Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ата-бабамыз жатқан бесік - АРҚА АЖАРЫ

Ата-бабамыз жатқан бесік

Кез-келген ұлттың өзіне тән ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, танымы болады. Алайда, оны берік ұстау мына жаһандану заманында қиынға соғып бара жатқандай.

Қалай десек те, ұлт болып сақталып қалу үшін осы құндылықтарымызды шетінетпей ұстау бірінші кезекте тұруы тиіс деп ойлаймын. Кешегі өткен Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпесе болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс айтатын алдымызда зор шарттар бар» деп жазған еді.
Сол ұлттық құндылықтарымыздың бірі – кәдімгі қазақтың бесігі. Оның сәбиге зор пайдасы бар екенін дүниежүзінің ғалымдары мойындап отыр. Ұлы бабамыз Төле би «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» деп кезінде шегелеп айтып кеткені белгілі. «Бесік – нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек. Бесікті Орталық Азия мен Кавказ, Үндістан мен Қытай жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі қолданады. Тек әртүрлі үлгіде жасайды. Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқының арасына ертеден тараған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам, әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені, арнайы орнатылған түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды. Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыс-тырып отырады. Шүмекті қойдың асықты жілігінен жасайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алады» деп жазылған 1999 жылы жарық көрген «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 2 томының 308 бетінде.
Соңғы кезде ұлттық бұйымымыз – бесікті қолдану аясы тарылып бара жатыр. Ауылдың қай шаңырағына барсаң да бұрынғы ескі бесіктер бар, ал, қалада ол жоқтың қасы. Сәбидің бойының таза болуымен қатар, оның ұйқысының тыныш болуына, ана құрсағынан жарық дүниеге келген соң табиғи өсіп-жетілуіне бесіктің көп игі әсері тиеді. Ана құрсағында сәби тербеліске түсіп жүреді, жарық дүниеге келген соң да бесікте тербетіліп, өз үйлесімін табады. Осыдан-ақ біздің халқымыздың ұлылығы көрініп тұрған жоқ па?!.
Өркениет-өркениет деп бөркімізді аспанға атып, шетелдің жағымды да, жағымсыз да жаңалығын бірден қағып алып, қолдап, соны пайдалануға әуес болып барамыз. Айтайын дегенім, өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарының орта кезінде қалада тұратын үлкен қызым жаңа туған жиенімді көрсетуге келе жатқанын хабарлап, бәріміз қуанып күтіп алдық. Түн ішінде мәре-сәре болып, құндақтаулы жиенімізді қолдан-қолға алып, бойын жазбақшы болып, орау-
ларын шешіп жатқанда, ол кезде әлі білмейтін «памперске» тап болдық. Осы «памперсті» қазір күні-түні қолданады. Бұқаралық ақпарат беттерінен оқығаным бар, әлемнің озық ойлы дәрігерлері «баланың денсаулығына зиян» деп памперсті қолдануға үзілді-кесілді қарсы шығып жатыр. Бірақ, ондайды тыңдап жатқан ешкім жоқ. Қайта көгілдір экраннан жарнамалап, жан-жақты насихаттау бір тыйылар емес.
Осындайда тағы да газеттен оқыған бір жағымды жаңалық есіме түседі. Оңтүстіктің бір азаматы батареялы бесік ойлап тапқан көрінеді. Батареяның қуатымен тербетілетін бұл бесік аналарға, әсіресе, қалалық жердегілерге өте ыңғайлы дейді. Ендеше, осындайды ойлап тапқан азаматымызға қолдау көрсетіп, үкімет тарапынан оның жаппай шығарылуына қаражат бөлінсе, бір ғанибет емес пе. Естуімше, біздің ұлттық құндылықтарымызға халықаралық патент алып, пайдаланып кетіп жүргендер бар. Қашанғы осылай бола береді. Үкімет осы жағын да бір ойластырса деймін. Жаңағы батареямен жұмыс істейтін бесікті қолдануға жол ашылса, көптің алғысын арқалайтын игі шаруа болар еді.

Амангелді ЕСТАЙ,
зейнеткер.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар