Кітапты сүй – жақсысын көңілге түй

Облыстық мәдениет басқармасы мен Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Көкшетау қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Тәуелсіз ел – зерделі Қазақстан» атты әдеби саябақ мерекесі өткізіліп, одан әрі бұл шара Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Жыл кітапханашысы-2016» облыстық байқауымен жалғасын тапты.

Әдеби саябақтың ашылу салтанатында әр ауданның кітапханаларының қызметкерлері ұлттық киім киіп, өздерін таныстырды. Бұдан кейін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева құттықтау сөз сөйлеп, жыл бойы оқырмандар арасында өткен «Үздік оқырман отбасы» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Әдеби саябаққа қала мектептерінің жазғы демалыс лагерьлерінде жүрген бастауыш мектеп оқушылары мен саябақта демалушылар келді. Оларға Шахмет Құсайынов атындағы театрдың актерлері түрлі қойылымдар қойып, көңілдерін көтерді. Ашылу салтанатынан кейін кітапхана ұжымы «Алтын кітап» және «Еңбексүйгіш» аллеяларын ұйымдастырып, ол жерде оқырман сұранысына ие кітаптарды алтын түстес қағазбен тыстап, оқырмандар назарына ұсынды. Мектеп жасындағы оқушыларға жыртылған кітапты желімдеуді, гүл отырғызып, оны күтіп, баптауды үйретті.   
Аудандардан келген кітапхана-шылар қала тұрғындарына қазақ-орыс ертегілерінен көріністер қойып, балалар әдебиетінен викториналық ойындар ойнатып, қатысушыларды кәдесыйлармен ынталандырды. Сонымен қатар, ұлттық ойындарымызды насихаттап, арқан тартудан, асық ойынының бірнеше түрінен сайыстар ұйымдастырылды. Көрермендерді «Даналық әліппесі» атты сөйлейтін қалам қатты қызықтырды. Жуандығы қамшының сабындай, ұзындығы бір қарыс қаламның екі-үш түймесі бар. Қаламмен басқарылатын кітаптардың әрқайсысына фольклорлық шығарма жазылған. Қаламның түймелерін басып, өзіңе керекті шығарманы таңдасаң болды, шығарманың аудио нұсқасы ойналады. Мұндай қалам мен кітаптар бүгін де қала  және аудан кітапханаларында да бар екен.
Театрда өткен кітапханашылар байқауында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева мен қазылар алқасының мүшесі, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек  құттықтау сөз сөйлеп, кітапханашы мамандығының әлеуметтік маңыздылығын арттыруға ықпал ететін мұндай шаралардың берері мол екендігін тілге тиек етті.
Байқаудың бірінші кезеңі – «Танысайық: Мен кітапханашымын!» деп аталды. Әр қатысушы өз өнерін, жұмысын ортаға салып, қазылар алқасының  назарына ұсынды.  Сайыстың «Өнерлі кітапханашы» деген екінші кезеңінде  кітап көрмелерінің орнына кітаптармен таныстыру жұмысының жаңа түрі – буктрейлерлер пайдаланылды. Буктрейлерлер оқырманға жаңа кітап ұсынуды, кітап оқуды насихаттауды, әдебиетті және интернетті біріктірген жеке жанр.
Әрбір сайысқа қатысушы осы жанр арқылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің негізгі кезеңдерін көрсететін, Қазақстанның ақын-жазушыларына арналған
бейнебаяндар дайындап әкелді.
Қазылар алқасының шешімі бо-йынша үшінші дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықпен  Жарқайың ауданының орталықтанған кітапханалар жүйесінің қызметкері Светлана Крылова марапатталса, екінші дәрежелі диплом мен және бағалы сыйлыққа Степногорск қаласының кітапханашысы Индира Арапбаева ие болды. Жүлделі бірінші орынды Сандықтау ауданының орталықтанған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Алена Задорожная жеңіп алды. Оған қоса, байқауға қатысқан кітапханашыларды ынталандыру мақсатында «Креативті кітапханашы», «Интеллектуалды кітапханашы», «Заманға лайық лидер», «Кітаппен сиқырланған», «Шығармашыл, шебер, өнертапқыш», «Сәтті дебют», «Көрермендер жүлдесі», «Үміт» сияқты аталымдар бойынша сертификаттар тапсырылды.

 Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар