Әлеуметтік мәселе – басты бағыт

Бүгінгі таңда халықты жұмыспен қамту және елдің әл-ауқатын арттыру мемлекеттік маңызы зор мәселе болып отырғаны белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында адамдардың тұрмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік жағынан қорғау мәселелеріне үнемі баса назар аударылады.

Әлеуметтік тұрақтылықты және қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге жәрдемдесу, халықтың мүддесін ескеру мақсатында әрі Қазақстан Республикасының қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес облыста әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия құрылып, жұмыс істеуде.  Жақында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбековтің қатысуымен облыстық комиссияның кезекті мәжілісі өткізілді. Мәжілісте жұмыс берушілер мен жергілікті жерлердегі комиссиялар төрағаларының есептері тыңдалды.
Отырыста Степногорск қаласындағы «SARECO «БК» серіктестігінің, «Көкшетау әуе компаниясы» акционерлік қоғамының және «Зеренді Сервис» коммуналдық кәсіпорнының жұмысшыларға еңбекақы бойынша берешектерін жабуы, әкімдіктер, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасындағы өндірістік үдерістерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдігін қамтамасыз ету, жұмыстан босатылған қызметкерлерді әлеуметтік қорғау және жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мәселелері сөз болды.
Облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Жанат Ыбраев өзінің баяндамасында еңбекақыдан ең көп қарыздың  бірі «SARECO «БК»  серіктестігінде екенін, қазіргі күні оның сомасы 23,6 миллион теңгеге жеткенін айтып өтті. Ал, аталған кәсіпорынның директоры Алексей Шафрановтың уәжіне қарағанда, серіктестік әкімшілігі  «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамы және жапондық «Сумитомо Корпорациясымен» бірлесіп, «Өте сирек кездесетін металдардың концентраттары өндірісін іске қосу бойынша жол картасы» жобасын әзірлеп жатыр. Осы жобаны толық іске асыру кезінде кәсіпорын өндірістік жұмысын жаңартады, ал, бұл еңбекақы бойынша қордаланып қалған қарызды өтеуге де мүмкіндік туғызады-мыс. Дегенмен, комиссия мүшелері «SARECO «БК» серіктестігінің басшылығын бұл жұмысты тездетуге, сөйтіп, кәсіпорындағы жұмысшылардың еңбекақысы бойынша алашағын үш ай мерзімде өтеуге міндеттеді.    
Комиссия отырысында  «Көкшетау әуе компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Зеренді Сервис»  коммуналдық кәсіпорнының да жұмысшылар алдында тиісінше 29,6 және 2,6 миллион теңге сомасында берешегі бары анықталды. «Көкшетау әуе компаниясы» кәсіпорны директорының орынбасары Ерлан Құсайынов өз есебінде әуежайдың күрделі мәселелерін шешу мақсатында қазіргі уақытта облыстық әкімдіктің бастамасы бойынша Қазақстан Респуб-ликасы Инвестициялар және даму министрлігі тиісті көмек қолын созып жатқандығын мәлімдеді. Атап айтқанда, Астана қаласының әуежайына Көкшетау қаласының әуежайын филиал ретінде қосу жөнінде  Үкіметі қаулысының жобасы әзірленген. Мұның өзі әуежайдың қаржылық және материалдық қамтамасыз ету мәселелерінің оң шешілуіне, соның ішінде, еңбекақы бойынша қарыздардың болмауына оң әсерін тигізуі тиіс.  
Ал, «Зеренді Сервис»  коммуналдық кәсіпорнының директоры комиссия мүшелерін еңбекақы бойынша берешек мәселесі тез арада оңынан  шешіледі деп сендірді. Жалпы, осы отырыста қол қойылған меморандумдарды іске асырудың барысы қалай болып жатқандығынан облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова да мол мәлімет берді.
Жұмыс берушілермен меморандумда атап көрсетілген міндеттердің дұрыс орындалуы облыстық әкімдіктің және әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның ұдайы бақылауында ұсталуда. Қол қойылған бұл құжаттар облыста шамамен 92,0 мың адамның жұмыс орнының сақталуына мүмкіндік береді.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әсемгүл  Садыр өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  бес институционалдық реформасында белгіленген іс-шаралар туралы айта келіп,  әсіресе, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 88-қадамын іске асыру мақсатында қолға алынып жатқан ұйымдастырушылық-тәжірибелік және ақпараттық жұмыстардың аяқ алысынан хабардар етті. Соның ішінде «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша нақты іс-шаралар жоспары бекітілгеніне  назар аударды.
«Мемлекеттік саясатты ақпараттық сүйемелдеу» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған бұл тақырыптық бағыттарға 2 облыстық, 2 қалалық және 29 аудандық бұқаралық ақпарат құралдары  мен «Қазақстан-Көкшетау» облыстық телеарнасы жұмылдырылған. Сонымен қатар, эфирге кәсіптік және техникалық мамандықтардың маңыздылығы жөнінде әлеуметтік роликтердің шығуы қамтамасыз етіліп келеді. Облыс бойынша еңбек адамының мәртебесін арттыру мақсатында 50-ден астам іс-шаралар өткізілген.
Жалпы алғанда, халықты әлеуметтік жағынан қорғау, жұмыспен қамтамасыз ету, елдің әл-ауқатын арттыру сияқты стратегиялық міндеттердің нақты жолдары айқындалған 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарламаны жүзеге асыру осы орайдағы бірқатар өзекті мәселелерді  ойдағыдай шешуге мүмкіндік беретіні анық. Басқарманың бүгінгі таңда қолға алған  басты жұмыс бағыты да міне,  осы.

Шолпан РАХМАТУЛЛИНА,
облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы  басшысының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар