Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел жүгін арқалаған тұлға - АРҚА АЖАРЫ

Ел жүгін арқалаған тұлға

Қазақ халқы ұлы уақыт бедерінде талай танымал тұлғаларды дүниеге әкелді. Солардың бірі – арқалы ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов.

Мың өліп, мың тірілген қасиетті халқының үміті мен сенімін арқалаған, елі мен жерінің кешегісі мен бүгінгісі үшін басын бәйгеге тігіп,  сын сағатта ірілік, ұлағатты азаматтық танытқан бүгінгі заманның  айтулы  тұлғасы осы Олжас ағамыз. Оның шығармалары халқымыздың тарихының қайнар көзі болып табылады. Көрнекті ақын-жазушының «Жетісудың көне жазбалары», «Мың бір сөз», «Таңбалар тарихынан», «Түркологияның кейбір мәселелері немесе қате қағидалар», «Жазу тілі» сияқты тарихи және әдеби зерттеу еңбектері еліміздің әдебиеті мен ғылымына елеулі үлес болып қосылды. Оның өз халқының тарихының кем-кетігін толтыруға белсене кірісуі, осы орайдағы ерен құлшынысы жан тебірентерліктей. Бұл – ақынның ішкі жан дүниесі, ар-ожданының ғаламат көрінісі. Басқасын былай қойғанда, кешегі қылышынан қан тамған кеңес заманында «Аз и Я»-ны жазып, дүниені дүр сілкіндіру, ел рухын көтеру, ғасыр тажалы – Семей полигонын жабу қозғалысына жетекшілік ету үлкен ерлік емес пе?!.
Ол орыс кеңес әдебиетіндегі тарихқа деген ғылыми көзқарастарға өзгерістер әкелді. Сол кезеңнің жазушылары көркем шығармалар ғана жазумен болса, Олжас Сүлейменов көркемдік ізденіспен қатар, тарихи маңызды мәселелерге көңіл бөлді. Ақынның көкейкесті пікірлері тек баспасөз беттерінде жарияланып, кітап болып шығумен ғана шектелген жоқ. Ол көптеген  мінбелерде, ең бірінші кезекте Жазушылар одақтарының қабырғаларында өз пікірін ашық жеткізіп отырды.
Өткеніміз бен бүгініміз туралы тайсалмай айтып, ғылыми, тарихи тұрғыдан дәлелді сөйлеуі кімді де болсын, сескендіргені анық. Қанат қағар қыран болса, заңғар көк тарлық етпейді ғой. Ойшыл, ақын, түркі сөзінің білгірі туралы да осылай ойлайсың.
Олжас Сүлейменов  қалың қазақтың аманатына да адал болды. Ұлы Абай жерінде ядролық жарылыс-ты тоқтатуға күш салып, ел сенімін ақтап шықты. Кейін АҚШ, Франция, Англия, Жапонияға сапар шегіп, ол жақтан да жақтастарын тауып, Жаңа Жер, Невада, Моруроадағы ядролық сынақтарға мораторий жариялануына белсене атсалысты. Бұл шараларға Семей жұртшылығы, Қарағанды кеншілері, Өскемен металлургтері, Павлодар машина жасаушыларының да белсене үн қосқанын айта кету керек. Осы қозғалысты түрлі мемлекеттердің бейбітсүйгіш халықтары да  қолдағанын атап өткен жөн. Олжас Сүлейменовтың халық мүддесі жолындағы бұл батыл қадамын  ешбір ұмытуға болмайды. Елі үшін осындай үлкен жұмыстар атқарған ол саяси ұпай жинап, билікке ұмтылмады. 1994 жылдың көктемінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағалығынан бас тартуы осыны айғақтайды. 1993 жылы Олжас Сүлейменов басқарған «Қазақстанның халық конгресі» партиясы республика үкіметінің экономикалық реформасын сынға алды. Жоғарғы Кеңестегі осы партияның фракциясы әділ де батыл жұмыс істеді. Ол әрқашан «кім жеңілсе де, Қазақстан жеңілмесін» деген ұранды ұстанды.
Олжас Сүлейменов жетекшілік еткен «Қазақстанның халық конгресі» партиясының экономикалық бағдарламасындағы кейбір мәселелерді республика үкіметі өзі жүргізген реформада да пайдаланды.  Одан әрі айтулы тұлға әлемдік өркениеттің бесігіне айналған Италия мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалып, екі елдің өзара ынтымақтастығы жолында біраз жыл жемісті  еңбек етті. Шығармашылығына қоса, дипломатиялық жұмыстан қол үзбеген ол бүгінде Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі. Саясатпен айналыса жүріп, ақын өзінің жауһар туындыларын жазудан да қол үзген емес. Шығармаларын дүниеге орыс тілінде әкелетін Олжас ғажап дарын иесі, кең тынысты, озық ойлы ел ардағы.
Жаратылысы бөлек тұлғаның қай мәселенің болсын түйінін тарқатып сөйлейтіні ерекше сүйсінте түседі. Пайымы терең, зейіні мықты. Оның қайраткерлігі, ақындығы, азаматтығы – өзге отандастарына үлгі болар асыл  қасиеттер. Жуырда ғана Елбасы өз қолымен тапсырған Қазақстанның Еңбек Ері жоғары атағы сексеннің сеңгіріне көтерілген ақынның отандық әдебиетті дамытуға, қоғамымыздағы ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан зор үлесінің айқын айғағы.

Мөлдір ӘЛКЕН,
Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ақпараттық библиографиялық
бөлімінің библиографы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар