ерлеріміз уақытында түстеніп, кешке аш жатпады десек, бұл істен де Төкең жетекшілік еткен ұжымның алақанының табы жатқанын жүрекпен сезінуге болады.
Әрине, елдің бетке ұстар азаматтарының барлығы да қолдарына қару алып, Отан қорғау жорығына аттанғанда азған ауылды одан бетер етпей, керісінше жұпыны ауылға жан кіргізер шараларды қамту, ағайын арасын бірлік пен бітімгершілікте ұстап отыру осы Төкеңдердің міндеті болды. Оның үстіне, «бәрі де майдан үшін» деген отты жылдары ауылдағы жұрттың барлығының ахуалы бірдей болған жоқ. Кейбіреулерінің тұрмыстары дұрыстау болса, кейбірінікі кейін кетіп жатты. Осы тұста да бар мен жоқты бірдей бөлісу, туыс арасын тату ұстау жас та болса елге бас болған Төкеңдердің құдай алдындағы міндетіне айналды. Міне, тек ертеден кешке дейін егін егіп, мал бағу ғана емес, сонымен қатар, адамгершілік қасиеттердің де сақталып қалуына себеп болғандардың бірі осы Төлен Жұмабаев десек артық айтқандық болмас еді.  
Төлен Жұмабаевты елге етене танытқан жаңа қырлары сонау тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңімен тұспа-тұс келді. Тыңайған жерлерге түрен салуға аттанған жас комсомолдар мен коммунистер қатарында Төкең де болған еді. Бұрынғы Целиноград облыстық «Арқа ажары» газетінің 2004 жылғы 26 тамызындағы нөмірінде алғашқы тың игеруші Төлен Жұмабаев туралы қорғалжындық «Жиырма бес мыңшы» аталатын мақалада жарық көріпті. Сол мақалада автор Төкең туралы былай депті: «1954 жылы ол мал дайындау кеңсесінің директоры қызметін атқарып жүрген-ді. Үйренген жайлы орнында жұмыс істей беруге болатын. Бірақ, туған жерінде басталған үлкен науқаннан тыс қала алмады. Дүбір шыққан алғашқы кезде-ақ «жиырма бес мыңшылар» қозғалысына қосылды». Иә, осы жолдарды оқыған кез-келген азаматтың жүрегіне Төкеңе деген ерекше құрметтің нұр болып құйылары сөзсіз деп ойлаймын…
Міне, осы жылы Төлен Жұмабаев аудандағы жаңадан ашылған «Путь к коммунизму» ұжымшарын басқаруға жіберіледі. Бұл шақ техника атаулының тапшы кезеңі. Нағыз мамандар да жоқтың қасы. Өзге де қиындықтар аз емес. Солардың бірі, әрине еңбекші қауымның әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін жетілдіру. Былайша айтқанда күрмеуін күткен өзекті мәселелер шаш етектен. Мұның барлығын түйсігімен түсінген басшы түйдек-түйдек проблемаларды аз уақыттың ішінде тігісін жатқыза шеше білді. Соның нәтижесінде сан ұлттың өкілі топтасқан үлкен шаруашылық айналасы бірнеше жыл ішінде аудандағы іргелі шаруашылықтардың біріне айналды.  
Елдегі бүгінгі көнекөз қариялардың айтуынша Төлен Жұмабаев осы «Путь к коммунизму» кеңшарын тың игерудің ең бір қиын кезеңдерінде табаны күректей жеті жыл бойы үзіліссіз басқарыпты. Кейіннен, яғни, 1961 жылы жақын орналасқан үш ұжымшар қосылып, «Ленин жолы» кеңшары болып қайта құрылады. Көпшілікпен жұмыс жасауды жақсы меңгерген, шаруашылық жүргізу ісінің майталман маманы Төлен Жұмабаевқа жаңа кеңшардың үлкен бөлімшесі Сабынды ауылын басқаруды жүктейді. Бөлімше деген аты ғана болмаса бөлімшенің жер көлемі мен халқы, оның атқарар жүгі кеңшардан кем болмаған. Ауыл шаруашылығына тән жұмыстардың қай-қайсысында болсын, яғни, егін салуда да,  мал басын арттыруда да тек өнімділікке бағыт ұстайтын Төкең үшін бөлімше жұмысы да өрлеп жүре берді. Әрине, Төкеңнің еңбек жолында қиындықтар аз болмаған. Бұл жөнінде сол кездегі облыстық «Коммунизм нұры» газетінің 1972 жылғы нөмірлерінің бірінде «Құдіретіңнен айналдым» деген көлемді очерк жарияланып, онда өзіміз сөз етіп отырған бөлімше басқарушысы  Төлен Жұмабаевтың қоғамдық мал басын сақтап қалу мақсатындағы ерен еңбегін тәптіштеп баяндайды. Сол очерктен сәл-пәл үзінді келтіре кетер болсақ, сарғайған газет бетіндегі очерк былайша сыр шертеді… «… Осылай әрең тиелген жүкті енді Майсуға жеткізу де машақат. Жол жоқ. Долбарға, тұспалға мықты Төлен мұндайда көштің алдына шығады да тракторшы жігітке бар дау-
сымен айғайлап, өзінің қай тұста келе жатқанын аңғартады. Трактор рулінде отырған Петр Рожков та Төлен мінген торының ізінен қалмай, ақырындап жүреді де отырады…» деп, Төкеңнің жанқиярлық еңбегін тамаша әрі сенімді суреттейді. Өйткені, арқаның тыныс алдырмақ түгілі көз де аштыртпайтын долы мінезді боранының апталап, айлап  өрши соғатынын өңір жұртшылығы жақсы біледі.
Бөлімшеге басшылыққа келген аз уақыт ішінде шаруашылық өңірдегі гүлденген елді мекенге айналып сала берді. Қаз-қатар сап түзей қалған ақ шаңқан үйлер, қора толған қолдағы төрт түлік мал, оған қоса аулаларда жеке көліктердің пайда бола бас-тауы Төкең басқарған ауылдың әлеуметтік-экономикалық тұрмысының дамығандығының көрсеткіші еді.  Сол  бір  жылдар  белестеріндегі   ауыл шаруашылығын  өрге  бастыра түсудегі    ерен  еңбектері  үшін  Төлен  Жұмабаев  Қазақстан  Коммунистерінің  кезекті 8-ші  съезіне   делегат болып  сайланған.
Ғұмырының барлық саналы кезеңін туған ауылының гүлденуіне, ел экономикасының өркендеп, халық дастарханының жүдемеуіне арнаған аптал азамат осы ауылдан зейнет демалысына шықты. Еңбекпен есейіп, азаматтығымен аудан жұртшылығына абыройлы болған Төлен ақсақал орныққан отбасының тірегі де болды. Жұбайы Бикен әжей екеуі тату-тәтті ғұмыр кешкен отбасынан 9 бала өсіп-өрбіген. Олардың барлығы да бүгінде туған жер топырағында тұрып жатыр. Бәрі де үйленген, балалы-шағалы, өсіп-өнген ұрпақ.
Төкеңнің көзін көрген, оның шапағатына бөленген ауылдас-тары мен әріптес болған жандар ол туралы, Төлен ақсақал жатты жақындастыратын, аразды татуластыратын, ауылдастары мен туғандарына үнемі қамқорлығын аямайтын жаны жайдары, жүрегі мейірімді нағыз қария еді деп, сағыныса еске алысады.
Алланың адам маңдайына жазып қойған ғұмыры өлшеулі деседі, дегенмен санаулы уақытты кейбіреулердің дұрыс өткізе алмайтынын осындайда өкінішпен еске аласың. Ал, біздің мақаламызға негіз болып отырған Төлен ақсақалдың өмірі қиындықтар мен қиралаңдарға толы болса да, ол өзінің адамдық, азаматтық келбетін сақтай алды. Тек қана сақтай алды деп тоқтар болсақ онда кем айтқан болар едік. Төлен Жұмабаев ақсақал өзінің ұлағатты өмір  тағылымдарын   соңындағы ұрпаққа үлгі болсын деп қалдырып кетті. Иә, өмір өтеді, адам да кетеді, бірақ оның жақсы істері мәңгі қалады деген осы болар…  Бүгіндегі  жаңа  заман құрып  жатқан  ұрпақтар арасында  осынау  Төлен ақсақалдың  да  ұлағатты  ұрпақтары  жүр. Солардың  бірі, Төкеңнің  туған немересі, баласы  Жеңістің қызы – Жанар. Ол  қазір  Қазақстан  Республикасы Президентінің  Телерадиокешенінде  режиссер  болып  жемісті  қызмет атқарып  жүр.  Елбасы,   Ұлт Көшбасшысы, туған  елін  барша  жұмыр  жер  жұртына танытқан   Нұрсұлтан Назарбаев туралы   тамаша  деректі  фильмдерді  жасап, көрермендердің  лайықты ықыласына  бөленіп  жүрген     Жанар  Қазақстанның  талантты  жастарына  берілетін   «Дарын»   сыйлығының  лауреаты.   Ата  жолын қуған  Жанар   өнегесі   осындай.  Еңбегіне адал   талантты  жастың,  ұлағатты  ұрпақтың  өнегелі  өрен  болуының   тамыры    кешегі    данагер  атасы  Төленнің   ғибратынан  тамыр тартып  жатыр.    Төлен    ақсақалдың  Жанардан  басқа  да  30  немересі   өсіп келеді. Олар  да туған елінің    дамуына адал  еңбектерімен  өз  үлестерін  қосуда. Бізді сол қуантады.

Смағұл  РАХЫМБЕК,  жазушы.
   
 Қорғалжын  ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар